бүгінгі сатира МЕН ҚАЛАЙ КЕҢЕСШІ БОЛДЫМ
бүгінгі сатира         МЕН ҚАЛАЙ КЕҢЕСШІ БОЛДЫМ

Бүгінгі сатира

МЕН ҚАЛАЙ КЕҢЕСШІ БОЛДЫМ

Сөтівиім  шылдыр ете қалса, тұла бойым «сылдыр» ете қалатын әдеті. Бұл жолы да тап солай болды. Шала туған баладай шалажансар сөтівіймнің «шыңғырғанда» ересек адамдай дауысы зорайып, дірілдеп – қалшылдап кеткені. Шабыт құшағында балқып отырғанда кәйіпті бұзып жіберетінін қарапайым жұрт қайдан білсін бұл неменің...

 Өлең сөзді әрең жазып, шабыт-кенін күнде қазып, ән шығарып азып - қажып жүрген адам да бір – қария секілді ғой. Сәл нәрсеге көңілі көтеріліп, сәл нәрсеге өмірі шегеріліп қалады. Бірнеше күн толғатқан жүрегімнен  жақсы бір әннің дүниеге келіп жатқан кезі еді, бүгін. Әннің ырғағына қарап отырып МС Сайлаубек есіме түсіп, көңілім босап кеткені де рас. Шиқылдаған ән нотасы сол айтса деп сұранып тұрғандай... Әйтседе әні мен сөзін өзім жазатын болғандықтан, «орындаушысы да өзің болсаң» деген қызғаныш - саусақ бүйірімнен түртіп қояды.

Сөтівійім емшек сұраған нәрістедей безілдеп әлі тұр. Қояр емес. Жылай-жылай сілікпесі шыққан баланы қолға алғандай, сөткімді еріне қолыма алдым.

–        Әлло-әлло? Тыңдап тұрмын?

–        Сәләмәтсіз бе? Сіз Даңғазабек Ақынсымақұлы Әншібековсіз бе?

 Үлбіреген нәзік үн жаныма жайдай жағып барады. Сызылған қыз баланың дауысы қандай...?

–        Иә, дәл төбесінен түстіңіз, қарындас!

–        Қылжақтамаңыз, Сіз Даңғазабек Ақынсымақұлы Әншібековсіз бе?

–        Айналайын – ау, егер сол пақырды іздесеңіз тап соның өзімін.

–        Сөзді көп созбайын. Сізді мазалап тұрған жаңадан құрылған «Кәкір-шүкір, алысқа түкір» министрлігінің баспасөзі.

–        Ойбай, құлдық, не бүлдіріп қойдық?

–        Ештеңе бүлдірген жоқсыз. Сүйінші хабарым бар, соны Сізге жеткізуге асықпын.

–        Сүйіншіңізге – бір ән. Азырқансаңыз екі ән атаймын... әрі кетсе бір сағат күтесіз..

–        Онда бопты. Уәдеңізде тұрыңыз. Айтайын дегенім, Сіз қазірден бастап «Кәкір-шүкір, алысқа түкір» министрі Жәйкелген Шендібекұлы Ақылыазовтың көмекшісісіз!

–        Ойбай не дейді? Ол жақта маған не бар?

–        Даңғазабек Ақынсымақұлы, сасқалақтамаңыз, сөзге құлақ түріңіз, Сізге уже бұйрық шығып қойды. «Шегінерге жол жоқ, артымызда Москва» дегенді білетін шығарсыз?

–        Білгенде қандай айналайын - ау. Бірақ мен министрге кеңесші болмақ түгілі, ауыл әкіміне орынбасар болып көрмеген адаммын ғой. Қалай болар екен?... Оның сыртында әнші-сазгер, ақын деген атақ-абыройым бар....

–        Біздің шефке де керегі осы. Ол кісіде жұмыс көп... Шаршайды... Күйзеледі... Ностроениесі түседі.... Сондай да қасында болып әніңізбен емдеп, жырыңызбен демеп жіберсеңіз жетіп жатыр...

–        Оның жарасы жеңіл ғой. Менің жұмысым сол ғой негізі. Мен ел мәселесін шешуге кеңес сұрап жатыр ма деп шошып кетсем...

–        Жоға, министрлік толы бюджеттен қаржы алып отырған мамандар. Кеңесшілік олардан артыла қоймас... Сіз пияр – менеджер болуға әбден лайықсыз? Сізді халық таниды. Әсіресе жастар әніңізге мас болып, қала көшелерінің шамдарын сындырып кетіп жүр. Елді тарту үшін телеарналар халықтың алдына әншілерді шығарып әлек. Содан кейін біздің министр Жәйкелген Ақылыазов та ойлана келе, Сізге «құда түсіп» отыр. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Хош сау болыңыз!

–        Қарындас, қарындас...

–        Гук-гук-гук... 

Қуаныштан жүрегім барабандай дүрсілдеп, сезімдерім сыбызғыдай сызылып, аяқтарым гармондай жиырылып отыра кеттім....Қалай болар екен?!,,,

 «Қазақстан дәуірі» газеті

Нағашыбай Қабылбек

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
1 ай бұрын 442
0 пікір
Блог туралы