АУЫЛДАҒЫ «ОҚИҒА» МЕН БҮГІНГІ БИЛІКТЕ ТҮК АЙЫРМА ЖОҚ!
АУЫЛДАҒЫ «ОҚИҒА» МЕН БҮГІНГІ БИЛІКТЕ ТҮК АЙЫРМА ЖОҚ!

Мен туған шағын ғана Тентексай атты ауылда Толик деген орыс тұрды. Шикіл сары, таңқы танау, шүңірек көз көп орыстың бірі. Қатыны Валя аяғын сылтып басып жүретін, белі бүкірейген, бір жақ көзінде тыртығы бар жирен шашты әйел еді.

Бар - жоғы он шақты түтіні бар ауылдың бар керек - жарағын осы екі орыс (бейнелеп айтсақ) - өңдейтін «Фабрика», «Зауыт» секілді-тін.

Бұл 1993 - 1999 жылдардағы көрініс. Қиын кезең еді ғой. Бәрі тапшы. 2020 - да гүлдей жайнаймыз деген сенім күшті кез.

Әлгі Толик ауылдағы қазақтардың аяқ-киімін тігетін, арасының түзін егейтін, пышағының жүзін қайрайтын, балтасын саптайтын...

Қатыны Валя ауыл жұртының жыртығын жамайтын, көзі сығырайып ескі-құсқыдан қолғаптар тоқитын.

Әйтеуір, тіршілік үшін күресіп жататын екеуі... Ауылда ол кезде жарық жоқ. (Ауылға келетін баған сымдарын пысықайлар жинап алып ақшаға өткізіп жіберген тұс). Ақша тағы жоқ. Ең «беделді адамдар» зейнеткерлер мен мұғалімдер ғана. Олардың өзі айлап-жылдап ақша көрмейді кейде. Сондықтан ақша деген сөз жоқ. Бәрі бартер, бәрі айырбас...Бір қойдың отыз пәтішке «полетке» мініп «маңырап» деп «ұшып» кетіп жатқан уақыты.

Ал Толиктің еңбегін ауыл адамдары құрт -май, айран-сүт, самосад (темекі де жоқ), шай және етпен бағалайды.

Бір қызығы, олар қазақтардың бергенін аз не көп демейді. Ала береді. Айтты ма, істейді. Уәде бере ме орындайды. Дауласып жатпайды.

Уәдесінде тұрмайтындарға жалғыз жаза бар - әкелген заты көп жатып қалады...Көпке дейін кезек тимейді оған...

«Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді» дейтін қазекем бірден түсіне қалады ондай да. Көңілін табуға тырысады өйтіп-бүйтіп..

Екі орыс осылайша шығын ауылға абыройлы болды. Және орыс тілінің «үстемдігін» ұстап тұрды. Негізі абыройлы болу үшін адамға көп нәрсе керек емес екен.

Ешкімге ұрынба, өз ісіңе мықты бол!

Тура жүр!

Арыңды сатпа!

Өтірік айтпа!

Болды!

Олар осы ұстанымға сай тірлік кешті.

Ұрлық жасамайды, біреудің терезесін қақпайды, өсек-өтірік айтпайды. Біреуді сыртынан ғайбаттамайды. Түзу жүреді, түзу тұрады.

Екі орыстың қалпына қарап, тіпті бір әжеміздің, көп сөйлемейтін, уәдесіне берік, іске ебі бар адамдарды «Бәленшекең, орыс мінезді екен» деп мақтағаны ауыл арасына кең тарап кеткені бар.

Өзі де кейде «Мен орыс мінездімін» деп қоқиланып отыратын. Міне, саған үлгі!

Ауылдың үлкен-кішісі олармен (білсін, білмесін) орысша-қазақша араластырып сөйлеседі. Аналар бәрін түсінеді бір ғажабы. Күліп отырып тыңдайды.

Бірақ, ауылдың бір қазағы «бұларға қазақша сөйлейін» деген емес. Ондай ниетте аңғарылмайтын.

«Орысқа орысша сөйлеу керек» деген түйсік бәріне кінәлі, шамасы.

Валя «әжемізді» ауылдың баласына дейін Баля дейтін. Тілі келмейтін кішкентайлардың өзі «Бәлә», «Бәлә» деп шақыратын.

