ҰШАҚТА ТУҒАН ЖЫР
ҰШАҚТА ТУҒАН ЖЫР

 О, құдірет!

Көк аспанда
қажет пе осы құлшылық?
Мұнда баяу,
қозғалады тіршілік...
...Ұшақ кенет,
теңселіп ет,
дірілдеп,
"Ей, Алла" - деп,
күбір етті бір жігіт.

"Сақта, Алла" -
деп қалды бір қарындас,
оны қоштап күрсінді апай жалаңбас.
Сын сағатта,
бүлкілдеді бар жүрек,
өлім жайлы ойлап кетті,
талай бас.

Қауіп қайдан?
Мəлім бəрі Аллаға,
бірақ бізге жасамайды ол,
жарнама.
Біреу жетіп,
өлсем дейді Қағбаға,
біреу жүріп кете берер,
арбада.

Ажал қайдан,
келетіні беймәлім,
(Оған дайын тұра алар ма,
иманың?!).
Саған көмек бере алмайды
ешқашан,
ойдан - қырдан тірнектеп бар
жиғаның.

Жер мен көктің,
арасында келеміз,
Бірде ысып,
бірде суып денеміз.
Тағдырға біз,
көнеміз де,
сенеміз,
тани білсек,
аспанменен жер егіз!

Өлім жайлы,
ойламаған өмірі,
қазір көптің
пəс тартып тұр көңілі!
"Қалай, ертең шыдаймыз", - деп,
ах ұрдым,
"бір Алланың сынағына ең ірі".

Қара жерді басқан жандар,
алшаңдап,
тірі жанды көзге ілмеген,
қақшаңдап,
енді міне,
Алланы еске алғанда...
...жын-шайтандар,
тұра қашты ақсаңдап....

Шындықты айта алмасақ,
арға мін,
біз Алласыз,
баса алмаймыз қарға адым! 
Өмір - сынақ,
көкте,
тіпті жерде де,
бірақ соның,
сезе алмаймыз салмағын!

Білем достым,
көп қой сенің арманың,
ажал қай күн салар екен,
қармағын?! 
Құлшылықты жасау керек,
шынайы,
шыбын жаның уысында,
Алланың....

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
2 жыл бұрын 1018
0 пікір
Блог туралы