ӨЛЕҢ КӨГІНЕН АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ...
ӨЛЕҢ КӨГІНЕН АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ...

                              

Аязбек Сәбденов, (1953-1972) Торғай облысы Жаргөл ауылында туған. Небәрі 19 жыл ғұмыр кешіп, қыршынынан қиылған тума талант. «Ел іші өнер кеніші» болғандықтан, көз көрген замандастары өлең көгінен ағып түскен ақынды тебірене еске алады.

Бір басылымға шыққан сұхбатында сатирик көкеміз Көпен Әмірбек: « Торғай жерінен бір Аязбек Сәбденов деген жас жігіт жазып тұрды. Кейін жазбай кетті. Оның екі әйелдің ұрысу  сәтін әжуалаған өлеңінің аяғы былай бітетін:

–        «... Бұлар өстіп қазақ тіліндегі,

–       «Сөздік қорларын» тауысты.

–       Біреуі кенет күйеуінен естіген,

–       Орысшасына ауысты.

–       Жарайды, сен мәледессің!

–       Мен сенің орысшаңды түсінбейтін бала емеспін.

–       Өзің мәледессің!

–       Жоқ, сен мәледессің,

–       Жоқ, сен мәледессің!!

–       Осымен бітті бар егес.

–       Екеуі де мәледес!» деп еске алады.

 Бұл жазбаға қарағанда Көпен көкеміз өзі ұнатқан жас тілшінің ғұмырының тым келте болғанынан хабарсыз – ау...

   Өкінішті жері қанша сұрастырсақ та, ақынның бала бейнесін таба алмадық.

Дарынды ақынның әлі жарық көрмеген өлеңдерінің ішінде «менде бір перзентімін жер ананың» деген өлеңі ерекше таңғалдырды.

 Менде бір перзентімін жер ананың,

Анық қой топырағын оранарым.

Аз ба, көппе, өткізіп өмірімді,

Құшағыңа жер-ана, ораламын.

Түнеріп тұрған жоқпа аспан әлі,

Еске алу енді мені басталады.

Төбеде шоғырланған қара бұлттан,

Қабіріме мөп-мөлдір жас тамады.

 Өлеңінің өміршеңдігіне сенген қайран жеткіншектің келешекке деген ынтазарлығына сүйсінік. Сүйсініп отырып күрсіндік. Өйткені әлі қағаз бетін көрмеген өміршең жырлары өте көп екен. Қолдаушы азаматтар табылып жатса жинақ болып шығатын күнде туар.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін қазақпыз ғой.  Аязбек Сәбденовтың тағы бір қыры, аз ғұмырында өлеңді ғана жанына серік етпей, сатираның ауылына да ат шалдырып тұрғаны. Соның бір-екеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 «Мәләдес»

Таяуда,

Тілдері сүйреңдеген,

Тыныш жүруге үйренбеген.

Екі әйел ұрсысыпты.

Бірін-бірі

Қайтседе жеңуге тырысыпты.

–       Сен қызыңды шалға бергенсің,

–       Сен атаңа жарма бергенсің.

–       Сен енеңді бақпай жүрсің,

–       Сен бала таппай жүрсің.

–       Сенің жеті атаң жарымаған!

–       Пішту! Сен қашан боп ең жарып адам?!

–       Сен тұла бойы тұнған өсексің,

–       Ал, сенбе, сен есексің!

–       Сен оңбағансың,

–       Сен қайбір оңды адамсың?!

–       Әдірем қал,

–       Жәдірем қал!

–       ... Бұлар өстіп қазақ тіліндегі,

–       «Сөздік қорларын» тауысты.

Біреуі кенет күйеуінен естіген,

Орысшасына ауысты.

–       Жарайды, сен мәледессің!

–       Мен сенің орысшаңды түсінбейтін бала емеспін.

–       Өзің мәледессің!

–       Жоқ, сен мәледессің,

–       Жоқ, сен мәледессің!!

Осымен бітті бар егес,

Екеуі де мәледес!

 

                    Жағымпаз

Біреуді сонша мақтайсың,

Аузыңның суы құрып кеп.

Теңеуді жігіт таппайсың,

Боларын дөкей біліп дөп.

Құсың ғой елге танылған,

Өлетін болсаң текке өлме.

Үйретіп кетсей соңыңнан,

Жүгірген жеткіншектерге.

 

                                Қақтығыс

Бәкеңнің бір баласы бар,

Өз тілімен айтқанда,

«Дымқыл мұрын» қарасы бар,

Тәңірдің өзі

Жылағанда берген,

Мойнына бұршақ сап,

Сұрағанда берген,

Жалғызын,

«Қанаттыңа қақтырмаймын,

Тұмсықтыға шоқтырмаймын»

Деп түйген екен.

Ол баланың аты Иген екен.

Сол Иген көшеде еңіреп тұр,

Еңіреп емес-ау «мөңіреп» тұр.

Сол ақ екен,

Бәкеңнің бәйбішесінің ақылы шолақ екен.

Екі қабағы түйіле кетті,

Ұрған баланың үйіне жетті.

Былапыт сөзбен балағаттады,

Ұрған баланың анасы салмақты екен,

Бар сөзіне «қанағаттанды».

Алайда ақылсыз бәйбіше,

Көрместей болып ауылдасының жүрегін жарақаттады.

Долырып алған Игеннің шешесі шаштасар еді,

Әттең, күші аз болып тұр.

Екі әйелді шаптап қойып,

«Дымқыл мұрын» мәз болып тұр.

 

Өтініш: Егер осы ақынның елге белгісіз өлеңдерін білетіндер болса бізге хабарласуларына болады.

87023148143

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
5 жыл бұрын 2983
0 пікір
Блог туралы