Иә, олар ешкімге зәредей зиянын тигізбеді. Солай өмірден өтті... Қазақтардың психологиясын жақсы білгендіктен де тыныш өмір сүрген болар деп топшалаймын.

Ешкімге қол жайып қайыр сұрағанын көрген емеспін. Қыс қалай бітеді, «Фабрика» мен «Зауыттың» өнім шығаруы азаяды. Өйткені сұраныс жоқ. Сұраныс жоқ жерде табыс қайдан болсын.

Қыстан шыққан қазекем, тығыз бір шаруасы болмаса, олардың «үйшігіне» бас сұқпайды. Оған өкпелейтін Толик пе, «Өлмеген құлға жаз шыққанын» көріп, қолына қақпаны мен трос сымнан тарқатылған (петля) тұзағын алып зорман аулауға шығып кетеді. Оның нәтижесі Толиктің жүзінен, Валяның жүрісінен аңғарылады. Өйткені Толиктің жүзі қызыл шырайланып, жасарып кетеді. Валя жас қыздай қутыңдап, күш жинап алады... Айтпақшы, Валяның Толиктен он жастай үлкендігі бар. (Сапар ақсақал айтады: Жас кездерінде араларында үлкен махаббат болған. Валя өте сұлу екен. Валяның көзін Толик ұрып жаралаған...).

«Естіген құлақта жазық жоқ» қой...

Екеуінің жас айырмашылығы байқалып тұратын, дегенмен...

Қашан барсаң да пештің үстінде қара шәйнек «әндетіп» тұрады. Ішетіндері чифирь. Қуықтай бөлмелері темекі түтінінен көк тұман қашан барсаң да. Екі бұрышта екі кровать. Үстерінде екі қалың матрас, екі одеяло. Екі корваттың түйіскен жерінде айқышқа керілген Иса пайғамбардың суреті. Шағын үстелдің үстінде екі темір кружка. Екі темір ыдыс. Өткір пышақ, екі ас қасық, екі шанышқы. Бітті. Басқа дүние көрген емеспін.

Сондай қарапайым тіршілік кешті екеуі. «Бар дүниелерін араққа айырбастап жіберген» дейтін білетіндер. Онда біздің шаруамыз қанша?

Бала жоқ, бала болмағасын уайым-қайғы қайдан болсын.

Ұмытып барады екем ғой, балалар үйінен бір ұл асырап алған баяғыда. Аты Аркашка еді. Қазақшаға судай еді... Ата-анасы табылып, алып кетті деп жұрт шулайтын. (Бертінде Арқалықта кездесіп, мені бірден танып құшақтай алғаны бар...Ол туралы уақыт болса, амандық болса жазармын).

«Бұл не айтқысы келіп отыр?» дейтіндер табылар.

Айтқым келгені, айқай-ұйқай мен қазақтың тілін өзгелерге үйретеміз деу бекершілік. Оған ауылдағы осы кішкентай оқиға жетіп жатыр. Бұл қазақтың әр ауылында болуы әбден мүмкін.

Ең бастысы: Тілге сұраныс туғызу!

Талап ету!

Біреудің ығына жығылуды қою!

 

ПЫ-СЫ: Бірде «тек қана орысша сөйлейтін» Толик пен кемпірінен «қазақша білесіздер ме, білсеңіздер неге сөйлемейсіздер?» деп сұраған болатынмын. Сондай екеуі: - Қырық жылдай қазақ жерінде, қазақ ауылында тіршілік кештік. Әрине білеміз, жақсы түсінеміз. Алайда сөйлеп кетуге ұяламыз. Біздің бағымызға қарай, қазақтар өздері орысшаға құмар. Білсін-білмесін соға береді. Олардың айтқанын түгел түсінбесек, шаруаларын қалай істейміз, тапсырмаларын қалай орындаймыз? Ол үшін аудармашы керек болар еді?

Егер қазақтар талап етсе, күнкөріс үшін сөйлемей қайда барамыз? - деп өзімді ұялтқаны есімде қалыпты.

Шағын ауылдағы мен көрген оқиға мен бүгінгі биліктегі жағдайдың еш айырмасы жоқ. Екеуі де орыстың ығына жығылып сорлап отыр....Әйтпесе...

 

 

 

 

 

 

 

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
4 года назад 2494
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир