ДІНДІ ҚАРАЛАП, БИЛІКТІ ТАБАЛАП ЖҮРГЕНДЕРГЕ ЖАУАП!
Әлеуметтік желі қазір қажеттен қалған «қалдықты тастайтын» орын секілді...
Ашуға булықтың ба, біреуге өкпеледің бе, ешкімнен ақыл сұрамайсың, аузыңа келген сөзді «аңыратып» жазып, «еңіретіп» сөгіп парақшаңа төге саласың. Рақат .
Бұл жазбамды «жүз мыңдаған адам оқып жатыр - ау, менің осы сөзім артықтау болды - ау» дейтіндер тым аз. Қайта, айызы қанып, коментін тексеріп, лайк санап отыратындар көбейіп кетті.
Сондай бір жазба қаңғалақтап, «қанатына оқ тиген құс құсап» әлеуметтік желінің ағысымен біздің алдымызға келіп қалыпты. Оқып шығып ойымыз - ойран, ақылымыз - айран болды. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп назар салмай - ақ өткізіп жіберуге болар еді. Бірақ орынсыз жала мен болымсыз айыпқа төзе алмадық.
Себебі Дариға Орынбасарова деген кісі мешітімізде айтылатын уағыздарды «Ертегіге» балап, өзінің діни сауатының өте таяз екенін аңғартып, ата дінімізге күйе жағуға тырысыпты. Енді дін маманы болмасақ та, дінім ислам деп өскен қазақ баласы ретінде, кешегі аталардан естіген, көрген тәлімімізді шама - шарқымыз жеткенше жауап ретінде жазбаққа бекіндік.
Дариға ханым былай бастайды жазбасын: «...Мынау 30 жылдан бері өте көп ертегі пайда болып кетті ғой. Бір жап-жақсы ертегіні айтып келе жатып, ортасына арабтың идеологиясын қосып жібереді. Біз адамдардың рухын езіп, ертегі еліне айналып кеттік. Еркектер мешітте отырып алып, ертегі тыңдайды, Құдай-ау... Сондай ұлтқа айналып кеттік. 30 жылдың ішінде қалың еркек еңбек етпей, технология ойламай, мешітке барып ертегі тыңдайтын дәрежеге жеттік. Ұят емес пе?!».
Жауап берейік: Біріншіден, мешіт Жаратушы Иеге жамағат болып құлшылық жасайтын киелі орын. Әркім өз жүрек қалауымен келеді, кетеді. Ешкімді қыстауға, уақытын алып ұстауға мүдделі молда жоқ. Имамдар уағыз айтса ислам тарихынан айтады. Дін таратудағы мұсылмандардың ғажайып ерлігі мен пайғамбардың өмір – тарихы, жарқын ғұмыры, исламдағы әдет пен әдеп, көркем мінезділік, қайырым мен мейірім, сыйластық пен татулық сөз болады. Бұл бүгінгі мейірімге сусаған, әділдікті аңсаған, қайырымға шөлдеген қоғамда, жанға жылу, тәнге қорек, санаға дәрумен емес деп кім айтар. Сосын уағызды арапша айтпайды, ана тілімізде жеткізеді. Негізінде таза қазақша сөйлейтін де, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүргенде дін мамандары екенін бір сәт естен шығаруға болмайды.
Екіншіден дариға ханым, жақсы сөз естіген адамның рухы езілмейді, керісінше рухы қуаттанады. Мешітке келген адам арап болып кетпейді ешқашан. Қайта қазақ болып туғанын мақтаныш етіп, дүниеге не үшін келгенін, тірліктің мәні мен сәні не деген сұраққа жауап табады. Өмір сүруге деген құштарлығы артады.
Әйтпесе (беті аулақ) өз бетімен күйзеліп, табан тірер бедер таба алмай, арақ-шарап ішіп, ақырында өзіне - өзі қол жұмсап жатқан жастар қаншама? Одан қалса адасып, түрлі діни ұйымдарға кіріп, жолынан адасқан ағымдарға ілесіп жүргендер жоқ деп кім айта алады?
