– Ал, енді қазақтағы бірінші классик кім екенін білесіз бе?
- Енді Бұқар, Абай.. – деп санай бастады ол (Сәбит Мұқанов).
- Жоқ. Бірінші классик Ахмет Байтұрсынов. Тіпті, Мағжанның өзі осыған қол берген, -дедім. Екінші ақын кім, соны айтыңыз?
- Мағжан, - деді.
- Үшінші ақын кім? - дедім.
- Бейімбет, - деді ол.
- Дұрыс емес, - деп тастадым.
- Қазақтың поэзиясында Мағжаннан соңғы ақын Жүсіпбек Аймауытов. Ол кісінің «Тән жүйесі, жан жүйесі» деген кітабын оқығандардың бірімін. Жүсіпбек-философ, психолог, ұлы педагог, ақын кісі болған. Оған документальный дәлелім бар. Ол кісі қазақтың бірінші гимнінің авторы.
- Арғы атам ер түрік,
Біз-қазақ еліміз,
Сары арқа сайран көл, жеріміз, – дегеннің авторы Жүсіпбек деп тастадым.
- Әй, әй, Бауыржан, – деп ол ашулана бастады.
Осы диалогтың аяғында Міржақып Дулатов туралы жақсы пікірін де айтып өтеді Баукең. Бұдан бөлек Баукеңнің мені қатты таңдандырғаны ойын ақ қағазға бүкпей түсіруі. «Майданда жүргенде Мұхтар Әуезов маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның» кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивымнан өзі ұрлап алып жойды. Оны мен ол кісіге еш уақытта кешірмеймін» деп бізге белгісіз бір сырдың шетін шығарады. Онымен қоймай «қазақтың ұлы перзенті» (Мұхтар Әуезов жайлы) тарауында былай дейді. «Я очень не доволен. М. Әуезовтың «Абайы» - ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл үлкен қате деп білемін. Құнанбай - ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Мен бұл ойымды Мұхаңа айтқанмын. Мұхаң әкесімен баласын бір-біріне қарсы қойды, - деп қынжылады Момышұлы. Егер Мұхтар Әуезов Баукең ойлағандай жазған күнде «Абай жолы» жарыққа шығарма еді, шықпаспа еді. Цензураның қасы қабағын баққан Мұхаң аңғал батырға қарағанда алысты барлауда ақылдырақ көрінеді. Ал Баукең Құнанбайға біздің заманның көзімен қарап, қиянатқа жаны шыдамай ара түседі. Ұлы қаламгер де Құнанбайдың заманынан озып туған жан екенін білмеді деп айтуға аузың бармайды. Теперіштің сан түрін көрген Мұхаң Баукеңнің алдында «ақталып» сақтығынан жаңылмайды. Әйтпесе Баукең айтылған сынға ғұламаның не дегенін жазып қалдырар еді. Қазақтың екі заңғар ұлының ұлтына деген адалдығына осы шағын мысалдың өзі жеткілікті сияқты. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарап отырып Баукең Мұхтар мен Сабитке ылғида қарсы келіп отырған деп ойлау ағаттық. Қаншалықты тентек болса да батыр Баукең ағаларының алдын кесіп өтпегенін, оларға деген інілік ізет ұстанғанын сөз арасында жиі-жиі айтып отырады. Біле білгенге батырдың әр қылығының тәрбиелік мәні зор. Сөйте тұра жақсы көрген адамына құлай берілу Баукеңе жат. Көңіліне ұнамаған нәрсені күлбілтелемей бетке айту - ол кім болса да Баукеңе ғана тән екенін естеліктерін оқи бастағанда сезінесің. Әділетсіздікке жаны қас Баукең осы кітаптың 195 бетінде Рақымжан Қошқарбаев туралы ойын былай білдіреді. «Қошқарбаев пен Болатов Рейхстагқа ту тіккен. Бірінші Пятницкий болған (баспалдағын басқан), содан соң Қошқарбаев, Болатов барған. Осы жерде әскердің үш жүзден астамы қырылып, үшеуі ғана қалған. Жалпы құрамында 6 адаммен жеңіс туын тігуге барғанның бірі грузин Кантария. Ту тігілді. Алтауына совет одағының батыры берілді. Болатов, Қошқарбаевқа берілмеді – олар ресми жіберілмегендер… Осының өзі әділетсіздік еді». Ойлары шашыраңқы болса да сезіп түйгендерін қағаз бетіне түсіріп қалуға тырысқаны байқалады батырдың. Кейін айналып соғып кең көлемді дүние жазу да ойында болған шығар бәлкім. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, Баукеңнің сөзінің шындығын уақыт көрсетті. Ресейдің өзі Рейхстагқа алғашқы жеңіс туын тіккен Қошқарбаев пен Болатов екенін ресми мойындағалы да көп бола қойған жоқ. Бұлда болса Баукеңнің қатып қалған кеңестік қасаң пікірді бұзуға талпынған шабуылының бірі. Өзінің де батырлық атақтан шеттетілгенін біле тұра, қандасының жоғын жоқтауы үлкен жүректіліктің белгісі емес деп көр. Алаш баласының бойынан жиі көргіміз келетіні де осындай ізгі қасиеттер екенін жасырғымыз келмейді. Бұлардан бөлек көп томдықтың 9-10 томындағы «Айтылмаған ақиқаттың» 1-2 кітабынан Баукеңнің жеке басына қатысты құнды деректер өте көп кездеседі. Бойына алаш рухы еккен дәнді Батыр атамыз мәпелеп ардақтап өткеніне естеліктерін оқып шыққанда көзіңіз жетері анық. Оқып шығыңыз ағайын. Алаштың ардақты батырының ғибратты ғұмыры барша қазаққа сіңісті болғай. Әмин!
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК