ЕВРЕЙДЕН ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРГЕН ҚАЗАҚ
ЕВРЕЙДЕН ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРГЕН ҚАЗАҚ

 

Өлі жүні түспеген бұлттар жамырай көшіп, жауын бүркіп, ызғырық жел азынай соққан қара күз еді. Жер лайсаң, ми батпақ. Қырқалар арса - арса. Еңсесі түскен тал-терек тұнжырап тұрған шақ. Күздің сондай мазасыз мезгілі - тін... Бұл шамамен 2018 жылдың қазаны айы.

Азынаған айғырдай жүйрік көлікпен нағашымның үйіне тұмсық тірей тоқтадым. Нағашымның балалары құшақ жая қарсы алды. Амандық – саулық сұрасып жатырмыз.

Менің екі көзім нағашымда. Алпамсадай нағашым Көшек, көптен көрмеген маған жүдеу көрінді. Бойшаң кісі еді, шөгіп қалыпты. Қақпақтай екі иық – қанатын қаусырған қыран тәрізді қушиып тұр.. Тек қырғи көзі ғана дәл баяғыдай өткір. Еті қаша бастаған жақ сүйектері шығыңқы. Сырқаты жанына әбден бататыны байқалады.

Нағашым көптен сырқат – тұғын. Ұялы телофон арқылы асқазаннан жаман ауруға шалдыққанын естігенмін балаларынан... (Нағашымның Алла берген 9 баласы бар екенін айта кетейін).

Нағашы апам да қуанып жүр. «Сен келсең нағашыңның көңілі көтеріліп қалады» деп қасымнан өте бере сыбырлады.

Нағашым сұсты кісі болса да көңілденгенде мейірімі жүзіне шығатын жан еді... Аңшылығы бір төбе!

Шәй іштік... Нағашым әңгімеші кісі. Әлде ескі көздердің бәрі сондай ма? Әйтеуір әңгімесін тыңдай бергің келеді.

«Бұл асқазан ауруы мені 36 жасымда (өзі 1936 жылы туған) ана дүниеге алып кете жаздаған. Бірінші Алланың қалауы, екінші бір еврей дәрігердің тәжірибесінің арқасында аман қалып, одан кейін 46 жыл тірлік кештім. Бір рет ыңқ етіп ауырған емеспін. Мына балалардың да көрешегі шығар» деп бір тыныстап алды.

Байқаймын, нағашым елеске айналған сағым жылдардың арасына сүңгіп барады.

–Адам үлкейген сайын әңгімелесетін адам іздейді екен. Іштегі шеріңді тарқатсаң бір жеңілдеп қаласың тағы да. Әңгіме көп қой, өткен өмірдің шаңын қаға берсек... менің айтайын дегенім, жас кездегі мас кездегі бір оқиға.

Мен өзі бір атадан жалғызбын. Және де алай-дүлей заманда туғанмын. Бір атадан тарайтын 5-6 шаңырақтың еркесімін. Ешкім бетіме келмей өсірді. Жалғыз болатын себебім, дүниеге келген сәбилердің көбі шешек пен сүзектен қырылып қалыпты сол жылдары. Колхоздың ауыр жұмысы да балаға қаруға, мәпелеуге мұрша бермеді ме, кім білсін, әйтеуір, мен шамаластардың көбі жалған дүниеге ілдебайлап әрең келгендер ғой...

Еркемін, серкемін, бар тапқан таянғандары менің аузымда... Осылайша ер жеттім. Еркелікте кейде шектен шықса тентектікке ойысады емес пе. Басымнан сөз асырмаймын баяғы... Бойда күш-қайрат тасып тұр.

Бұл еркелігім үйлі - баранды болғанда да қыр соңымнан қалмады. «Ауыру қалса да, әдет қалмайды» деген осы!

Балаларыма, сендерге, келер ұрпаққа сабақ болсын деп айтып жатырмын. Әйтпесе, бұл қайбір жетіскен мінез! Қайбір құдай сүйер қылық!

Өстіп астамсып жүріп от бастым. Ер - азамат болғасын, жаға - жыртысу, төбелесу кімде болмасын.

Сол көп төбелестің арты – үлкен жанжалға ұласты. Айта берсем көп әңгіме. Арақ иттің де кесірін айтпай кете алмаймын. Лағнет оған! Одан аулақ жүріңдер қарақтарым!

Сонымен оқиға былай өрбіді. Бір рулас ініммен керісіп, аяғында жұдырықтасып қан-жоса болдық. Содан кейін ол мені іздеп келіп, мен оны іздеп барып төбелесетін жағдайға жеттік. Осындай күндердің бірінде ашуға беріліп, өз-өзімді ұстай алмай сандықтың ішінде жасырулы жататын құс мылтықпен оны аяқтан атып құлаттым...

Оның арты қайдан жақсы болсын. Ел шулады. Ата-анам жер болды.

Туыс-туғанға қарабет болдым. Арақтың уыты қайтып, ашу-ыза арнасына түскенде, маңдайымды тасқа ұрып өкініштің уын іштім. Бірақ бәрі кеш еді...

Ол кездегі сот қандай... Әділ шешім шықты... 7 жылға сотталдым... Суық қару пайдаланғаным үшін...арақ ішіп қоғам тыныштығын бұзғаным үшін...

...Ең бастысы адам тірі...(өліп қалса не істер едім) Оқ – оң аяқтың жілігінің бұлшық етін жырып өткен...

Бұл да маған Алла Тағаланың ескертуі шығар... Тәубәма келдім... Жаным шырқырады... Рахатқа малшынып өткен өмірім көз алдымнан өтіп жатты....

Сөйтіп әке-шешемді, әйелімді, төрт баламды (Соңғысы емшекте) ауылға қалдырып, канвоймен Целиноградтың түрмесінен бір-ақ шықтым.

Мына көрініс те есімде: 37 – нің зобалаңын көрген, жалған айыппен он жыл отырып келген ағам бар еді, сол кісі сот шешімі шыққаннан кейін темір тордың қасына келіп: - Әй, Көшек, болар іс болды! Енді жүнжіме! Тағдырға не шара! Өз – өзіңе бекем бол! Егер отбасыңа аман оралғың келсе – мына жайттарды есіңнен шығарма! Ешқашан түрмеде арақ пен анашаға жола ма! Чифирь – мифирден аулақ бол! Денсаулығыңды күт! Түзу жүріп, түзу тұр! Сатқындық жасама, жалған сөз айтпа!» деді. Осы сөз маған қуат берді. Әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр!

Күндер өте берді. Түрмедегі төртінші жыл ұмытпасам, ұшындым ба, жоқ әлде сондай бір індет жайлады ма, ішіме ас тұрмай қатты ауырдым. Жалғыз мен емес, сотталғандардың көбі осы сырқатпен госпиталға жатқызылды.

Ем-дом қабылдағасын барлығы дерлік сауығып кетті де, көрші палатадағы орыс жігіт екеуімізге «асқазандарында жара бар, асқынған, ота жасалуы керек» деген диогноз қойылды.

Әкемнің үйінде жатқан жоқпын ғой кергитін. Басқа түсті, біз көндік деп мойынсұнып жатырмын.

Ол аздай асқазаны түскір бүріп, ішім алай - дүлей болып жанымды шығарып жатыр. (Кейін ойласам, бізге эксперимент жасағалы жатыпты ғой).

Бірінші таңдау орыс жігітке түсіпті. Ол байғұсқа түнде ота жасалып, асқазанының жартысын алып тастапты. Ота сәтсіз болды ма, жоқ әлде шынымен дәм - тұзы таусылды ма, әлгі орыс жігіті ұзаққа бармады. Түс ауа қайтыс болды деген хабар жетті.

Шынымды айтайын, маған өлім қорқынышты көрінген жоқ. Қорқынышты көрінгені, қаусаған ата – анам мен шиеттей төрт бала және әйелімді тастап кететінім ғана. (Ішімнен білетін кәлимамды қайталап - ақ жатырмын. Өйткені Алладан басқа кім маған көмектеседі?).

Адамға мұндай сәтте ой үйірсек келеді екен. Миымның іші, жұлын-жүйкем бәрі оймен арпалысып әлек. «Өлемін бе, тірі қаламын ба?».

Талықсып ұйықтап кетіппін. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, оянсам, керуетімнің қасында, «доктор Айболиттен» аунымайтын, шоқша сақалды, қоңқақ мұрын ақ халат жамылған егде кісі отыр.

Қаншама жыл өтті одан бері, ныспысын ұмытыппын. (Алла Тағала панасына алсын деймін оны. Бір қазақтың баласы болсада аман алып қалғаны үшін. Алла жіберген құтқарушым сол негізі).

Кейіннен естігенім, маған ота жасалады деген күні, Ленинградтан Целиноградқа тәжірибелі хирург келіпті. Оны жұқпалы ауру жайлаған түрме госпиталына жіберсе керек. Отан соғысында майдан даласында жараланған жауынгерлерге ота жасаған, көпті көрген қарт еврей дәрігер, осылайша маған тап болыпты.

Байқаймын жүзі жылы. Тамырымды ұстады, жүрегімнің қағысын тыңдады, сосын сұлық жатқан маған: - Бұл маңайдан қымыз бен балқаймақ табыла ма? – деді алғашқы сұрағы.

Мен бетіне бажырая қарасам керек, сұрағын тағы қайталады.

Алланың тағы бір кереметін айтайын осы жерде. Сол кезде түрмедегі тәртібім мен жұмысқа деген белсенділігімнің арқасында көзге түсіп, әйелімді екі баласымен қалаға алдырып, аптасына бір рет отбасыммен қауышуға мүмкіндік алып едім. Сол есіме түсіп қуанып кеттім.

– Онда - деді еврей дәрігер, – әйеліңе айт, қаланың маңында бие сауатын, сиыр бағатын қазақтар болса солардан екі литр қымыз, бір тостақан балқаймақ күнде саған әкеп тұрсын. Саған ота жасалмайды. Асқазаныңызда жара бар. Ол жараны кесіп алып тастағанмен, үнемі қимылдап тұратын бүрінің бітуі қиын. Сондықтан балқаймақ қосылған қымыздан кейін нәр татпайсыз, ораза ұстайсыз! Режимге бағынасыз - деп келте қайырды.

Содан қу жан үшін жанталасып, әйеліме «осылай да осылай қайдан тапсаң одан тап, маған күніне 2 литр қымызбен балқаймақ» керек екендігін жеткіздім.

Тың игерудің жанданып, шабындық жерлердің миллион гектарлап жыртылып жатқан кезі болатын. Байғұс қатын жанұшыра жүгеріп жүріп, Целиноградттың іргесіндегі бір ауылдан жалғыз биесін арқандап сауып отырған қарияға жолығады. Бір-екі бас сауын сиыры да бар болып шығыпты.

Қазақ бойындағы парасат пен мейірімнің, имандылық пен ізгіліктің әлі де тұғырынан түспеген шағы еді ғой.

Мән - жаймен қаныққан қария жылы шырай танытыпты. Бар айтқаны, «Қарағым, бие арқандаулы. Алысқа ұзамайды. Жуас. Құлыны да жуасыды қазір. Үйімізге жатып өзің сау. Сағат сайын идіруге кемпірімнің шамасы келмес. Белі ауырады. Біз қымыздың дәмін аңсағасын бие байлап отырмыз. Баяғыдай үйірімен ұстауға заман басқа. Жалғыз биенің өзін ұстау бір ақырет. Бізден кейінгі ұрпақ жылқы жоғалғасын, қымызды да ұмытып кетер ме екен - депті.

Нағышы апаң ауылдың қызы емес пе. Көзін ашқалы көргені мал. Оған бие сауу деген жұмыс па? Әлгі қариялардың қолына көшіп барды екі баламен. Шамасы келгенше қарттарға жәрдемдесіп, шәй-пәйін беріп, жалғыз бие мен екі сиырды алты ай жаз сауып маған жеткізіп тұрды.

Басында жүрегім нобып, құсқым келгенімен, бірте-бірте жүзім шырайланып, қымыздың уыты бойыма жайылып, өзімді тоқ санайтын күйге жеттім. Күндер өте келе әжептәуір әл жиып қалдым. Қорегім тек балқаймақ қосылған қымыз! Асқазаным кәдімгідей шұрылдауын қойып, қымызға қызып жатқанын сеземін.

