ҚАРА ҚАЗАҚТЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН ӘЛИХАН – ҰЛТ КӨСЕМІ!
ҚАРА ҚАЗАҚТЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН ӘЛИХАН – ҰЛТ КӨСЕМІ!

Жиырмасыншы ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов үлкен саясатқа араласқан кезде, қазақ халқы қиын жағдайды бастан кешіп жатқан-ды. Қазақтың бүкіл сарыарқасы Омбы генерал губернаторлығының еншісіне бөлініп берілген болатын. Бүкіл батысымыз Орынбор мен Астрахан генерал – губернаторлығының қол астында еді. Ал оңтүстік аймақ, Жетісу мен Сырдария өлкесі Ташкент генерал-губернаторлығына тиесілі – тін. Яғни, түптеп келген кезде, қазаққа ұлтарақтай жер қалмаған заман еді. Егер, осылай кете бергенде, біз бүгінгі шешендер, татарлар, башқұрттар сияқты егемендік алғанымызбен, Ресей федерациясы ішіндегі ұлт болып қалатын ек. Ленин тұсында тәуелсіз ел болғанымызбен орыстардың қол астындағы бұратана халық едік. Әлиханның тарихтағы қазақ халқына жасаған мәңгілік ерлігі – жан жаққа тарыдай шашылған жерлердің барлығын біріктіріп, Ресей думасында айтысып - тартысып жүріп  қайтаруы. Бұл үшін кәнігі саясаткерлік, жан жақты білім, керемет шыдамдылық пен төзімділік керек еді. Одан кейін уақытша үкіметті басқарған Керенскийлермен жағаласуы, тартысуы айтуға ғана оңай. Кеңес үкіметі орнағанда Ленин, Троцкийлермен мәмілеге келуге де қаншама күш - қайрат жұмсалды десеңізші? Осылайша қайтарылған жерді алаш орда үкіметі, кейінірек кеңес үкіметіне берді. Бергенде үлкен шартпен берді.  «...Біздің (алаштықтардың) бес мың армиямыз бар және сырттан бізге үлкен елдер көмекке келуге әзір отыр. Егер біз күресті бастайтын болсақ, олар бізді қолдайды» деп жазды ол бір мақаласында. Ұлыбритания сияқты алпауыт елдер мен қатар Шығыс елдері, әсіресе мұсылман елдерімен алаш орданың тығыз  байланысы барын Ленин бастаған, Сталин қостаған кеңес көсемдері әрине білді. Сондықтан олар амалдың жоқтығынан кеңес үкіметіне алаш орда үкіметін қабылдады. Бекітіліп берілген шекара арқылы ғана. Біздің қазіргі жеріміздің барлығы сол Әлихан Бөкейхановтың, Әлімхан Ермековтердің сызып берген жерлері. Большевиктердің бір метр қосқан жері жоқ. Бұл тарихи факт.

Кенесарының тұсындағы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғалған жерді Әлихан  көреген ақылдың, сұңғыла сананың, керемет ой – парасаттың арқасында думаның депутаты болып жүріп қайтарып алды. Тап сол заманда  азаттық үшін Қап тауында  Шәміл орыс әскерімен қанша  соғысқанымен ата - бабасынан қалған жерді азат ете алмады.  Кенесары хан да арманына жете алмай шейіт болды.  Әлихан бастаған алаш көсемдері бұл жолды таңдамады, өйткені халықты қырып алудан сақтанды. Олар дипломатияға жүгінді, саясатқа иек артты. Аңсаған армандарының бірі орындалды, бірі кеуделерінде күмбірлеп кетті.   Ақыр аяғында өздері азаттық жолында құрбан болды. Кейінгі ұрпақ білуге тиіс бір нәрсе бар. Ол Әлиханның ­­- ұлы күрес жолы,  саясат жолы. Қалай айтсақ та Қазақстан деген іргелі елдің іргетасын қалаған, бірінші көсеміміз ­– Әлихан Бөкейханов. Бұл тарихи мойындалған шындық! ЮНЕСКО сол үшін Әлиханның 150 жылдығын дүние жүзі бойынша атап өтуге келісім беріп отыр.