Үшінші айтарымыз: «30 жылдың ішінде қалың еркек еңбек етпей, технология ойламай, мешітке барып ертегі тыңдайтын дәрежеге жеттік. Ұят емес пе?!» дейсіз. Бұл жерде сіз ұялатын дәнеңе жоқ. Себебі елімізде 19 миллион халық болса, оның ішінде 14 миллионы мұсылман дейік, (Осыны пайызға шақсақ) солардың мешітке келетіні 1 пайызға да жетпейді екен. Тек көпшілігі айт намазына, жұма намазына, тарауыққа қатысады. Бірақ соңғы жылдары Алланың қалауымен балаларын медресеге оқытып, өздері дінге мойын бұрып жатқандар көп екенін жасырғанымыз жараспас.
Дариға ханым ұят жайлы тілге тиек етіпті, онысы нысанаға дөп тимей тұр. Негізі әбес қылық, арсыз әңгіме, өтірік-өсек, «ертегі» арақ пен шарап жүретін ресторандар мен түнгі клубтарға тиесілі... Егер Дариға ханым айтқандай 30 жыл бойы еріншек еркектер мешітке қамалып отырса, елімізде қарилардың саны еселене түскен болар еді – ау...
Дариға ханым айтады: Біздің елімізде бір бас көтеріп шығатын ұл бала жоқ па? Біз неге ертегі тыңдаймыз? «Қойшы мына ертегіңді, «конкретно» нәрсе айтшы. Менің үйіме мынау керек еді, мен қазанды да өзім өндіргім келеді, орындықты да өзім жасағым келеді, қалай соған жетемін?» деу керек қой. Еркектеріміз неге езіліп кетті? Неге ертегіге әуес болып, езіліп бара жатыр? Қазақтың салтында ертегіні ата, әже айтады, молда айтпайды. Ертегі айту деген кәсіп емес.
Жауап берейік, бұл жерде Дариға ханым асылық кетіп отыр. Мешіт ешкімге кәсіп үйретпейді. Оны оқытатын арнайы мекемелер мен арнайы курстар бар. Тек, еңбек етуге, адал жолмен нәпақа табуға үндейді. Бала-шағаң үйіңде аш болып жатса, мешітке келіп азаннан кешке дейін уағыз тыңда демейді.
Ал уағызды ертегіге санау үлкен білместік. Ертегі деген – қиял-ғажайыптар әлемі, баланың ойын ұштауға, қиялына қанат бітіруге таптырмас дүние. Ата – әжелеріміз оны жақсы білген.
Ал уағыз – мүлде бөлек «ертегі». Оны тыңдаудың өзі бір ғанибет қой, шіркін!
«...Мешітке барып алып арабтың 7-ғасырдағы ертегісінен қорқып... Неменеге қорқады?! Сен ешкімге қиянат жасамасаң, ешкімді буындырып, ешкімді өлтірмесең, қанына қалмасаң, ешкімнің ақшасын алмасаң, сенде қайдағы күнә? Не күнә адамда? Біреудің ақысын алмасаң, түзу жүрсең, заңға бағынсаң, ата-анаңды сыйласаң, балаңа мейірім төксең, қайдағы күнә? Неге күнәһар сезінеді бізде қазақтар өзін? Неге бір жерге жиналып алып, ертегі тыңдайды? Мен түсінбеймін».
Бұл сөзіңізге айтарымыз, бәріміз де пендеміз. Исламдағы бес парызды ата-бабаларымыз толық орындап келді. Егер Сіз айтқандай «Ертегі» болғанда олар ақымақ емес, теріс айналып кетер еді ғой. Демек, ислам салт-дәстүрге қарсы болмағаны. Оған біз қалай қарсы шығамыз? Қарсы шықсақ бабаларға қарсы шыққан болып қалмаймыз ба?
Тағы айтарымыз, мына дүниеде мен пәкпін, мен күнәсізбін, мен тазамын деп ешкім де айта алмайды. Қасиетті құранда, адам баласын қателесу үшін жаратқаны жазылған. Демек, бәріміз қателесеміз, оны ислам бұйрықтарына бойұсыну арқылы ғана жуа аламыз. Сөйтіп қана тазара аламыз.
