Бүгінгі сатира
Редактордың жедел тапсырмасымен елге танымал тұлға, әлемге мәшһүр кәсіпкер, мемлекеттік жоғары наградалардың иегері, тіл жанашыры ЕлдіЖеген Оңбағанов мырзаның алдында сұхбат алғалы отырмын. Қанша дегенмен алпауыт бай адам ғой, мысы басып, жанарымды жерден көтере алмай, тап бергелі тұрған арланның алдында бүріскен қояндай аянышты халге түсудемін. Алайда көзімнің астымен әр қимылын жіті бақылаудамын .
Менің бишара сұрқымды көрген ол, алғашында қарға құсап қарқылдап күліп алды. Көзі - түлкінің қараңғыда машинаның жарығына шағылысқан сәтіндей жанып тұр екен. Жүзі - өзінің қыран жетпес биіктігіне, теңіздей телегей байлығына риза кейіпте. Маңдайы - семіздіктен жылтырап көк шалғындағы таңғы шықтай быршып терлей беретінін аңғардым. Оны көлдей орамалымен әлсін – әлсін сүртіп, құрғатып әлек. Бірақ іштегі қызу буға айналып, сыртқа тебетіні көзге ұрып тұр... Қарыны – балабақшадағы сәбилердің ойын добы тәрізді, алдына «өңгеріп» алып отырғандай.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, өмірге риза кескінмен, сырттағы қайнаған тіршілікке барлай қарап отырды да, быртиған сұқ саусағын, қос ауыз мылтықтың ұңғысындай таңқы танауының біріне сұғып жіберіп рахаттана «тазалап» алып, «Ал, бала, сұрағыңды қоя бер?» демесі бар ма!
Мұндайды күтпеген басым, сасқалақтап, қақалып-шашалып: - Сіздің, отчествоңызды гугл - атадан сұрап таба алмадым ЕлдіЖеген, аға? – деп қойып қалмасым бар ма, аузыма жөні түзу сөз түспей және ұялған тек тұрмастың кебімен.
Ілезде өңі өзгеріп шыға келген ол: - Ә-ә-ә-ә, оның рас, бала. Менің әкемнің есімін көпшілік біле бермейді. Керемет адам еді ғой, жарықтық. Өсиеті бойынша жұртқа жария қылмай жүрмін. Әйтпесе, кез келген қалада ескерткіші қасқиып тұратын тұлға еді... Әттең, қу дүние –ай, интерпол деген бәле ғұмыр бойына соңына түсіп, ақыры түбіне жетіп тынды ғой. (Көзі жасаурап, дауысы дірілдеп отырды да) Дара жолды салып берген әкеме қарыз –дар – м –ы - н. Есімі – Жым – қыр – ғ – а - н еді ғой – деп еңіреп, ботадай боздап жөнелсін.
Жымқырғанұлы Оңбағановтың көңілі босаған сәтін көріп, оның да, ет пен сүйектен жаралған пенде екенін ішіме түйіп алып, (бойыма күш дарып) сұрақты автоматтың оғындай бораттым.
- ЕлдіЖеген аға, бизнестің қыр – сырын айта отырсаңыз? Бізге сол керек болып тұр ғой? Жан қинамай қалай тез баяуға болады? Оқырманға сол қызық - ау?
- Жоғарыда тірегің болса, миллиондар, миллиярдтар өзі – ақ сені тауып алады – деді көзінің жасын көлдей орамалымен сүртіп жатып. Сосын ентігін сәл басып, әңгімесін жалғай жөнелді: - Тек өзімшіл болма, қарағым. Қыран секілді жемтігіңді шашып же! Бөліс. Сонда ғана қанатыңды кеңге жаясың? Сараңдық санаттан шығарады, біліп қой. Қазақта бір сөз бар ғой, қалай еді анау, «тойған қарынға тыға берме» деуші ме еді...
- Ондай мақал – мәтел естімеппін туғалы, Жымқырғанұлы. «Ашыққан қарын тойынар» деген бар еді?...
- Дәл айттың. Сол ғой аузыма түспей тұрған. Ақшаға құнықпау керек, бала. Қоғамды құныққандар құртып жатыр емес пе? Қарным ашты екен деп, бас-көзге қарамай бюджеттің ақшасын жымқыратындарға лағнет! Адам деген сабырмен іс етуі керек қой, тарпа бас салмай....
- ЕлдіЖеген аға, елге танымал, сөзі дуалы, көпті көрген ел ағаларының бірісіз ғой. Неге осы шенеуніктер жемқорлықпен, парамен жиі ұстала береді? Оларға осы не жетпейді?
- Енді не десем болады? Жоғары да айттым ғой, тәрбиенің жоқтығынан. Бай әке баласына дұрыс жол көрсетпейді. Пара беріп, пара алуда да үлкен мәдениет бар екенін ескермейді. Ол да өзінше үлкен институт. Соны тәмәмдамайды көбісі. Тамыр – таныстыққа жүгінеді біразы... Арты дау – дамайға ұласады содан барып...
Не жетпейді деген сұрағыңа айтарым: Парақорлар қорқынышпен өмір сүретін қорқақтар ғой. Қай жағымнан тап береді деп үрей билегесін, ол, не өмір? Оны тек басынан кешірген адам ғана сезінеді....
- Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін? Бүгіндері өзіңіз алпауыт кәсіпкерсіз? Бұл жолдың кедір – бұдыры көп екені даусыз? Қалай танылдыңыз? Жұлдыз болудың ең оңай жолы не?