Көптің көкейінде: қазақ ұлтына осыншама еңбек сіңірген қайраткерлер мемлекеттік деңгейде неге тойланбай жатыр деген сауал жүргені анық. Бұл жерде жауды сырттан іздеп керегі жоқ. Бар пәле өзімізде жатыр... Мысалы Ресей өзінің тарихына  қатысты тұлғаларды ашып көрсетуге әуес. Оның ішінде қандыбалақ қарақшы да, ұрысы да жүр. Биліктің ұстанымына тура келе ме, келмей ме, оған да қарап жатқан бірі  жоқ. Ұлы русьтің рухын көтерер, оның елі мен жері үшін күресті ме, бәрі батыр. Мысалы, Атаман Ермак, Адмирал Колчак, фашисттердің  қол шоқпары болған Власовтың өзі дәріптелуде. Әрине импералистік көзқарасы үстем Ресеймен бақталаса алмаймыз. Бірақ ұлттық рухты көтеруге алаш қайраткерлерінің сіңірген еңбегі көп жағдайда бізде еленбей отырғаны шындық! Осы ойымызды кинорежисер Қалиолла Омаров былайша толықтырды: Билік басында отырған көптеген азаматтар, Әлихан Бөкейханов егемендіктің ірге тасын қалады деген сөзден қорқады. Яғни, бүгінгі егемен қазақстанды жасап отырған үлкен саяси тұлғамызға көлеңке түседі деп ойлайды шамасы. Расына келсек, мұнда тұрған ештеңе жоқ қой. Әркімнің өз орыны бар. Патшамыздың үлкен көрегенділігі сол:  қазақ хандығының 550 жылдығын тойлатып жатыр. Бұл той, ұлтқа көрсетілген құрмет!  Одан патшамыздың мәртебесі көтерілмесе, төмендемейді...

Иә, ұлт үшін қызмет еткен тұлғалар қай кезде де  құрметтеуге лайық.  5 наурыз күні жекелеген кәсіпкерлердің қолдауымен өткен алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы Астана қаласында аталып өтті. Артынан дүркіретіп ас берілді. Осы тойға жиналған қауымның ой-пікірлеріне назар аударайық.

 

                                  Әлихан – ұлттың ұраны болған адам

Төлен Әбдік, жазушы, драматург, қоғам қайраткері: Кезінде Алаш арыстарын ақтап алу жұмыстарының басы - қасында өзге де азаматтармен бірге менде болғанмын. Бұл ұзақ әңгіме. Ал бүгін Әлиханның туылған күні, ең әуелі баршаларыңызды осы айтулы күнмен құттықтаймын! Екінші айтарым: Әлихан Бөкейханның тұсында қазақтың талай ұлы тұлғалары болды, солардың барлығы бір ауыздан Әлиханды «Саяси көсем» деп мойындаған. Әлихан шын мәнінде ұлттың ұраны болған адам. Ұлттың ұраны болу - ол өте үлкен нәрсе, ол үшін басты құрбандыққа байлау керек. Міне, сол ұлт үшін, азаттық үшін құрбан болған адам Әлихан Бөкейхан болатын. Әлиханның: «хан қолында қазақтың ақысы бар»,- деген ұлағатты сөзі де осыдан шықса керек. Біз осы күндері хандар туралы айтқанда қолдан миф жасауға құмармыз. Егер біздің тарихта өткен барлық хандарымыз бүгінгі айтып жүргеніміздей «керемет, батыр, данышпан, саясаткер» болса халық та шалқып отырар еді ғой. Онда «ақтабан шұбырынды» болмас еді, 300 жылға бодан болып, көрінгенге жем болып жүрмес едік қой. Осыны кезінде, өздері сол тұқымнан шықсада Шоқан да, Әлихан да түсінген, айта білді. Әлихан азаттықты армандады, сол үшін күресті, өмірінің соңына дейін сол мақсаттан таймай кетті. Сондықтан да азаттық идеясы өлмей бізге жетті деп ойлаймын. Әлиханды зерттеу әлі де жалғаса береді, Әлихан шын мәнінде ұлттың ұраны. Әлиханды қастерлеу арқылы біз өзіміздің болашағымызды айқындаймыз.

