Менің бала кезімде ауылда ғаламат өрт шықты. Өрт болғанда да қою қара түтінге булыққан алапат өрт! Және тапа талтүсте.
Шілденің шіліңгір ыстығы даланы бауырына «қысып» алып тұншықтырып жатқандай көрініс көз алдымда! Адам түгілі, жан-жануар қапырық ауаға шыдай алмай суға қойып кетіп, иттердің тілі салақтап үйшігіне жата алмай қыстыққан жаз – тын. Көлеңкенің өзі ыстыққа шыдай алмай қабырғаға жабысып алғандай әсерге бөлейтін. Ауылдағы екі аяқтының бәрі салқын үйде тыныстап жатқаны анық.
Әлі есімде, өрт шыққан жер ауылдың тап іргесіндегі «ойғы ауыл» атанған екі-үш үйлі там үйдің іргесіндегі қошқар бағатын немістің шашпасы еді. Шашпаға түсінік бере кетейін.
Қыста қой шашпасына маядан малаға шөп тиеп қос өгізбен апарып шашады шопандар. Қырқынды шөп жинала береді қой аяғымен тапталып. Жазда, трактормен іргелетіп ықтасын жасайды.
Қиялға ерік берсем, Алматыдағы Медеу мұз айдыны секілді сурет көзге елестейді. Доп-домалақ. Боран өтпейді, дауыл іргесін сөкпейді. Қойға жайлы, шопанға майлы орын. Соны бізде шашпа дейді.
Күйекке дейін қошқар жеке бағылады. Қойдай емес, бағымы қиын десетін білетіндер. Киік секілді ұшқыр екенін кейін өзім де көрдім. Қайырмасаң тоқтамайды, (еркектерде бар мінез олардың да бойында бола ма деймін). Әйтеуір тұмсықтарын көкке көтеріп алып шауып жүреді. Сосын «дуэлге» жиі - жиі шығып тұрады антұрғандар. Не жетпейтінін түсінбеймін.
Оның нәтижесі – кебежедей-кебежедей құйрықтары қашан көрсең қақ айырылып, құрттап жатады. Мехнаты көп жұмыс болғандықтан шопандардың көбі қашады –ау деймін. Білетінім, ыстыққа өте шыдамсыз келеді.
Күн ыстықта жайылымға өлсе де шықпайды. Жатқан бап. Күтім. (Бүгінгі кейбір еркек кіндіктілерге қатты ұқсайды). Күн қайтпай, оларды өлдім де, өргізе алмайсың... Ал кеш батты ма шитаға (шарбаққа) кіргізе алмайсың. Салқын түсті ме күндізгі «өшін» жерден алып, жатып алады. Әй, қаның қайнайды - ау...
Сол қошқарларды біздің ауылда бір неміс бақты.
Бойы тәпене ғана немістің аты – Фриц болатын. Буылтық - буылтық бұлшық еті мен бура санына қызығатынмын балалық әуестікпен. Балпаң-балпаң басып жүретін. Көбіне мас...
Дәу сары қатыны есімде. Қарулы еді. Бір-екі рет дүкеннің алдында удай мас болып жатқан күйеуін иығына салып, ойғы ауылдағы үйіне тартып отырған. Бала бізге бәрі қызық.
Ауыл мен үйінің арасы 500 - 600 метр болып қалар көз мөлшермен. Соған дем алмай апартын жарықтық. Сол кезде балалардың көзіне Толағай елестейтін. Бірақ бишара сондай момын еді. Көп сөйлемейтін. «Мумуға» қатты ұқсататынмын.
Жә, ғаламат өрт дедім ғой жаңа. Ол өрт қошқар қамалатын шашпадан шығыпты. Жаздүгіні қойды қазақ шашпаға емес, темір торлы шарбақ қотанға қамайды. Жел соғып, еркін тыныстауы үшін. Және қапырық құрт қойға түспеу үшін.
Ал ыстықта қошқарды шашпаға қамағанға әлі күнге түсінбеймін?... Мас Фрицтің ісі ме, веттехниктің күнәсі ме?... Әлде біреу от қойып жіберді ме? Әлі күнге маған жұмбақ!
«Алтай-балтай не керек, алпыс жұмыртқа бір шелек» демекші, жалқау қошқарлар шыжыған күннің астында барлығып жатып, ыстық отқа тамызық болып өртеніп кетті. Қашып-пыспаған, тұяқ серіппеген... Мойынсұнған... Маңайды бас – сирақ үйткендей күйік исі алып кеткені есімде. Күзем жүні қырқылмаған қошқарлардың отқа қақталған терілерінен май тамшылап, маздап тұрып жанғанын қалай ұмытайын.
Кейінірек, бірнеше жылдан кейін өлекселерді көмген обаларды ауылдың бір топ баласы қазып, қошқарлардың ақ жем болып әбден қаусаған сақаларын алып шыққанбыз. Қолға икемді, салмақты сақа болмаса да, асық ойнағанда ұтысқа тігуге жарайтын қауқары бар еді...
Сөйтіп, бір бөлімшенің 18 отар қойы «аталықсыз» қалды. Кеңестің кесір саясатына қарсы шыққандай «Еркек тоқты құрбандық» болып бір отар қошқар тірідей жанып кетті... Обал – ай!.
Әрине арты жақсы болмады.
Ойдан-қырдан ағылған өкілдер, айқай-шу, қошқарлардың өлігін зерттеген экспертиза, лоборатория...
Маскүнем Фрицті милиция қолын қайырып ауданға алып кетті. Әйелі көзінің жасы мөлтілдеп үйінің алдында қала берді.
Веттехник ауылдың жігіті еді. Бала-шағасы бар...
Ол кезде елдің бірлігінің күшті кезі. Үлкендердің әлі де болса сөзі жүріп тұрған заман.
Содан жылу жинау басталды. Ел болып көтеріп әкетті. Ауқаттылар 500 сом (жылқы, сиыр), орташалар 50-100 сом (бұзау – торпақ), тұрмысы төмендері 5-10 сом (қой-ешкі) беріп әлгі ветеринар байғұсты жазадан аман алып қалды.
«Көп түкірсе – көл» деген сол...
Күні кеше Елбасының алпауыттардан, өзіне жақын-жуық байлардан, шамасы келетін халықтан қазақы дәстүрге салып жылу жинауға қор ашқанын естіп, менің ойыма «Қошқар қырылған» жылғы оқиға оралды.
Коронавирус елге қауіп төндіріп, биліктің ұйқысын қашырғалы бері, халықтан да маза қашып тұр. Дәл қазір ұлтымыз үшін өте қиын кезең. Егер бұл «қорғаныс» тағы бірнеше айға созылса, азық-түлік түгесілсе, қайтпек керек? Бүгінгі қазақ қошқар құсап қорбиып жатпайды... шамына тисе тулап, тапап тастауы кәдік... Жиналған жылу ақша өз орнына жұмсалса жақсы, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе қайтеміз?
Бұл коронавирус мемлекет үшін де үлкен сынақ болғалы тұрғанын айттық! Мұны бәрі айтып, жазып жатыр. Егер осыдан шығынсыз шықсақ, қуанар едік!
Меніңше, әлі де кеш емес, билік тың қадамдарға баруы тиіс.
Ата заңымызда жазылғандай, мемекеттің ең басты құндылығы адам. Ендеше халықтан өз байлығын аяудың еш жөні жоқ сияқты. Ел болмаса ол ақшаның құны қанша? Адам тағдыры сынға түскенде сараңдық жасау Қарабайдың қаталдығын еске түсіреді. Оның ақырының қалай біткені көпке мәлім...
Сондықтан ешкімді алаламай Америка, тағы басқа мемлекеттер секілді милиондап бермесе де, жүз мыңдап халыққа қаржы аударылуы керек осы тұста. Ол және жағдай түзеліп кеткенше үзілмеуі тиіс! Халық қолдауды сезінуі керек. Мемлекетке арқа сүйеуі керек. Мұның бәрі тұрақтылықты сақтау үшін, қиындықты жеңу үшін, алда болатын кедергілерге төзу үшін, инфляцияға қарсы тұру үшін.
Өйткені президент Тоқаев өзі айтқандай, халықтың көбі әлі күнгі кедейшілікте өмір сүріп жатыр.
Қазақта «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген қанатты сөз бар. Соны естен шығармағаны абзал билік тұқтасын ұстап отырғандар. Әйтпесе, 45 мың теңгемен жарлыны жарылқаймын деу - күлкі шақырады. Оның өзінің де жұмбағы көп... әуре-сарсаңы мол болайын деп тұр... Халықтың шыдамын сарқу, төзімін қыру да жақсылық емес...
Ендігі сұрақ, билік жылу жинау арқылы, онсызда діңкелеген жұртты, шаршаған халықты қиындықтан құтқарып қала ала ма?
Құтқарып қала алмаса ел алдында сенімі қала ма?
Сенімі қалмаса – бұқараның бетіне қалай тура қарайды?
Міне, сөз түйіні осы!
Онсызда ойдан-қырдан анталаған жат пиғылдардың көксегені алауыздық! Елдің дүрлігуі... Қақтығыс...
Осының бәрін көре тұра, бейқам отыру – көңілге қорқыныш ұялатады. Ал жасалып жатқан жұмыс әлі мардымсыз.
******************************************************************
Айтпақшы, ауданға алып кеткен Фриц ауылға аман – есен он күннен соң оралды. Сақал-шашы өскені болмаса көңілі тетік. Ыржаң – ыржаң етеді.
Айыппұл салған, қорқытқан көрінеді. Ананы – мынаны сұраған. Сөйтіп түк шықпағасын қоя берген.
Өртенген қошқарлардың орны толғасын, жабулы қазан жабуымен қалды ғой сол бойы.
Бір айдан соң кәрі қойларды оңалту үшін тоқтылар бөлінгенде, Фрицке қайта шопан атануға тура келді. Алыстағы жайлауға өзі тоқтыларды айдап, әйелі трактормен жүктерін тиеп соңынан кетті. Содан кейін көре алмадым.