"Қазақстанда жасалған" бейәдеп жарнаманың көксегені не?
"Қазақстанда жасалған" бейәдеп жарнаманың көксегені не?

Ақпан айының басында Астанада өткен «Қайратты көшбасшы — қуатты бизнес» атты форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жылдан-жылға «Қазақстанда жасалған» деген өнімдерді арттыруға тапсырма берген болатын. Ақордада өткен кеңейтілген кеңесте де Үкіметке қазақстандық өнімді насихаттауды тапсырды. Бұл атау, жүрегімен сезінгенге елдің де даңқын дәріптеуге таптырмайтын жарнама. Әрине, Президент ар-ұятты жиып қойып, анайы көріністер арқылы өнімдеріңді жарнамала деген жоқ ешкімге.

 Шындығын айтайық, бұл шағын бейнеролик сәтті көрсетілім болмай тұр. Бұл нағыз масқара! Бұл ұлттық өнімді насихаттау емес, тұтас бір ұлтты қорлау боп шығыпты. Өзге халықтарға ұнамды болғанымен, бұл жарнама ар-намысы бар қазақтардың ашуын тудырады. Күні ертең осыны үлгі етіп, небір сорақы жарнамалардың бой көрсетпесіне кім кепіл?! Ұлттық өнімді жарнамалау үшін (өзгелер емес) қазақтың жігіті мен қызының «басты ролді» сомдауының өзі масқара ғой! Біреудің ақ некелі төсегіне жақындау қай ата-бабамызда бар еді?! Ер-азаматы жоқ үйге қазақтың қай баласы қона жатып еді, әйелінің қасына бармақ түгілі?! Халықты интимдік, эротикалық бейнероликпен «жалт қарату үшін» осындай қадамға барудың өзі қылмыс! Ұлттық өнімді «Қазақстанда жасалған» деп жарнамалау үшін неге көңілдестер, зина жасаушылар дәріптелуі керек?

 Ниет-пейілдері оң деуге келмейтін, ұлттық болмысы солғын, намысы таяз жандардың ғаламтордағы желісі арқылы ұлттық өнімді ашық жарнамалап жатуына «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр әзірге. Ғаламтордағы кез келген көрсетілімдер пікір жазушылар мен “лайк басушылардың” санымен өлшенетінін ескерсек, бұл шағын роликтің көп ұпай жинап алуы бек мүмкін. Өйткені эротикалық сарын бар. Оған есіргендер «осы бағытымыздан таймайық» деп, ұлттық өнімді жарнамалауда бұдан да сорақысын шығаруы әбден мүмкін. Мұндайларды ауыздықтап қана қоймай, қатаң жазалау қажет. Біздікі «қорыққан бірінші жұдырықтайдының» кебі ғой баяғы.

Сонымен «Қазақстанда жасалған» өнімдерді жарнамалуға көшкен бейне роликті көрсетуге дәтіміз бармай отыр. Тек жұқалап, көргенімізді қара сөзге түсіріп, «мұртын басып» ұсынбақпыз. Көрмеген боп өте шығуға дәтіміз бармады.

«Жалаңаш әйел мен жалаңаш еркек мамығы былқылдаған диванда тыныстап жатыр. «Шаруалары» әлдеқашан біткен. Екеуі де құштарлықтың шәрбатынан бойларына жайылған ләззатты қимай, бір-біріне үздіге түседі. Сәлден кейін еркек қолын басына қойып, «қиял әлеміне» сапар шексе, мауыққан жас әйел оның құшағына тығыла түседі. Бөлменің төбесіндегі үлкен желдеткіш айналып, салқын самал еседі.

Рахат! Рахат демекші, ыңырсыған әйел (қолын да жумастан, Еуропа киноларындағы көрініс, неткен жиіркенішті еді) диванға жақын тұрған үстелдің үстіне еріне қол созады. Сөйтсек, дастарқанда екі-үш қорап «Қазақстан» шоколады жатыр екен. Қасындағы жарнама қағазында “Кондитерская фабрика «Рахат». 12000 тонна продано в Казахстане за 2013 год!” (негізі 2014 жылы қанша сатылғаны әлі есептеліп жатқан болар). Астына қазақша «Қазақстанда ж-а-с-а-л-ғ-а-н» деп түрлі-түсті сиямен қатырып жазып қойыпты. Шоколадты (лас қолымен) шетінен омырып алған әйел, өзі аузына салмастан (Не деген махабат десеңізші!) еркектің аузына тығады. Ол да бірден қомағайлана бас салмай, интимдік бейәдеп күйге еніп, тілімен жалап, ерке әйелдің қылығына оның «қызуын» көтеретіндей пиғыл танытады. Бейнеролик осының бәрін ыңырсыған әйелдің үздіккен әуенімен әрлеп қойғанын қарасаңызшы! Кім көрсе де тұла бойын қоздырардай іс-қимыл.

