- Ассалаумағалейкум, ағасы. Сәлем сөздің атасы. «Әкең өлседе, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» дегені бар дана халқымыздың. Алдыңызға кеп жүгініп тұрған Болмастың баласы, Толмас.
- Уағалейкумассалам! «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық » деген рас - ау. Бұйымтайыңды айта отыр балам.
- «Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» демекші, ойымды ашық айтайын. «Сай - сайға, бай - байға» құятын заманға тап болдық. Арманым «жоғарыға жорғалап барып, дорбалап» қайту еді. Демеп жіберсеңіз?!
- Әп-бәрекелді. «Жылан жымын білдірмес». "Мешкей" деген жақсы атақ емес. Әкең марқұм мешкей еді. «Сараңнан бермес, Соқырдан көрмес» туар деген осы ма деп қалдым...
- «Әке көрген оқ жонар» дегенді қайда қоясыз. Әкемнің «Жұтқан жұтамас» деген мәтелін бала кезімнен бой тұмардай қастерлеймін, ағасы.
- «Жұмыс қолдың кірі». "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей". Әйтседе «береген қолым алаған» дегендей... Өзіңде білесің бала, «құрғақ қасық ауыз жыртады». Бұлбұлдың да жемсауы бар екенін есіңнен шығармағын...
- «Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүрер. Кедеймен кедей құда болса ортасында дорба жүрер». «Ымды білмеген дымды білмейді» . Бәрін қатырамын. «Сауда сақал сипағанша» .
- «Болар бала боғынан». Жарадың. Қазір кадр - ден қадір кетіп тұр ғой. Жұмысқа қабілетің қалай өзі?
- Ол жағынан қам жемеңіз. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатамын. «Текені жезде, ешкіні апа» қылу қолдан келеді.
- «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасуға» қалайсың?
- «Жалғыздың – жары құдай». «Көппен көрген – ұлы той» деген миыма кірмейді.
- «Қарның ашса қаралы үйге шап» демекші, өлім - жітім, той - томалаққа белсенділігің қалай?
- «Өлім - бардың малын, жоқтың – артын ашады». Беті аулақ. Тойды жақсы көрем .«Той десе – қу бас домалайды». Бірақ «Тойға барсаң тойып бармен» келіспеймін.
- Сен өзі әкеңнен де асып түскен, «өзі тойса да көзі тоймайтын» пәтшағар болдың - ау. Күн ертең «жылқыны түгімен, түйені жүгімен» жұтып, шетелге қашып кетіп жүрме, антұрған.
- «Балапанды күзде санайды». «Тәрбие бесіктен» деген бар. «Қасқырды қанша асырасаңда орманға қарап ұлиды» емес пе, аға!
- « Болар бала 15 - де баспын дер, болмас бала 30 - да жаспын дер». «Ат тұяғын тай басар». Қызметіңмен құттықтаймын балам!