Өзгенің көз құртына айналған, қайран, қазақ қыздары-ай!
Өзгенің көз құртына айналған, қайран, қазақ қыздары-ай!

 

Ұлттық намыс - тапталып жатыр. Жаһандану дейтін жалмауыз, ашық - шашық жүрген  қыздарымызға қол салды. Қол салғанда мол салды. Ұлттың ұяты саналатын қыздарымызды әбден жалаңаштап, бөксесін бұлтитып, төсін қылтитып қойды. Кіндігі ашылған, омырауы тырсиған қазақ қызы қала көшелерінде өріп жүр. Салт - сана, әдет -ғұрып ескінің сарқыншағы секілді аяққа тапталуда. Мұның арты жақсылыққа апармасы белгілі. «Оян, қазақ!» демекпіз.  Намыс атты қазақ халқының асқақ абыройы жер бауырлап жатып қалды. Таяу мезгілде еңсесін тіктей алады деу қиын. Себебі арына дақ салмайтын қазақ қызы кім көрінгеннің мазағына айналды. Бетіне жел тигізбей өсіретін аруларды ат көтіне мінгізіп кино түсірді Ресей. Небір «жұлдыздардың» клипінде ыңырсыған, тыпыршыған қаракөздерді көргенде қаның қайнайды!? Анайы киноларда төсек қатынасының «шебері» атанып ақшаға арын сатқандарға ерекше құрмет көрсетіле бастады. Солардың әке - шешелері не күйде екен? Қорланып отырма, жоқ әлде қыздарының бұл қылықтарына масаттанып жүр ме? Осы ой мені жиі мазалайды. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін бабалар ұлағатын ескеретін ата - ана азайып барады өкінішке орай. Ұл еркіммен, қыз бетімен кетті. Бұл қазақ халқы  үшін үлкен қасірет! Әлпештеп, аялап өсірген қызының кім көрінгеннің соңынан жүгергеніне қаны қызбаған, намысы қозбаған әкеден не қайыр, не үміт! Қызына дұрыс тәрбие бере алмаған анаға лағнет жауатынын да ұмытпағанымыз абзал. «Қызым үйде,  қылығы түзде» дегенді ескерер кез жеткен секілді..

16 қыркүйек күні nur.kz сайты «жерден жеті қоян тапқандай»,  «қазақ қызы Диана Ізімова әйгілі испандық мотоциклші Хорхе Лоренцоны жарыс алдында ақ жол тілеп шығарып салды» деп жалаулата хабар таратты. Суреті қоса жүр. Суретте  қара домалақ қазақ қызы қара көзілдірік киген Испан жігітін күннен қорғап қолшатыр ұстап тұр. Өзі мәз. Еш қымсынатын емес, қайта «мені көрдіңдер ме» дегендей көзін алмай қарайды. Бұл неткен кіріптарлық жаным - ау. Қорлық қой мынау. Қазақ қызы шынымен - ақ, қадірің түсіп, қасиетің қаша бастады ма?!  Сөйтсек бұл басы екен, сорақысы артында болып шықты. «Еске сала кетейік, жаз айларында әйгілі испандық мотошабандоз, мотожарыстан екі дүркін әлем чемпионы Хорхе Лоренцо жарыс алдында өзін шығарып салатын сұлуларды Қазақстаннан таңдаған болатын» деп жазады сайт журналисттері. Өлім - ау, өлім!. Өз қандас қарындастарының шетел жұртының алдындағы жартылай жалаңаш көрінісін тым құрыса сайттарына салмай қойса, ақпараттың да «күш - қуаты» осыншалықты қатты әсер етпес еді халыққа. Төсі мен иығы жалаңаш, кіндігі бөксеге дейін ашылған қазақ қызына өзгенің көз құрты түспейді деп кім айта алады? Нәпсіні оятып, құмарлықты қоздырып тұрған оған, испандықтың ерні тисе не болады?! Бұл өзі мақтан етер, жалпы жұртқа үлгі қылар нәрсе ме? Бойында қазақтың қайнап жатқан қаны  бар журналисттер бұлай етпесе керек – ті....

Сөйтсек,   Мото GP  Гран при жарысы өтер алдында үнемі байқау жариялайтын болып шықты. Оған әлемнің сұлулары барын салып,  жеңімпаздың қалауын орындау үшін, қазақшалап айтсақ, қолына су құюға таласады. Ар жағында не болатыны бізге беймәлім. Осындай атышулы байқау біздің Астана қаласында өтіп, қарындасымыз Диана  «Хан шатыр аруы» атаныпты. Испан жігітіне жету үшін, байқап отырсақ біраз сынақтардан өтіпті. Діні бөлек, тілі басқа ұлт өкіліне оны табындырып қойған қандай күш болды екен?! «Тәрбие басы тал бесік» деп өткен бабалар неткен данышпан еді?!  Енді міне, қазақ қызы  өзінің «сүйікті спортшысын» қолтықтан демеп, жарыс жолына жөнелтіп, екі көзі төрт болып соның тілеуін тілеп отыр .... Кім көрінгеннің мазағына айналған, қайран қазақ қыздары - ай, қайда барасыңдар?!

 Қазақстан ZAMAN газеті

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 жыл бұрын 8309
4 пікір
  • Өз елінің жігіттері намыстарын таптап, одан қала берді үйленіп алғаннан кейін бала-шағасымен қосып далаға тастап кетіп жатса, басқалардан не күтесіз?
    Қызын, әйелін, қарындасын қызғанбаған соң осындай болады.
    9 жыл бұрын
  • Қазақ қандастарымызды мұсылман екен деп санасақ та, ұлы болсын қызы болсын менің ойымша көбісі Ислам білімі, тәрбиесі және білсе де ұстанбауы жағынан жағдайы мәз емес. батысқа еліктейміз: киімдерін киеміз, музкысын тыңдаймыз ойланбастан және т.б. Сондықтан бізге бір ұлттық қазақи идеяны қалыптастыру керек, мысалы дагестан, шешенстан сияқты, онда қыз балалардын өз дрескоды бар. Ұл балалардан бастау керек: әр ұл шариғатты білу керек, сонда ұлдарға қарап қыздар да түзеледі деп ойлаймын.
    9 жыл бұрын
  • "Қазақ қыздары әлемдегі ең сұлу қыздар" деген сөз негізі мақтанатын нәрсе емес. Сұлу болса болсын, оны әлемге жар салғаннан не пайда?! Жалпы мақала орында жазылған. Шын жыласа соқыр көзден жас шығады деген осы. Масқара-ай... Намысың келеді...
    9 жыл бұрын
  • Сол Нұрсұлтанның "Нұр"-ын алған nur.kz оңып тұрған сайт деп кім айтты сендерге? Оларға zero.kzте бірінші орында тұрса болды сайттары.
    9 жыл бұрын
Блог туралы