ҚАСҚА БҰҚА МЕН ҚАРА ПЫШАҚ
ҚАСҚА БҰҚА МЕН ҚАРА ПЫШАҚ

      Қасқа бұқадан ұйқы қашқалы бірнеше күн өтті. Көзін жұмса көретіні қара пышақ. Одан қалса жыртық тымағы желпілдеген қожасы ауыл адамдарына мұны көрсетіп қолын шошайтып тұрады. Олар  мәз - мейрам кейіп танытады. Кенет бәрі қолына бір - бір пышақ ұстап шыға келеді.  Қан көрген құзғындардай кейіп танытады. Терісін сылып алып, етін боршалауға асыққандай ентелей түседі. Анадай жердегі қасапшылардың кәделі "сыйы", "құтты" орнынан таймайтын шөлмектен сіміріп келіп қарқ - қарқ күлетіндері ұнамайды. Бас жібін үзіп босанып кеткісі - ақ  келеді. Қазыққа күрмеп байланған кендір арқан тырп еткізбейді. Бойындағы қуатының қайда кеткенін түсіне алмай әлекке түскені бір бүгін емес. Төрт аяғынан әл кетіп тұяқ серпуге дәрмені жетпей қиналады байғұс. Енді көзі іліне бергенде  алқымына  алмас кездікті тақай береді әлгілер. Жанұшыра  мөңіреп, мөңкіп бірнеше рет атып тұрғанын қалай ұмытар. Елес екеніне сенбей денесі дірілдеп, қалшылдап мазасы кетіп жүр. Қорқыныштың қыл бұрауы мойнына түскелі көрген күні осы. Содан бері аузына бір тал шөп салған жоқ. Ыңыранып, күйіс қайырғаны болмаса, жүйкесі жұқара бастаған. Өріске құр барып, бой жазып қайтады. Уайымы күшті. Терісінің қалыңдығы болар әзірге күйі түскенін жан баласына білдірген жоқ. Көңілінің ойран - топыры шығып жатқанын зеңгі бабаның тұқымдары қайдан білсін. Өздерінше құйрықтарын көкке көтеріп ойнақтап қояды пақырлар ен далада.

Тылсым дүниенің кереметіне шәк келтіретіндер қателеседі - ау тегінде. Әйтпесе қасқа бұқаның сонау кеште екі аяқтылардың әңгімесіне кәдімгідей түсініп мұңайып жүргеніне бір сәт назар аударар еді...

Іңір түсе бастаған мезгіл - тұғын. Көршінің "хабар" атанған әйелінің сампылдап сөйлеген дауысы кешкі ауада жаңғырығып жатты. Сол сәтте қасқа бұқаның инстинкті оянып, құлағы ашылып кеткені. Артынша - ақ  адам баласының сөзі тұла бойына еніп, бір ғажайып дүниенің есігі айқара ашыла берген. Екі аяқтылардың үніне кәдімгідей елтіп, елеңдеп құлағын тоса бергені қызық. "Қазақстанға жақын арада таза тұқымды 10 мың бас  ірі қара әкелінеді. Олар етті, салмақты болатын көрінеді. Бұзауының өзі екі айда 50 кило тартады екен. Етті жақсы көретін қазақтар үшін бұл таптырмайтын жаңалық. Ауылшаруашылығының бұл бастамасы елбасының жолдауынан туындап отыр. Жасасын асыл тұқымды жануарлар". Жарайды мұнымен қоя қойса жақсы ғой. Әлгі қатынның сампылдап айтқан мына сөздері жүрегіне тікендей қадалды. "Осы ауылдың ана қасқа бұқасынан өрбіген тұқымы азып барады. Бұзау түгілі құнан кезінде кіндігінен тараған "ұрпағының"  таза еті елу килоға толғанын көрсем көзім ағып түссін». Одан әрі айтқандарының ішінде есінде мыналар қалыпты. Шетелдік бір құнажынның нақты бағасы 2100 АҚШ доллары тұратыны, ал Солтүстік Дакотадан Астана қаласының әуежайына жеткізу 2600 АҚШ долларын құрайтыны айтылған. Ал бір құнажынның жеткізілуімен есептегендегі жалпы сомасы – 4700 АҚШ доллар екенін, бұқаларға келетін болсақ, жасына және сапасына қарай 2500 АҚШ доллары бағасымен сатып алынып, тасымалдауы 3487 АҚШ долларын мөлшерлейтінін сүйсіне жеткізгені есінен шығар ма? 

Канададан сатып алынған құнажындардың жеткізілуін есептегендегі бағасы 5200 АҚШ доллары. Бұқалардың жеткізілуін есептегендегі бағасы 5900 АҚШ долларын құрайтынында сол жолы естіп таң қалған.

            Сөзінің соңында жаңалық таратқыш қатынның «Пайдасынан зияны көп, бойлары бір қарыс, ірі қаралардан арылатын күн жетті. Сататынын сатып, соятынын сойып, биылдан қалдырмай құтылайық олардан. Жергілікті қарасан келгірлердің ұрғашысының бұтын таң ертеңнен кешке дейін тарқыласаң бір шелек сүт бермейді. Барынан жоғы олардың. Шіркін шетелден әкелінетін асыл тұқымды әукелердің жатыры құт, желіндері толған сүт " деп елдің аузын аштырғанын жергілікті хайуандар естісе сүзіп өлтірер еді. Бірақ олар екі аяқтылардың сырттарынан тағдырларын шешіп жатқанын қайдан білсін. Ыза болып басын шайқап, жер тарпыған. Іле - шала ашуы қайтып қазақы тұқымдығына салып үнсіз тыңдап жата берген. Сол әңгімені естігелі бері қожасының бүйірден теуіп тұрғызатыны түсініксіз. Тілі жоқ әттең. Әйтпесе айтар ойы көкірегінде қаттаулы тұр. "Сақылдаған сары аязда жылы қора түгілі, жылы орын тимей, кез келген ықтасынды паналап, қар жастанып, мұз төсеніп кім көрінгеннің боқтығын аралап, жалқау саған салмақ салмай күнелткенімді неге есіңнен шығарасың. Күй талғамайтын құнажындар мен қашарлардың шыдамдылығы мен төзімділігін неге ұмыттың. Қысы жазы өз тамағымызды өзіміз тауып жейтін еңбекқорлығымыз, сендерге, қазақтарға қандай зиян келтіріпті. Бір тамшы болсада сүтіміз дәрі, бір кесек болсада етіміз жұғымды еді ғой. Жылдар өте, шетелдік еркелердің күтімінен шаршаған кездеріңде бізді сағына еске аларсыңдар әлі. Шеттен әкелінетін құны бізден қымбат, таза тұқымды малдардың осы сындарға төтеп беретініне күмәнім бар". Бірақ оның зарына кім құлақ түріп жатыр. «Ауылдағының аузы сасық». Қасқа бұқаның  мазасы бекер қашпапты. Ертесіне қабағынан қар жауған иесі екі - үш көршісімен бір шөлмекті қылдай  бөліп ішіп алып, өзіне қарай беттегенін көріп жанұшыра мөңіреп жіберген.

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
7 жыл бұрын 3832
0 пікір
Блог туралы