ШҰБАР МЫСЫҚТЫҢ «МИЯУЫ» НЕСІ?
ШҰБАР МЫСЫҚТЫҢ «МИЯУЫ» НЕСІ?

              

 «Үкімет пен Парламент жұмысын тек қазақша жүргізсін» деген пәрменді бұйрық шыққан күннің ертесіне далаға шықсам, жалқау итім «Гап - гап» деп үріп тұр. Бұрындары «ауп - ауп» дейтін.   «Е, қайтсін байғұс, интернет заманы емес пе, жақсы хабар бұған да жеткен екен ғой» деп ішімнен шүкірлік етудемін. «Гап» дегені, «қап» дегені ғой. Кәдімгі иттей қап,  осы мүмкіндікті жіберіп алма дегенді меңзегені.   Қазақтарға жаны ашып,  жағынған түрін - ай» деп аяп кетіп, түннен қалған соғым етін табағымен алдына қоя салдым. Қуанған адам не істемейді.

Жайшылықта «қыт-қыттайтын» тауықтарымның, «құт-құт» деп жүгіріп жүргендерін көріп жүрегім жарылып кете жаздасын. Қалай қуанбайсың, «енді елімізге құт келеді. Қуан, қазақ!» деп жатыр емес пе, шіркіндер. Жалма - жан сарайға бұрылып, айналдырған он шақты тауыққа бір шелек таза бидайды төге салдым. «Ақ түйенің қарны жарылып жатқанда» сараңдық көрсеткенім жарамас, тәйірі!

Адам көрсе, жем іздеп маңырай жөнелетін қой – ешкілерім, маған таңырқай қарайды.  Қызыға қарайды. Арагідік «мә-ә-ә-ә» десіп, жағымды жаңалыққа таңданыстарын жасырмайды тіпті.  Жануар ғой, «мә-ә-әәә» дегендері, қуаныштарың «мәңгі болсын» деген лебіздері деп ұқтым. Дәтім шыдамады, сары майдай сақтап жүрген ұн – кебектің бір қабын қақ  жарып орталарына тастай салдым. Менің жомарттығыма риза болғандары сондай, бәрі жамырап «Мә-ә-ә-ә-ә» деп шығарып салды.

Қораны айнала бергенімде «қарасан келгір» сиырларымның «мөңіреудің» орнына «еңіреп» тұрғандарын көрдім. Кәдімгідей көздерінен жас парлап, сала құлаш тілдерімен бірінің мойынын бірі жалап қояды.  Қуанған түрлері, қайтсын енді. Ортасында тұрған әйелім мәз. Әр сиырдың астына қойған шелектерге «қуаныштан» иіген желіндер, «сырт - сырт» етудің орнына «ғұрып - ғұрып» деп төгіп жатыр. Демек, тілің дұрысталса, ғұрпыңда оңалады деген «намек» тәрізді. Бұларға да көк шөптен молырақ салдым. Жесін! Қазақтың дүниесін кім жемей жатыр.

Үйге келіп теледидарды қоссам, Үкімет отырысы жүріп жатыр екен. Бір түрлі жанға жайлы жиын. Бәрі қазақша сайрауда. Қазақшаңды қақпайтын министрлер баяндамаларын бастауыш сыныптың баласындай ежелеп оқуда.  Аянышты кескіндер. Байлаулы тілдер.... «Сендерге сол керек. Тоқпағы мықты болса темір қазық жерге кіреді» деп масайрап мен отырмын. Кенет дәл қасымда жатқан шұбар мысығым, орнынан дүр сілкініп тұрды да, көзіме тіке қарап, «Мияу» демесі бар ма? Шалқамнан түсе жаздадым. Бар жылы жұмсағымды жеп, жылы пештің түбінде жататын мысықтан мен мұны күтпеген едім. Менің қуанышыма ортақтасудың орнына, маған «Сен мияусың, мыжымасың, қыртсың! Көрерміз қуаныштарыңның қаншаға созылғанын» деп  тұрғандай көрінді. Тұрпаты - біздің қоғамдағы мысық – тілеу адамдардың кейпі. Ашуланғаным сондай, шұбар мысықты желкесінен бүріп ұстап далаға лақтырып жібердім....

 

Нағашыбай Қабылбек

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
7 жыл бұрын 3392
0 пікір
Блог туралы