Оразаның алдында болған оқиға еді. Жанымнан бір сөз қоспай айтып бермекпін. Бір танысым, басың қатты ауырып жүрсе хиджама жасатайық деп жанашырлық танытты. Өзі қыз мінезді, көркем жігіт болатын. Намазхан. Қол қайыры мол еді. Келістік. Арнайы аппарат пен банкаларды сатып алып айтқан жеріне келдім. Күн қайнап тұр. Өзі де дайындалып келіпті. Қолында сұр пакет. Ғылмани мешітінен алыс емес, көп қабатты үйлердің біріне көтерілдік. Танысым ұялы телефонмен орысша сөйлеп келеді. Ар жақтағы дауыс зірік – зірік етеді. Оның зіркілдеуіне біздің кешігіп, пәтерін таба алмай жүргеніміз себеп. Бір - бірімен жапсарлас салынған ғимараттардың «а», «б» деген атаулары біздің жолымызды бөгеп келгені рас. Танысым ақ тер - көк тер. Ұят болды - ау деп қояды арасында. Сөйтсем ол да хиджама жасайтын кісіні танымайтын болып шықты. Біреулер арқылы байланысқа шыққан. Не керек, онға деп келісілген жерге жиырма минуттай кешігіп жеттік. Бес этажды үйдің үшінші қабаты. Танысым есікті ақырындап қақты. Ар жақтан «Заходите» деген өктем үн естілді. Кірдік. Жалғыз бөлмелі пәтер екен. Ас бөлмеден өзі шықты. Қарсы бөлмеде жайнамаз жатыр. Жасы елуді еңсерген, орта бойлы қағілез кісі екен. Ашушаң екені жүзінен білініп тұр. Беліне дейін жалаңаш. Тақыр бас. «Ех, вы казахи» деп салды бізді көрген жерден. «Кешігесіңдер де жүресіңдер!». Танысым мән - жайды айтып жатыр. Оған құлақ салған ол жоқ. «Қазақтар, сендер сондайсыңдар!» деп әкетіп барады. Жүзіне қараймын, өзі де қазақ. Бірақ қазағын аяп жатқан жоқ. Бастырмалатып бара жатқан соң: - «Аға, өзіңіз де қазақсыз ғой!» деген сөз аузымнан шығып кетті. Сол - ақ екен маған бажырая қарап: - Мен қазақ емеспін, төремін деді. Танысым мені түртіп қалды. Қой дегені. «Төре болсаңыз қара халықтың қамын жемейсіз бе!» деп тағы жібердім. Әзілдеген түрім. Байқаймын қолы дірілдей бастады. Бұл кезде мен орындыққа жайғасып алған едім. - Шашыңды неге алмағансың деп дүрсе қоя берді бұл жолы. «Аға, біз бірінші рет келіп тұрмыз. Лезвиямыз бар. Қазір сыпырып тастаймын» деп танысым араға түсті. – Сендер қазақтар осындайсыңдар. Неге дайындалып келмейсіңдер. Бәрің түгел сондайсыңдар. Ел болмайсыңдар деп аузына ақ ит кірді, көк ит шықты. Күре тамыры білеуленіп, шекесі тырысып, сөйлеп жатыр. Расымды айтайын, менің түсінігімдегі намаз оқитын адам, сондай биязы, сабырлы болса керек – ті. Мынауың бір пәле. Ішімнен, исламға кір келтіріп, намазхандарға күйе жағатын осындай адамдар - ау деген ой миымды ұрғылап: - Аға, көркем мінез қайда? Намаз оқисыз, орта жастан асқан адамсыз ақыл тоқтатқан деген лепес аузымнан тағы шығып кетті. - Бұған намаздың қандай қатысы бар деді ол, менің жайнамаз төселген бөлмеге көз қиығымды тастап тұрғанымды байқап. – Еврей де намаз оқиды. Басқалар да оқиды. Оны не деп айтып тұрсың?!
Істің ушығып бара жатқанын байқаған танысым: - Журналисттердің әдеті ғой, сұрақты төпелей беру. Айыпқа бұйырмаңыз, артық кетсек деп жуып - шайып жатыр өзінше. Анау болса, бір сәт таңданғандай кейіп танытты да: - Газет журналдардың бәрі еврейлерге жұмыс жасайды. Бәрін солар басқарып отыр. Сендер де һарам жұмыспен айналысып жүрген қусыңдар деп дүрсе қоя берді.
Мынадан кейін ол жерде отыру мүмкін емес еді. Орнымнан тұрдым да кете бардым. Танысым да артымнан жүгіре шықты.
Қазақстан ZAMAN газеті
Жалпы мұндай өркөкірек белгілі танымал тұлғалар да баршылық. өкінішке орай. Алла кешіре гөр!