 

        Әлихан бастаған алаш қайраткерлерінің ескерткіші Астанада тұруға лайық!

Алаш қайраткерлері туралы бірнеше киносценарийдің авторы, кинорежисер Қалиолла Омаров:  Осы Әлиханның қазаққа қайта оралуы өте қиын тар жол тайғақ кешуден өтті. Мен Алаш партиясының  90 жылдығына орай Семейге Міржақыптың қызы Гүлнәр апаймен, Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан апаймен, Мағжанның туысқаны  Хамза Абдулинмен, сол секілді репрессияның қуғынына ұшыраған азаматтармен,  қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтарымен келгенім бар. Сонда бізге халықпен кездесу өткізетін сарай бермей қойған болатын. Сонда Ертістің жағасында халықпен кездескеніміз әлі есімде. Өздіріңіз білесіздер, Семей - алаштың астанасы. Мен 2007-2008 жылдары «алаш орда» деректі фильмін түсірдім. Сол кезде алаш қайраткерлеріне арналып үлкен  ескерткіштің макеті жасалынды. Ортада Әлихан Бөкейханов, жан жағында Міржақып, Ахмет, Жаһанша, Халел тағы солар секілді 11 алаш қайраткері қоршап жүріп келе жатқаны жақсы бейнеленген. Мен Семейге бір барып қалғанымда  мәдениет департаментінің бастығы (Атын ұмыттым) мына ескерткішті қояйын деп жатырмыз деп маған көрсетті.  Мен жұлып алғандай: - Қай жерге қойғалы жатырсыңдар? - деп сұрадым. Ол кісі күмілжіңкіреп қалды. Сәлден кейін: Біздің қаладағы соғыс ардагерлері қаланың ортасына қоюға қарсы жығып жатыр, деді ақталған кейіп танытып. Мен: Не олар шетінен комунисттер ме Әлиханға қарсы шығатын деп дүрсе қоя бердім. Ол байғұс, шарасыздығын мойындап, қаланың шетіндегі , үлкен айналма жолдың бойына қоймақ ниеттер барын аңғартты. Содан мен Азаттық радиосынан бастап, барлық БАҚ-да бұл мәселені көтердім. Ақыр соңында бұл ескерткіш қойылмады. Бұл жерде менің де кінәм бар шығар.  Қаланың шеті болса да, бой көтеріп тұрғаны дұрыс еді-ау.... Алаштың астанасы Семейдегі ескерткішке кез келген қазақтың құрметпен қарайтынын билік неге сезінбейді осы? Семей Әлиханның 150 жылдығын тойлар, тойламас, келер жылы 2017 жылы алаш партиясының 100 жылдығына осы ескерткіш қойылатын болсын! Бұл халықтың талабы.  Халықпен санаспаған биліктің ұшпаққа шықпасы белгілі. Осы газет арқылы қазақтың аптал азаматтарына «Мен қазақпын» деген патриот жігіттеріне, алаштың туын көкке желбіретуді сұраймын.  Жоғары да сөз еткен Әлиханның ескерткішін Семейдің орталығына болмаса Астананың төріне қоятын кез келді. Әлем алдында алаштың рухын көтеріп, өзіміз болып, ұрпағымыз болып олар жасаған қызметке тағзым етуге тиіспіз. Кино түсіру, сериал туралы үнемі айтып келемін. Олар жасала берер, бірақ егеменді қазақстан өзінің егмендігі рас болатын болса, осынша жерді алып берген алаш қайраткерлерінің көшбасшысы Әлихан Бөкейхановқа және онымен бір мақсатқа жұмылып жандарын пида еткен қайраткерлерге арналған ескертіш еңсе көтеріп тұруы керек.

Әлихан алаш орда үкіметінің 15 орынын қазаққа, 10 орынын орысқа берді. Неге? Өйткені ол буржуазиялық орыс интелегенциясымен қоян-қолтық жұмыс істеді, соның арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Алғаш шекара бөлінгенде Қостанай мен Өскемен жерлері орыс аумағында қалып қойған болатын. Сол кезде Ахмет Байтұрсынов пен екеуі  бір айлап жүріп, барлық ұйымдарына, басқаларына барып қазаққа осы жерлерді алып қалды. Сондықтан мынаны есте ұстаған абзал:  Әлихан ешқашан орысқа қарсы жұмыс істеген адам емес. Мысалы алаш әскерінің офицерлерінің көбісі орыс әскерилері болды. Егер Әлиханнан қорқатындар осыны ескерсе керек-ті. Бұл дегеніңіз Ресей мен арадағы саяси жағдайымызды жақындатудың төте жолы ғой. Жалпы алашты орысқа қарсы қоюдың ешқандай қажеті де жоқ. Әлихан әр уақытта: Ресей үлкен федерация біз оның құрамында боламыз, бірақ қазақтың өз жері  өз қолында болсын,- деді. Егер сол кездегі Әлиханның саяси көрегенділігі болмағанда, бұл жерлердің қаншасы біздікі боларын бір Алла біледі.

 

                                  Әлихан - терең зерттеуді қажет ететін кемеңгер тұлға

Сейіт Қасқабасов, Филология ғылымының докторы, профессор, академик: Әлихан осы күнгі ұғым бойынша қазақ мемлекетінің 1 - премьер министрі, ал қазақтың бірінші астанасы ол Семей қаласы. Осыны талай рет айттым, қазақтың тұңғыш астанасы Орынбор емес, Семей қаласы деп. Әлихан тереңдей зерттеуді қажет ететін кемеңгер тұлға, ағамызға қатты таң қалатыным, анау орыстың Щербина бастаған экспедициясының жұмыстарына араласады. Сол кезде мынау солтүстік, шығыс сондай-ақ Қарағанды облысының барлық жерін зерттеген, қай өңірде қандай рулар қоныстанған, жан саны қанша, басшысы кім?- дегендерді өте қанық білген. Қысқасы, қазақ жері туралы терең білгендігінің арқасында Ахаң бар, Әлімхан Ермеков бар үшеуі Ленин мен таласып отырып біздің шекарамызды белгілеген болатын. Сондағы Әлиханның еңбегі ерекше. «Мына жерде мұнша қазақ тұрады, басшысы мынау...»-деп дәлелдеп берген. Демек, біздің шекарамыздың белгіленуі осы үш арыстың арқасында болған. Осыны ұмытпауымыз керек. Шекараны белгілеп бергенде солар, мемлекет атауын «Алаш» деген де солар.

                           Әлихан есімін ұлықтауда – шабандық танытып келеміз

Алдан Смайыл, жазушы: Ақжол партиясына, мына асты ұйымдастырып жатқан барлық азаматтарға рахмет айтамын! Біз Әлихан есімін өз деңгейінде ұлықтау мәселесінде біраз шабандық танытып келе жатқан секілдіміз. «Нұр Отан»-ның жанында «Мирас» деген кеңес бар. Соның кезекті жиынында, облыстағы азаматтармен сөйлесіп «бір ауданға немесе жоғарығы оқу орнының біріне Әлиханның атын берейік»- деген ұсыныстар айтылған еді. Өкінішке қарай осы мәселе күні бүгінге дейін оң шешімін таба алмай келеді. Осындай орайлы сәтті пайдалана отырып, осы жұмысты бір жағына шығарып алсақ жақсы болар еді. Арамызда Дихан Қамзабекұлы отыр. Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлін елге әкелуде көп еңбек сіңірді. Марқұмның күйдіріліп жіберілген сүйек күлі елге әкелінгеннен кейін, әкімшілік тарапынан лайықты дәрежеде құрмет көрсетілген жоқ. Қалалық зиратқа апарып жерледік, кейін ол жерден алып ескі зиратқа әкеліп қайта қойдық. Міне, осындай мәселелер өте көп. Сондықтан Азат Перуашев інімізге рахмет айта отырып, осындай орайлы сәттерде Ақжолмен тізе қосып, халық болып Алаш арыстарына өз деңгейінде құрмет көрсете білейік дегім келеді.

             Жоғары оқу орындарына Әлихан атын беру-кезек күттірмейтін мәселе!

Тілеуғалы Әміртайұлы: ардагер педагог-математик, Қазақстан журналистер одағының мүшесі: Әлиханға қанша құрмет көрсетсек те аздық етпейді. Ол ары қарай да жалғасын табады деп сенемін. Бүгінгі туылған күні қарсаңында Қарағандының көп жерінде мерекелік шаралар өткізіліп жатыр. Туған жері Ақтоғай ауданында бүгін Әлихан есімін алған азаматтар жиналуда. Облыстық білім басқармасының бастамасымен Ақтоғайдағы барлық мектептерде түрлі конференциялар, мерекелік шаралар өткізіліп жатыр.  Бұндай шаралар алдағы желтоқсанға дейін жалғаспақшы. Осының барлығы, жас ұрпақтың санасына ұлт көсемі - Әлихан есімін сіңіру болмақ. Мен өзім Қарағандыда жүріп 1989 жылы Алаш арыстарын ақтау жұмыстарына араласқанмын. Әлекең ақталғаннан кейін ол кісінің 125 жылдығын атап өттік. Ол кісінің атында мектеп ашылып, сол мектепте 15 жылдай директор болып қызмет еттім. Кейін «Әлихан Бөкейхан атындағы өлке тану мұражайы» ашылды. Жақында осында отырған зиялы азаматтардың біразы бар, сол мұражайды барып көріп жақсы бағаларын беріп қайтты. Жоғарыда айтылған «Әлекеңнің атына аудан немесе ЖОО-ның атын беру» туралы ұсынысты толығымен қолдаймын. Әлиханның қазаққа еңбегі көп сіңген адам. Осыны айтатын уақыт жетті. Енді соны іске асыруымыз керек. 125 жылдығын өткізген кезде, Әлиханның атына ауданға беру туралы 841 адамның қолы қойылған өтінішті ономостикалық комиссияға ұсынған едік. Сонда екі ауданға Қазыбек бидің және Әлиханның есімін беру туралы мәселе қаралып, бір ауданға «Қазыбек би» есімі берілді де, Әлихан есімін беру сол күйі тоқтап қалды. Енді осыны көп болып көтеретін уақыт келген секлді.

   Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Әзімхан төре – Әлихан Бөкейханов

Мұхаметбек Асылбек: Алаш туы көтерілген Семей жерінен келіп отырмыз, арамызда Әлиханның інісі Сымахан төренің ұрпағы Жәңгірқызы Айсұлу отыр. Алаш біздің тарихымыз, өткеніміз. Семей халқы бұны ұмытқан жоқ. Тәуелсіздің алғаннан кейін алғаш рет Әлихан ескерткіші Семейде ашылды. Атына көше берілді. Алаш ардақтыларының есімін ұлықтау біздің елде онан ары жалғаса береді деп ойлаймын. Мен өзім Алаштың арыстарын көзі көрген кісілерді көрдім. Сол көне көздердің айтуынша: «Семейге Әлихан келеді екен» дегенді естіген адамдар, ол кісімен дидарласып, ғибраты мол сөздерін естіп қалу үшін жан-жақтан ағылып келіп Әлекең түсетін үйдің маңына жиналып тосып жүреді екен. Ал оған үлгермегендері сұрастырып жүріп, Әлекеңнің кеңесінде болған, ет құлағымен естіген адамдарды іздеп барып сұрайтын көрінеді. Міне, сол кездің өзінде халықтың ол кісіге деген құрметі айырықша болған. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында Әзімхан төре деген кейіпкер бар. Кезіндегі саяси жағдайларға байланысты жағымсыздау етіп жазылғанымен, астарында шындық жатқанын аңғару қиын емес. Төре келгенде елдің игі жақсылары үйге симай кеткен. Барлығы сол кісінің аузына қарайды. Ел жайынан, жер жайынан айтқан әңгімелерін тыңдап отырып Оразбай: «апыр-ау, мына кісі қазақтың арғы-бергісі мен елін-жерін, кімнің қайда отырғанын түгендеп отырғанына қарағанда, бір іргелі ел құрайын деп жүрген болмасын?»- деп таңғалады. Міне, жазушы шеберлігі қайда жатыр?