 Дәулетті адамдардың шаңырағындағы болып жататын көріністерді несіне көрсетіп жатыр деген ой қылаң берері сөзсіз осындайда. Сөйтсек… Бұлар… Айтуға аузымыз бармай тұр… Кенет қоңырау шылдыр ете түседі. Осы сәттегі батырсынған еркектің түрін көрсеңіз. Көзі шарасынан шығып кеткен. Қоңырау тағы безілдей түседі. Бейнеролик осы кезде сыртқа ауысады. Есіктің алдында қоңырауды «шыңғыртып» бір дәу еркек тұр. Ары қарап тұрғандықтан, түрін көрмесеңіз де, арқасындағы «Муж» деген жазуға қарап, осы үйдің қожайыны екенін түсіне қоясыз. Іштегі еркектің ендігі халі түсінікті. Осы кезде бейнеролик жанталаса киінген «Дон жуанның» шалбарына тағынған белбеуін көрсетіп жатып тоқтай қалады. Ойбай, беліндегі белбеуі мен орындықтың арқалығында тұрған костюмі қандай ғажап! Әсіресе костюмі! Жарнаманың көкесі осындай-ақ болар. Костюмі «GLASMAN» для динамичных мужчин, Қазақстанда жасалған. (Барлық жерде тап осылай екі тілде жазылады). Отандық өніммен мұздай киінген жігіт балконға беттейді. Ойы — қалайда секіріп қашу. Жай кетпейді, әйелдің шашылып жатқан ішкиімдерінің ішінен көзіне түскен колготкиді беліне байлап қарғиды. Осы мезетте бейнеролик тағы тоқтап, жігіт ауада қалқып тұрып қалады. Сөйтсек, колготки “LA PERI” “Казахстанский продукт европейского качества” екен. Астында тағы Қазақстанда жасалғаны көрсетілген. Көңілдесінің күйеуінен қашқан сұрқия жігіт әйтеуір жерге ту биіктен аман түседі. Түскен бетте бейнеролик жігіттің аяғындағы сүліктей қара ботинкаға назарыңды аударады. Расыменен не деген мықты еді, жарықтық! Осы сәтте ролик тағы қатып қалады. Ондағы мақсат мынау екен.

“Соф” туфли Семипалатинской обувной фабрики, натуральная кожа”

 екенін еске салу. Қайта жан біткенде, жан ұшырған жігіт қымбат машинасына отыра сала гүр еткізіп, көзілдірігін киіп, газды барынша басып ұша жөнеледі. Байқасақ, жеңіл көлігі де осал емес. “KIA CERATO” собирается в Усть-каменогорске с 2010 года, Қазақстанда жасалған” тағы да. Неге екенін кім білсін, «қашқын жігіт» жарты жолға жеткенде машинасын сөндіріп, оның жүк салғышынан велосипед шығарып, әрмен қарай безеді. Жолда тастың ернеуінен қарғыған кезде бейнеролик тағы тоқтайды. Жігіт велосипедімен қатып қалады.

 “NOMAD” единственный отечес-твенный бренд спортивных велосипедов, Қазақстанда жасалған”. Тағы жүйтки жөнелген жігіт алдынан ашық-шашық шыққан қызды көріп, терезенің әйнегіне соғылып, «авария» жасайды. Бірақ шыны сынбайды. Қаншама жылдамдықпен келіп соғылғанда сынбаған не деген қуатты шыны еді өзі! Осы кезде шынының мықтылығы неде жатқаны көрсетіледі.

“Столичная стеклопакетная компания, Қазақстанда жасалған”

Біз неге ерінбей 1 минут 28 секунд көрсетілетін бұл бейнероликті тәптіштеп жазып жатырмыз? Ең алдымен, біз — ары мен ұятын бәрінен биік қоятын халықтың ұрпағымыз. Мұсылман үмбетіміз. Егеменді елдің азаматтарымыз. Алайда «біреудің қаңсығына таңсық» болып жүрген бауырларымыз көбейіп барады. Өкінішті жағдай, әрине. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» дегеннің кебі осы болып жүрмесін тегінде.

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
2 года назад 500
0 комментариев