Мешітке біреуді өлтіргендер, ұрлық жасағандар, қиянат арқалағандар ғана келеді дегенді Сізге кім айтты? Мұныңыз артығырақ емес пе?
Дариға ханым айтады: «Жапонға берді. Түгі жоқ жапонның, астынан мұнай да шықпайды. Тек қана тәрбие, тіл, ұлтшылдық, өз мәдениетін жандандырумен ғана Жапония әлемнің ең озық мемлекетіне айналды. Жапония шетелге қарызды ең көп береді.
Біз неге сондай ұлттық мемлекетке айнала алмаймыз? Бізге беретін уақыт болды ғой. Аз азап тарттық па? Неге азап тарта береміз өзімізді күнәһармыз деп, арабтың кітабын оқып алып? Біздің не күнәміз бар? Бүкіл қазақтың Құдайдың алдында не кінәсі бар? Бізді төре де, Екатерина да, орыс та биледі. Езіп келеді, езіп келеді, езіп келеді. Енді 30 отыз жыл арабтың кітабы езіп келеді.
Болды ғой, қазақтар, болды ғой, қашанғы езіле береміз?! Қашан бас көтереміз? Біз де адамбыз ғой, біздің де Құдайдан алатын несібеміз бар. Шынайы Құдай әрбір адамның жүрегінде. Құдай беретінін мықты адамға ғана береді. Езілген адамға бермейді».
Бұл жолғы күйзелісіңізді адам ретінде түсінуге әбден болады. Иә, Жапония дамудың көшін бастап тұған ел. Олар исламнан алыс халық. Бірақ өз дәстүрі мен салтына берік. Мұхтар Әуезов жиырма жасында-ақ дәл айтқан: жапондар «ылғи іске жаралған халық», «тарамыс жігерлі, зейінді жұрт». Мұндай жұрт қандай қиындықты да жеңбей қоймайды. Бәлкім бізге олардан үйренер дүние көп шығар. Бірақ олар дінсіз емес. Мұнда халықтың негізгі бөлігі екі дінді – синтоизм мен буддизмді қатар ұстанады. Елдің өзінің түпкі діні – синтоизм. Буддашылдықтан жапондар ең алдымен мына дүниенің жалғандығы, тіршіліктің тұрақсыздығы мен өтпелілігі идеясын алған. Жапондардың торқалы тойды синтоизм рәсімдерімен, топырақты өлімді буддизм рәсімдерімен өткізетіні сондықтан. Ең бастысы – бұлар екі діннің жарасымды жымдасуына қол жеткізе алған. Демек, дін ешбір мемлекеттің қарыштап дамуына кедіргі келтірмейді деген сөз.
Олай болса біздің еліміздің дамуына, экономиканың өсуіне «араптың» кітабын ғана кінәлауыңыз түсініксіз? Жалпы құран арапқа емес, барша ғаламға түскен кітап. Осыны терең зерделеп алсаңыз екен. Жарайды, алайда қасиетті құранның бұл жерде қандай «кінәсі» бар?
Сіздің жан айқайыңызға қарағанда біздің еліміз заңы құранға байланған, халқы пайғамбар сүннетімен ғана жүретін, әр шенеуніктің жан қалтасында құран кітабы бар мемлекет секілді. Лайым солай болғай. Бірақ елдегі дамуды, прогресті, тілді, мәдениетті, ұлтшылдықты «араптың кітабы» мен оны оқыған адамдар шектеп отыр деуіңіз тіпті қисынсыз. Құран қайта жаңашылдыққа ұмтылуды, ғылым мен білімді сүюге шақырады. Олай болса қазақ халқының, әсіресе мына Сіз бен Біздің – тілімізді құрметтемеуіміз, парақорлыққа жақындығымыз, байлыққа мастанып дүниені қууымыз, мәңгі өлмейтіндей жанталасуымыз – құранды оқымағандығымыздан, пайғамбарымызды танымағандығымыздан, Алла көріп тұр деп қорықпауымыздан емес пе? Ойланып көрейікші , ә!
Нағашыбай Қабылбек