Шамамен үш айдан кейін қойдың сорпасын ішуге кеңес берді еврей дәрігер. Осылайша алты айдың мөлшерінде кәдімгідей жер басып, қатарға қосылдым.

Бір күні еврей дәрігер Ленинградқа қайтатын болып, менімен қоштасуға келді.

Жөн сұрасып көп отырдық. Мен байғұс бар алғысымды жаудырдым оған. Ақ тілегімді аямадым. Шынында да ризашылығым шексіз еді...

Еврей дәрігер күліп отырып, қымыздың күші туралы, оның емдік қасиеті туралы көп нәрсе айтты. Бәрі бірдей есімде қалмапты.

Тек есімде қалғаны, мені қымызға балқаймақ қосып емдеуінің себебін сұрағанымда, – Егер сенің асқазаныңды кескенде сенде өлетін едің. Өйткені асқазан өте қауіпті ауру. Үнемі қозғалыста тұрады. Шипасы қиындау....

Ал қазақтар сендер жылқының еті мен қымызын баяғыдан жеп ішесіңдер. Ол сендердің асқазандарыңа жағады. Жұғады. Жатырқамайды. Жақсы қорытылады...

Мен сенің ауруыңның тарихымен танысқанда, басқа амалдың жоқтығынан осындай қадамға табан тіредім.

Содан кейін асқазандағы жараны балқаймақ пен қымызды қосып ішкізіп емдеуге бел будым. Ондағы ойым, қымыз асқазанға барып жараның бетін «тырнағанда», балқаймақ «жібітіп», «жұмсартып» отырады деген байлам еді. Өйткені қазақтар қолдағы күс пен жараны, сынықты қаймақ пен май, болмаса жылқының қазысы мен қаздың майын жағып жазады.

Ал қымыз ұлттық сусын. Қымыз ішкен қазақ иммунитеті қашанда жоғары...

Дегенмен нәтиже жақсы болды. Менде қуаныштымын – деп қолымды алды.

Еврей дәрігердің кейінгі тағдыры маған беймәлім. Мүмкін қазақтан жақсылық көрген көп ағайынның бірі ме екен?

Оны сұрамаппын. Өзі де ештеңе демеді. Жақсылық көруге лайық азамат еді дегенмен...

Ал әлгі қазақтың қарапайым шалы мен кемпірінің атын 46 жыл өтті ғой, бізде ұмыттық. Бұл да біздің кемшілігіміз. Дұғамызға қосып, күнде айтсақ та жарасар еді....

Жақсылықты тез ұмыту – қазақтың қанында бар ғой, жиенжан. Тойынғасын, аштықта жеген құйқаның дәмін ұмытып кетіп жатамыз. Осыдан сабақ алып, сендер жақсылықты ұмытпаңдар қарақтарым!

Осылай деп бір тыныстаған нағашым кенет:

– Мыналар – деді балаларын нұсқап, – мені ауруханадан жақында ғана шығарып әкелді. –– Жазыласыз, көке - деп алдарқатады. Мен ештеңені білмейтін, түсінбейтін адамдай.

Еврей дәрігер емдегеннен кейін бұл асқазан, талай рет кесек – кесек ет жеді, тілім-тілім май жұтты. Былқ етпеді.

Сол кезде 36 жаста екенмін. Бір ретте сыр берген емес. 46 жыл тоқтаусыз жұмыс жасады. Енді міне, бұл бишара асқазан да қажыды. Шаршады....

Тағдырыма өкпем жоқ. Тек Алладан ақ өлім тілеймін! Әкемдей бола алмаспын әрине. Ол кісі өлерінің алдында молданы үйге шақырып «Ясин» сүресін оқытып отырып жеңіл ғана демі үзіліп еді.

Маған да сондай ақ өлім бұйырса шіркін деймін – деді шаршаңқы үнмен....

Бұдан кейін нағашымды көруді тағдыр жазбады.

Бірнеше күннен кейін о дүниелік болғаны жайлы хабар жетті маған.с

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
5 жыл бұрын 3195
0 пікір
Блог туралы