Сын айту Исламға жат па?
Сын айту Исламға жат па?

 

Адам ойы қарыштап дамыған сайын, қиялдан озған кереметтер таңғажайып күйге бөлеген сайын адамзат баласы Құранның құдіретіне бас июмен келеді. Һақ діннің нұрынан демеу іздеген пенделер саны күннен күнге артып келе жатқаны соның айғағы. Қазіргі жастардың арақ-шараптан бойларын аулақ салып, заманға бейімделіп, жақсы тұрмыс кешудің парқын түсіне бастағандары қуантады. Қалай десек те ойлы да, саналы ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан Алланың қалауымен дүниеге мұсылман болып келгенімізге шүкіршілік айтудан танбаймыз. Ата-бабамыз ұстанған дінді құрметтейміз, ұлықтаймыз. Жолында жанымыз құрбан. Аллаға сансыз мадақ, пайғамбарға салауат айтамыз. Шама-шарқымыз келгенше жұма намазға барып, садақамызды береміз. Түзу жүріп, дұрыс сөйлегіміз келеді. (Әрине пенде болған соң кейде жұмыс барысында, күйкі тіршілікте өкпе-реніш болып жатады. Оның бәрін жіпке тізбей ақ қоялық). Мұның бәрі құлшылықтың ең төменгі сатысы екені де белгілі. Алайда, Алла тағала біздің құлшылығымызға зәру емес қой. Шын көңілмен берілген садақаның өзінің сауабы барын пайғамбарымыз (с.ә.у) хадистерде айтып кеткені көңілге демеу. Дін атын жамылып дүниені бүлдіріп жүргендерге қарағанда өзімізді «періштедей» сезінетініміз рас. Дей тұрғанмен салт-дәстүрді қатаң ұстауға пейілміз. Бүгінгі таңда діннен «қуат» алған, намазға жығылмағанның бәріне ашулы, ата дәстүріміздің (Сейіт Кенжеахметов, т.б ағаларымыз сарылып жинаған) ырым, тыйымдарының тең жарымын «талақ» етуге, сынап-мінеуге құмар, құраннан аз-маз хабары болғанымен, мұхиттай терең аяттар мен сүрелердің, тағылымы мол хадистердің мағанасын толық түсінбеген кейбір фанатик жастардан көресіні көріп келеміз. «Біссіміләсін» құран аяттарымен  бастайтын олар, кез келген мәселеге діни тұрғыдан қарап, ілезде аузыңды жабуға тырысады. Жүріп-тұруыңның өзінен бір кінә тауып, реті келсе аяқтан шалып қалуға тырысатыны жаныңа қалай батпасын. Ислам діні пендесінің сабырлы, салмақты болғанын қалайды. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» екенін ескертеді.

Ал біздің кейбір діндарларымыз мінезге неге бай емес. Сын айтсаң талағы тарс айырылады. Кейбірінің ашуланғандағы түрін көрсең, шошисың. Әдеп жоқ жерде имандылықтың тамыры тереңге кетпесі анық. Өкінішке орай, біздің қоғамда дін атын жамылып мал табарлар көбейіп кетті. Кімді алдап жүргенін біле ме екен пәтшағарлар?!

Сын демекші, жақында хиджаб киген бір әйел автобусқа мінді. Салондағы жігіт ағасын қай түлен түрткені белгісіз, әлгі әйелге «хиджап кимей-ақ, дінді ұстап, әдемі көрінуге болады ғой» деп басы бәлеге қалды. Исламның «нәрімен» сусындаған әлгі келіншектің аузынан ақ ит кірді, көк ит шықты.

Көзбен көрген жұрттың бәрі жағаларын ұстады. Мұндай соққыны күтпеген жігіт ағасы «бетті басты, қатты састы, тұра қашты жалма-жан». Жігіттікі дұрыс болмаған күнде де дәл осылай беттен алу ибалы, инабатты қазақ қызына қол ма? Дәл осындай қылықтардың, арсыз ашудың қасиетті дінімізге пайдасы бар ма?

Басқаны білмеймін өнер ортасы даулы мәселеге толы. Пікір қайшылықтары туындаған жерде сын бар. «Сын түзелмей мін түзелмейтіні» тағы рас. Біреуге ұнайсың, болмаса біреудің кезекті нысанасына айналып «әйкәпір» атанасың.  Мұның бәрі белгілі жәйттар ғой, көп созбайын.

Айтпағым, жақында бір ақынсымақтың белді газеттің біріне шыққан өлеңдерін сынап едім, арылмас дауға қалдым. Діннің «уызын» емгендердің сөзіне қарағанда мен «адасып» кеткен көрінемін. Сыным исламға жат,  құранға қайшы. Адамның көңіліне қарамай, «тәртіп» сақтамай, шайтанның «азғыруына» ерген деген бұлтартпас «диогноз» қойылды. «Құранда біреуді сынап жаҺанға жар салуға болмайды, сен күнаға баттың» дегенде түні бойы ұйықтай алмай дөңбекшігенімді жасырмаймын. Содан ойлана келе «сыншыларыма» дат айтпаққа бекіндім.  Егер бетімен кеткен билікті сынамасақ, бишараны жүндей түткен змиянға қой демесек, әлсізге араша түспесек, қиянат шекпенін жамылған оспадарға тоқтау айтпасақ, әдебиеттегі шала жазылған күлді көмеш дүниелерді көзге шұқып көрсетпесек қолымызға несіне қалам ұстап жүрміз. (Бұл жерде бақай есеп үшін біреудің намысына тиіп қаралау жайлы сөз басқа). Әдебиетті өрге сүйреп, толғамды ой тудыруға сынның берері көп. Одан "бәле" іздеуге еш негіз көріп тұрғам жоқ.

Қасиетті дініміздің асыл ойларын орынды орынсыз кез келген мәселеге тықпалай беру қаншалықты орынды. Мұны патша көңілді оқырманның талқысына қалдырмақпын.

Кейде тыңдап отырсаң самайына келістіріп сақал қойған жас балалар екі сөзінің бірінде «ширк» деп, пенделердің әбес қылығына налып отырады. Осы бір сөзді жиі қолданудың, «көпіртіп» пайдаланудың қаншалықты күнә екені бір Аллаға ғана аян.

Абай дәуірінен қанша алыстасақ та Абайға жүгіне беретініміз, оның ойлы сөзіне айналып соға беретініміз неліктен? «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек. Заманға жаман  күйлемек, замана оны илемек» депті дана Абай . Қалай тауып айтқан, ә

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 жыл бұрын 4361
0 пікір
Блог туралы