Жазушы Достаевский «Әлемді сұлулық құтқарады» деп жазды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ә.у) әлемге рахман нұры болып келіп, адамдарды мейірімге, адалдыққа, амантқа қиянат жасамауға, ғылым мен білімге шақырды.
«Әлемді сұлулық құтқарады» деген адамдардың көбі қазір коронавирус әлемге жайылғалы сұлулығын жасырып, ғылым мен исламға бас ұрып жатыр. Өйтпеске шарасы да жоқ. Өйткені Алла Тағала «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген. Сақтанбай көр, үрім-бұтағыңмен, зәу-затыңмен, елің-жеріңмен қоса жойылып кетуің ықтимал.
Енді әлемді сұлулық құтқаруы мүмкін бе? Әрине жоқ. Пендеәуи түсінікке салсақ, сұлулық – іңкәрлікке бастайтын жол. Сұлулық –құштарлықты оятады. Құштарлық – нәпсіні мазалайды! Демек, сұлулыққа сұқтанудың артында – жат пиғыл, арам ниет қоңсы жатыр деген сөз.
Ару қызын, сұлу келінін қызғыштай қорыған қазаққа бұл түсінік жат! Дана қазақ:
«Сұқтанба қапыда «сұлу» деп құр бетке,
Адамдық – ақылда, сұлулық – жүректе» дейді.
Қазақы танымда сұлулыққа сұқтану – жақсылық әкелмейді. Жай ғана бір - екі мысал.
Нәрестенің маңдайына күйе жағу, көпшілік жерде қалқалап ұстаудың өзі – үлкен тағылым.
Жаңа туған ботаны сырт көзден оқшаулайды қазақ. Өйткені өте сүйкімді жануарды көз сұғы шалқасынан түсіруі мүмкін.
Осындай дәстүрі бар халықтың аналары – қыздарын ешқашан ашық-шашық ұстамаған... тіл мен көзден қорғаған...
Ұлы орыс жазушысы, ойшыл Ф.Достоевский «Идиот» (нақұрыс) романында 18 жасар кейіпкерінің аузына «Әлемді құтқаратын – сұлулық» деген сөзді салғаны сол еді, қиялы ұшқыр, сезімі өткір, жалаңаштануды еркіндік деп бағалаған (Бәрі емес) еуропа халқы іліп әкетті. Содан бері әлі күнге жерге түспей жүр бұл ұшқары ой!.
Ал мейрімділік адамды жамандықтан құтқара ала ма? Әрине құтқарады. Бабаларымыз жақсы адамды суреттегенде «Жүзінен мейірімі төгіліп тұрған жан екен» деп суреттейді.
Қазіргі қоғамға мейірім ғана жетпей жатыр. Әйтпесе бәрі бар. Оған сағат емес, сәт санап көзіміз жетуде. Мейірімді жандардың қолдауымен коронавирус атты тажалмен күресте, мейірімділік пен қайырымдылық өз жемісін беруде.
Сөйтсек, әлемді сұлулық емес мейірімділік құтқарады екен –ау...
ПЫ-СЫ: Осы фб-да ислам дініне тіл тигізіп, мұсылмандарды қаралаушылар бар. Оларға айтарымыз, барлық нәрсенің Иесі бар, Ол – Алла! Құтқарушы сол ғана.
Біз аяғымыз аспаннан салбырап түсе қалған жоқпыз. Алланың қалауымен дүниеге келдік. Әке мен ананың мейіріміне бөленіп өстік. Мейірімнен алшақтап кетіп едік, жүрегіміз қатая бастады.
Сосын ғылымға ислам ешқашан қарсы болмаған. Алла Тағала ардақты пайғамбарға (с.ә.с.) жіберген алғашқы аятта да «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп бұйырады. Құранның тағы басқа аяттарында «Алла Тағала иман келтіргендердің, ғылым иелерінің дәрежелерін көтереді» десе, тағы бір аятта «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» дейді. Осыдан-ақ, көп нәрсе аңғарылып тұр емес пе?