САТЫБАЛДЫ ИШАННЫҢ ТҮСІ НЕМЕСЕ МАЗАР БҰЗҒАНДАРДЫҢ ЖАЗАСЫ
САТЫБАЛДЫ ИШАННЫҢ ТҮСІ НЕМЕСЕ МАЗАР БҰЗҒАНДАРДЫҢ ЖАЗАСЫ

Сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші саналатын күмбезді мазар Торғай өңіріндегі Амангелді ауданы орталығының оңтүстік жағындағы қорымда тұр. Халық оны «Сатыбалды ишан тамы» немесе «Файзолла ишан мазары» деп атайды. Сатыбалды Ғабдоллаұлы (лақап аты - Қыпшақ ишан) 1826 жылы Торғай уезіндегі Қайдауыл болысының Шомаң Қарасуы мекенінде дүниеге келген. Әке-шешесінен жастай айрылса да, апасы Мұғалиманың арқасында ауыл молдасынан сауатын ашып, Ташкентте, Бұқарада дін оқуын бітірген Сатыбалды 14 жыл бойы білім алып, ишан атанып, 1862 жылы Мекке – Мәдинаға қажылыққа барып үлкен беделге ие болады. Оны естіген Торғай билеушісі (Правитель) Сүлеймен төре елге шақыртып алып, ол елді имандылыққа бастайды. Сатыбалды ишан 1898 жылы қайтыс болғанда оның үлкен ұлы Мырза ишан Ташкенттен арнайы шеберлер алдырып, осы қоржын тамды салдырады. Оның төргі бөлмесінде Сатыбалды ишан, жанында баласы, құранқари Файзолла ақын Сатыбалдыұлы мен Омар қалпе Тепекұлы жатыр.

                                                   

(Баллада)

 

Бар ғұмырын арнап Хақтың жолына,

келген еді, түсті сырқат торына.

Өткен өмір көрген түстей көлбеңдеп,

тізбектеліп оралуда ойына.

         Не көрмеді, не өтпеді басынан?

Бір Алланың құлы болды жасынан.

 Енді, міне, туа сала торыған,

суық ажал кетпей отыр қасынан.

 Бір Алладан сұрағаны - ақ өлім!

(Иманды ұрпақ өсіргені - бағы оның).

Құлшылыққа мал - дәулетті мансұқ қып,

жадыратып көрсетпеді жабы өңін!

Қуат алып қасиетті Құраннан,

бес парыздан тірлік нәрі құралған,

 сөйте тұра, талай мәрте сыналған,

Тағдыр ісін мойынсұнып құп алған,

жатыр Ишан, көзбен шолып маңайын,

қоршап отыр бала - шаға, ағайын.

 Көрген түсін айтпақ болып ақырғы,

 көтерді әнтек қырау шалған самайын.

"Жалған дүние - ай, көзді арбайды қызығың,

Нәпсі деген - неткен ұзын құрығың?

Қыздарымның ұрлап алып қылығын,

ұлдарымының ашасың - ау былығын..."

 – Қарақтарым, мен ұзаққа бармаспын,

түсімде күн, қара түнмен алмасты.

Көз алдымда екі дәуір арбасты,

 арбасты да, жағама кеп жармасты.

Бір зауал күн келетіндей, жарандар!

 Дін мен ділден алшақтайды-ау адамдар.

Мешіттерді қора қылып,

 мазарларды қала көріп,

масаттанып күлер ме екен надандар?!.

Дінсіз қоғам орнатқандар,

Құдай жоқ деп шын ұққандар

 қаһарына ұшырайды Алланың.

Ол күнді мен көре алмаспын,

соры батпан алты алаштың,

құрбаны боп кетер талай жаланың.

Сүйген құлын Тәңір өзі қолдайды!

Жұрт осыны түсінбей жүр, сол - қайғы!

Қорғауында болам Жаббар Иемнің,

Мазарыма тиіскендер оңбайды.

Осыны айтып, нұрлы жүзі шоқтанып,

 (Әулие еді, Қыдыр қонған, бақ дарып).

Дәрет алып, намаз оқып екі бас,

 мәңгі өмірге кете барды аттанып.

                                *****

... Сары даланы ақ шаң басты алапат,

Ақ пен Қызыл әкелді елге зор апат.

 Ақ мешіттер ат қораға айналып,

молдалардан сырт айналды жамағат.

 Сан ғасырлық кесенелер құлады,

сарқылғандай болды ізгілік бұлағы.

Құдайсыздар жаназаны шығартпай,

дұға орнына ішіп жүрді сыраны.

Тойға айналды арты қайғы, қазаның,

 небір түрі орындалды жазаның.

 Бірақ ешкім бата алмады Ишанның,

 көк күмбезді қиратуға мазарын.

 Күн артынан күндер өтті, ай зулап,

 дінсіз қоғам сана менен ойды ұрлап.

Жатқан кезде, ауыл халқы Ишанның,

көрген түсін айтып жүрді сыбырлап.

«Қастерліні бағаламау – ұлтқа сын»,

- десек - тағы соғып жатты бұрқасын.

 «Қайдан шыққан әулие ол, құртыңдар,

 қу мазардың қалдырмаңдар бір тасын»

 - деген жарлық шошытты елді бір тоға,

мұңлы сарын есіп тұрды қырқадан.

.... Бірі балта, бірі қайла ұстаған,

 түн жамылып келе жатты екі адам.

Алла сүйген құлын қорғап қалды шын.

 Екі жауыз алды көптің қарғысын.

 Балта ұстаған құлатам деп күмбезді,

 өзі құлап, күлпарша етті жамбасын.

Екіншісі тастай салып қайласын,

зар илеген көріп байғұс жолдасын,

құба түзге безіп кетті жынданып,

одан кейін көрмеді ешкім қарасын.

                                      *****

Дінсіздердің көп қой тартар азабы.

 Хақты сүйген болмас пенде мазағы.

 Соның жарқын көрінісі секілді

ел сыйлаған баба Ишан мазары.

 

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
7 жыл бұрын 6953
0 пікір
Блог туралы