80 пайызымыз әлі де «ов» пен «ев»-тің жетегіндеміз
80 пайызымыз әлі де «ов» пен «ев»-тің жетегіндеміз

Бауыржан Момышұлы кезекті бір қанды қырғыннан соң, көрсеткен ғаламат ерлігі үшін марапатқа ұсынылады. Күндердің күнінде жоғары командованиенің бұйрығы шығып, «Қызыл ту» орденін омырауына қадайды. Қаздай тізілген солдаттардың алдында өзін салмақты ұстаған Баукең, бұйрық қағазға көзі түскенде түсі сұрланып сала беріпті. Жалма-жан омырауындағы орденді ағытып алған батыр: «Кешіріңіздер, бұл орден менің адресіме жіберілмепті», — дейді жайбарақат.
— Қалайша? — дейді саяси жетекші, — сіздің фамилияңыз жазылып тұр ғой. «Қазақта Момыш деген есім жалғыз менің әкемде ғана емес шығар. Бауыржан деген ат та жалғыз маған қойылмаған. Мен Бауыржан Момышұлымын. Ал мына бұйрықта Бауыржан Момышовқа деп жазылған. Сол себепті орденді алудан бас тартамын», — депті батыр атамыз.
Неге мұны сөз етіп жатырмыз? Біздің бүгінгі қоғамда «ұлтшылмын» деп кеудесін ұрғанда «шаңын шығаратын» азаматтар жүр. Белсенділіктеріне «әп, бәрекелді!» деп ішің жібиді. Намысты ту еткен ондай жандар көпке үлгі, әрине. Алайда есімдерінің артынан шұбатылған «ев», «ин», «ов»-қа көзің түскенде, ұнжырғаң түсіп-ақ кетеді. Иә, бұл тіпті сөз етуге тұрмайтын нәрседей болып көрінер. Бірақ «ұлы мақсат» жолында жүрген адамның алды-артының «жұп-жұмыр, теп-тегіс» болғанына не жетсін, шіркін! Өзгелердің алдында жүзі де жарқын көрініп, сөзі мен ісі де биіктей түсер еді-ау сонда.
Бейресми деректерге жүгінсек, еліміздегі он миллионнан аса қазақтың сексен пайызы «ев», «ин», «ов»-ты әлі күнге «қастерлейді» екен. Одан айырылса, ырысы қашатындай, баласы мен немерелерінің туу туралы куәліктеріне ойланбастан «ев», «ин», «ов»-ты қонжитуға құмар көрінеді. Осының өзінен-ақ ұлттық санамыздың әлі күнге еңсесін тіктей алмай жатқанын түсіну қиын емес.
«Көпірден өтерде түйенің үлкені таяқ жейді» демекші, осы жерде елдің көз алдында жүрген ұлтқа үлгі, сөзінің «салмағы» бар, тұлғалық имиджі қалыптасқан көкелеріміз бен шенді-шекпенді төрелеріміздің «ев», «ин», «ов» сияқты Кеңес дәуірінде жұққан «шаңды» әлі күнге сілкіп тастауға мойындарының жар бермей жүргендерін қалай айтпай кетерсің?..
Иә, тәуелсіздіктің бастауына шөліркеп жеткен жылдары ататегіне де «төңкеріс» жасау жайлы бастама көтергендер болған. «Темірді қызған кезінде соққысы келген» кей азаматтар, «шырылдап» жатқанда, сол кездегі Парламенттегі мырзалар «жайшылықта ауыз жаппас, айт дегенде өлең таппастың» кебін киіп, үнсіз қалғанын халық ұмыта қойған жоқ. Соның зардабын енді тарта бастадық.
Ататекті өзгерту туралы сыбыстың бұрқ ете қалғаны сол екен, қалыптасқан дағды бойынша телеарналарда пікірсайыстар ұйымдастырылып, газеттерге сала құлаш «буы бұрқыраған» мақалалар басылып, әй, бір қызу науқан жүріп берген. «Сүт бетіне шығар қаймақтар» өз ой-пікірлерін ұсынып, тықпалағаны да есте қалыпты. Содан бері қаншама жыл өтсе де, заңмен бекіп, жүйеленбеген «тегі атауын» (фамилия) әркім өз қолайына икемдеп, көкпарға тасталған серкедей жан-жаққа тартқылап, жұлым-жұлымын шығарды. Баз біреулер «ев», «ин», «ов»-ты «қысқартып», әкесінің атында қалса, енді біреулері «тегі», «ұлы», «әулеті», «түбі» деген тіркестерді «жекешелендіріп», «патенттеп» алды. Қызды- қыздымен кейбір қасқалар «тегінің» артына туған қаласын «тіркеп», «қозы көш» атауды «сүйретіп», арабтарға ұқсап шыға келмесі бар ма?! Біздің еліктегіш қазақтардан бұдан да зорын күтуге болатынына осының өзі-ақ жарқын мысал.
Келешекте «ақылы кіріп» «ев», «ин», «ов»-ты «талақ» ететіндер кездесіп жатса, Бауыржан атамыз секілді «ұлы» болып қала ма, жоқ әлде, ата-бабасының «құлы» болып жазыла ма, ол енді өздерінің жүрек қалауы. Былай деп жөн сілтеу біздің құзырымызда емес. Десек те, бар қазақтың тұтастығы сақталып, ынтымағы арту үшін «тегі» атауы заңмен бекіп, бір жүйеге түсуі тиіс. Әйтпесе, сәнге айналған «тегі» атауынан халық шатасуға айналды.
Жоғарыда Момышұлын бекер сөз еткен жоқпыз. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік дәуірдің өзінде адами құқығын қорғап, әкесінің ғана ұлы емес, барша қазақтың нұры бола білген батырдан алар тағылым көп. Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманда «ев», «ин», «ов»-тан талақша жабысып айырылмай жүргендерге батырдың ғибратты ғұмыры үлгі болса, кәнеки!

PS: Көп қазақ «ов» пен «ев»-ті қимай жүрген жоқ, одан ада-күде құтылуға асық. Бірақ, біріншіден, қиынсынады, екіншіден, бұл «ұлыға» ауыссам, қалған құжаттарымның тағдыры не болады?» — деп уайымдайды. Біздің айтатынымыз — уайымдайтын ештеңе жоқ. Ауысу оп-оңай. Тек Халыққа қызмет көрсету орталығына барсаңыз, әлекедей жаланған ұл-қыздарымыз төлқұжатыңызды әп сәтте қазақыландырады. Заңдық тұрғыда басқа құжаттарыңыздың тағдыры ойдағыдай шешіледі. Орталық ол мәселені бүге-шігесіне дейін түсіндіріп береді.

Нағашыбай Қабылбек

http://www.kazakhstanzaman.kz

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
10 жыл бұрын 3563
0 пікір
Блог туралы