Қазақ тарихына ой жүгіртсек, халық басына күн туғанда бізді бір керемет күш сақтап қалып отырғандай сезіледі. Мысалы Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай бастаған батырларымыз ел қорғаса, 1920 жылдардағы саяси өзгерістер кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары азаттық туын көтеріп қайта шықты. Алаш автономиясын алға шығарып, астанасын белгілеп, шекарасын бекіткізіп алды. Бүгінгі мемлекет шекарасы сол кезде белгіленіп қалған десек артық айытқандық болмас деп ойлаймын.

         Әлихан - тұтас ұлттың тұлғасы, оны ұлықтау, қастерлеу - бар қазаққа парыз

Қазыбек Иса ақын, қоғам қайраткері, Ақжол партиясы төрағасының орынбасары: Бүгінгі айтулы күнмен баршаларыңызды құттықтаймын! Сонымен бірге Ақжол партиясына білдіріп жатқан ыстық ықыластарыңызға рахмет! Шынында да Алаш төңірегінде тынбай айтып келе жатқан бірден - бір саяси ұйым ол - Ақжол демократиялық партиясы. 2012 жылы қыркүйек айында тәуелсіз қазақ елі Парламенті қабырғасында тұңғыш рет Ақжол партиясы Алаштың 95 жылдығын атап өту туралы ұсыныс көтерді. Ақжолдықтар мұнымен тынған жоқ. Үкімет назарына Алаш төңірегінде талай сауалдар тастады. Қазіргі тарих оқулықтарында Алаш партиясы туралы бір жарым беттік ғана мағлұмат берілген екен. Алаш арыстарының атына берілген көшелер де аз. Бұл да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстанның барлық қалаларында Әлихан бастаған алаш арыстарының ескерткіштерін ашу, 13 желтоқсанды Алаш күні етіп белгілеу секілді ұсыныстар үзбей айтылып келеді. 2013 жылы қаңтарда, Ақжолдың Парламентте отырған депутаттары - қазіргі ҰҚК, кезіндегі КГБ архивтеріндегі 1920-1950 жылдар аралығындағы деректерді ашу, Алаш автономиясының 100 жылдығын тойлау секілді маңызды мәселелерді көтерді. Бұлардың нәтижесін алда көре жатармыз. Бүгінгі Әлекеңнің асына қазақтың бірталай жақсылары жиналып отыр. Осында айта кеткім келетіні кейбір ағаларымыз Ақжолдың Алашқа деген ықыласына күмән келтіріп, Ақжол жекешелендіріп алғандай сезініп жататыны бар. Сондықтан осы орайлы сәтте айтарым: Алаш – ол бар қазақа ортақ, ол ешкімнің меншігі емес. Сол сияқты Әлихан да тұтас ұлттың тұлғасы, оны ұлықтау, қастерлеу бар қазаққа парыз болмақ.

                              Әлиханның арманы халыққа қызмет ету болатын

Дихан Қамзабекұлы: профессор, Алаштанушы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі: Әлихан туралы көп айтуға болады, ол кісінің арман - мұраты да қазаққа қызмет ету болатын. 1920 жылдары Әлекең бар қазақтың зиялысына үндеу етіп: «Алаш үшін бір - екіден болсада мақала жазыңыздар» дегені бар. Сол секілді менің де сіздерге айтарым: Алаш туралы жазыңыздар, зерттеңіздер. Биыл өнер адамдары да Алаш тақырыбына мойын бұрып жатыр. Күйшілеріміз күй шығарды. Ақындарымыз арнау айтып, тарихшыларымыз тың деректерге иек артуда. Осы үрдіс жалғасын тапса екен?

 ҚАЗАҚСТАН  ЗАМАН  ГАЗЕТІ

Нағашыбай Қабылбек

Ерқазы Сейтқали

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
8 жыл бұрын 5667
0 пікір
Блог туралы