- Айналайын – ау, сұрағың неткен қызық еді? Бүгінде танымал болуға журналисттердің өздері қызмет етіп жатқан жоқ па? Анау Кесентаева мен Бұғалова, МС Айлаубек пен «Ұлы жердің ұрдажығы» Өреғалиды жер бетіндегі барлық қазақ таниды. Мен солардан кеммін бе? Жұтқыншағы «жұтынып» тұратын телеарналар мен газет -сайттарды жиі «майлап» отырсаң, олар жаны қалмай жарнамалай берсе, адам танымал болып кетпегенде қайтеді?! Мен де солай көзге түсіп, пысықтығымның арқасында осы күнге жеткенімді мақтан етемін. Шүкір – тоба!
- Көңіліңізге келмесін, ЕлдіЖеген аға, қазақта «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» деген тәмсіл бар. Естуімізше, сіз, бизнесті алғаш бастаған кезіңізде ұлтжанды, мәдениет пен өнердің, дін мен тілдің жанашыры болғанға ұқсайсыз? Сөйтіп, халықтың ықыласы мен риашылығына бөленіп жүріпсіз? Кейін, сізді бұл алаңнан жоғалтып алды жұртыңыз? Оған не себеп болғанын айта кетсеңіз?
- Сен де бір қайдағы – жайдағыны еске сала береді екенсің. Рас, биікке көтерілу үшін, халықтың қолдауы ауадай қажет! Білесің бе, халықтың қолдауы - трамплин! Ол лақтырса биліктің дәлізіне топ еткізеді. Ол үшін – шыңғырған шындық пен бақырған өсек –аяң таптырмас көмекші. Мен мұны терең сезініп, көңілі жадау, рухани шаршаған жұртқа айтысты көбірек ұйымдастыруға тырыстым. Жарлы – жақыбайға теген азық – түлік тараттым. Көп қой жасағаным. Айтпақшы, айтыскер ақындардың аузымен, қоғамның көлеңкелі тұстарын, күңгірт беттерін ашқыздым. Өзім тасада жүрдім. Шындыққа сусаған халық – мәз болып жатқанда, мен өз ұпайымды түгендеп үлгердім....
- Есіме тағы бір жайттың түсіп тұрғаны, ЕлдіЖеген Жымқырғанұлы? Сіз ертеректе берген бір сұхбатыңызда: «қазақ тілін биліктегі шенеуніктер қажет етпейді. Демек, тілдің дамуына басты кедергі солар» дегенге саятын ой айтыпсыз? Бірақ, ұзын құлақтан өз немерелеріңіздің орыс мектебінде оқитынын естідік? Мұны қалай түсінуге болады?! Бұл әрекетіңіз екі жүзділік емес пе?
Мен олай деп ойламаймын. Адам жас кезінде не айтпайды. Менің де қателігім көп. Кейін биліктің қолдауына ие болып, шаруашылығым оңала бастағанда көп нәрсені түсіне бастадым. Сөйтсем жоғарыдағылар, қызуқандылықты ұнатпайды екен. Олар бір күнді емес, бір айды емес, он жылдан әріні саралап ойлайды. Ал төмендегілер не нәрсенің де айтылған бетте орындалғанын қалап тұрады. Түсінемін, қу дүние жеткізбейтін шығар. Бірақ, нанға сары май жағып жемесе өле ме, бұл халық?! Шыдау керек қой... Осыны неге түсінбейді екен ә?
Жаңа тіл туралы сұрадың? Қазақ журналисттері нашарсыңдар. Өсу, өркендеу, іздену деген атымен жоқ сендерде. Тақырыптарың өте тар. 25 жыл бойы қайран қазақ тілі, ойбай, қазақ тілі деп зарлап келесіңдер. Қане, шыққан мүйіздерің? Өздерің жоқ жерден проблема шығарып, жиналасыңдар, талдайсыңдар, кіжінесіңдер, ақыр аяғында шулап тарқайсыңдар.... Анау, орыс тілді журналисттерге қарамайсыңдар ма, көздеріңді ашып? Ұлт, тіл, дін туралы бір жазбайды –ау, шіркіндер. Билікке де сонысымен қатты ұнайды. Миларын ашытпайды. Бірді айтып, бірге кете бердім – ау, жасырмаймын: немеремді орыс балабақшасында оқытып, орыс мектебіне бердім. Себеп: орыс тілі әлемге жол ашатын тіл екенін билікпен бірлесе жұмыс атқарған жылдарым ішінде терең түйсіндім! Орыс тілі - биліктен дәмесі бар адамның тілі. Орыс тілі - керем-е-е-е-т...
Осы кезде үстелінің сол жағында тұрған қара телефон «қалшылдап» кетті. Жалма жан тұтқаны көтерген ЕлдіЖеген Жымқырғанұлының дауысы өзгеріп сала берді. Маған кет дегенді білдіріп қолын сермеді. Сұхбатымның шырқын бұзған «дөкейге» ашулы кейіпте орнымнан көтерілген мен, Оңбағановтың бишара қалпына көзім түскенде, аяп кеттім. Маңдайынан аққан тер екі самайын қуалап, мойынға құйылып жатыр екен. Өзі желі шыққан доп құсап, телефон құлағында шөгіп барады. «Иә, иә, Бәленшеке, Түгеншевич! Әрине, әрине. Болады, болады. О не дегеніңіз! Бір ауыз сөзіңіз ғой. Қазір құстай ұшып жетемін. Еш алаңдамаңыз. Мақұл, мақұл... ».
Қазақстан заманы газеті
Нағашыбай Қабылбек