БИЛІК - БАЛАНЫ АЯСАҢДАРШЫ, АҒАЙЫН?
БИЛІК - БАЛАНЫ АЯСАҢДАРШЫ, АҒАЙЫН?

 

Бір ағам балалық шағы туралы айтып отырып "Оны бала кезімде күнде ұратын едім. (Құрдасын айтады) Семіз еді антұрған. Дәу еді. Сөйте тұра әйдік қорқақ еді байғұс, ұрып жатсам, қорсылдап бұға береді. Төмпештеймін -ай келіп. Рахаттанып қаламын.

Басында ірілігінен қаймығатынмын. Егер шындап кетсе, құшақтап алып бауырына басып жата қалса, жағдайым қиын болатынын білемін өзім.

Бірақ оның қорқақтығы мені батыр қылды. Күнде ұрамын. Кәдімгідей қуып жүріп ұрамын. Ұрмасам тамақ батпайды. Оны көрсем жын көргендей тұра ұмтыламын. Кейін тіпті үйіне іздеп барып ұратынды шығардым.

Әй, қанша таяқ жеп жатса да бір мың етпейді, қыңқ етпейді - ай.

Не мұғалімге, не ата- анасына мұңын шақпайды. Көнтері, мешок еді...

Қазір шамам жетпейді. Есейіп кетті ғой, за то, баяғыда айызым қанғанша ұрып алғанмын" деп қылжақтап қоятын.

Сол ағам айтпақшы, билік - баланы қазір кім ұрмай жатыр. Кім тілдемей жатыр. Қит етсе болды, қаралай жөнелуге дайын жұрт.

Ашуланғанның бәрі былш еткізіп бір салып кетуге құмар. Байғұс билік именшек бала секілді - қорғанып, жасқанып, елемей жүре бергісі келеді, бірақ аяқтан шалып, ту сыртынан теуіп жатқасын бірдеңе айтуы керек қой. Ақталады. Кінәсіз екенін дәлелдегісі келеді. Бірақ бәрібір тыңдап жатқан адам аз...

Сосын былық- шылықтың көп екенін өздері де сезеді - ау, көбіне үндері баяу, қимылдары самарқау. Бірінің батпағына, екіншілері белуардан батып шыға алмай жатқандай кейіпте...

Жақсылық жасағысы келеді билік- бала, бірақ "ата - анасынан" қаймығып, солардың сөзінен шыға алмай күбіжіктей беретінін бәріміз байқап жүрміз...

Бүгін сол билік - балаға араша түскім келіп отыр. Тіпті обал болды. "Қоңды" деп, "майлы" деп, "үндемейді" деп, "көнбіс" деп тілдей беру, жұлқылай беру адамшылыққа жат қой тіпті.

Аясаңдаршы байғұсты төпелей бермей. Жарайды "балалықпен" 42500 теңгені беру кезінде қателесіп кеткен шығар. Онда тұрған не бар? Баланың ісі шала емес пе қай кезде де!

Ал Сіздер оны скроводкада қуырылып жатқан балықтай шыжғырасыңдар келіп.

Иә, білмеген у ішеді. Енді сабақ болатын шығар! Мүмкіндік берейік...Сосын тағы бір көрейік!

Билік - баланы жетім баладай, қорғансыз баладай төпелей жөнелтетін ересек ағайын сөзіме құлақ салсаңыз?! Датым бар!

42500 теңгеге жұмысы бола тұра, мысық пиғылмен көзді жұмып жіберіп тіркеліп, оны қанжығасына бөктергендер бәленбей мың адам көрінеді шамамен. Өте көп!

Жарайды біреуі біліп, біреуі білмеген шығар. Әйтседе адамда "Менің осы ісім қалай болар екен, ұят емес пе? Бұл қаржы шын мұқтаждарға тиесілі ғой. Біреудің несібесіне ортақтасып жатқан жоқпын ба? Менде шүкір жұмыс бар ғой" деп ойлануға да көп ақыл керек пе?

Олардың ішінде біріміздің келініміз, ініміз, ағамыз, жеңгеміз, құдамыз, жиеніміз, қарындасымыз, тіпті болмағанда жамағайын бір туысымыз жүргені анық.

Көпшілігіміз бүгінгі билік- баланы сынауға келгенде алдымызға қара салмаймыз. Бәріміз әділдікті, ақиқатты талап етеміз. Билік- баланы "тамаққа тоймайтын" мешкей деп кіналап жатамыз.

Бірақ өзіміздің ісіміз мынау. Реті келсе мемлекеттің қалтасына қолды салып жіберіп, екі асап жібергіміз келеді.

Мүмкіндік туса қарпып қалуға дайын тұрамыз.

Сөйте тұра, жемқорлар туралы, пайдакүнемдер жайында әңгімелер айтамыз? Пыш- пыштаймыз.

Бүгінгі билік - баланы ұрып- ұрып қуып жіберсек, оның орнына ақылды билік- бала келе қалса дейміз. Ол билік - бала түзу жолмен жүріп, маңайына әділ қараса дейміз.

Бірақ өзімізге сын көзбен қарауға мүлде жоқпыз. Егер ашкөздігіміз тиылмаса, қанағат қарын тойғызады дегенді парықтамасақ, мың дүркін билік- бала ауысса да, біздің санамыз бен құлқынымыз өзгермейтіні айдан анық.

Өйткені пиғылымыз жаман. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ көбіміз сондаймыз.

Алла Тағала ниетке береді дейді қазақ. Сондықтанда алдымен ниетімізді дұрыстап алсақ, шіркін!

Жұмысы бола тұра бірнеше мың адамның, табыссыз қалғандарға берілуге тиіс 42500 теңгеге "жармасып" алуы "құлдық санамыздың " көрсеткіші болып жүрмесін!

 

Жапония дамыған ел дейміз. Оған сөз жоқ.

Алайда дамыған елдің халқына қараңызшы, ізгілікке жандары жақын. Мейірбан. Таласып, тартыспайды. Сондықтан да ұрлық-қарлық өте аз. Ең бастысы халқы еңбекқор. Билікте халқымен санасады.

Бір жылдары Жапонияда цунами болып, үйлер қирады, одан кейін атомэлектр станциясы өртенді. Сонда қирандылардың арасынан қаншама қымбат бұйымдар мен ақшалар табылды. Соларды жымқырып кетсе оларға ешкім қой демес еді. Бірақ жапон халқы табылған дүниелерді сол жерге тасқа бастырып кетіп отырыпты. Бүлінген жерден бүлдіргі алма деген осы ғой!

Шынымызды айтайық, мұсылманбыз деп кеуде қаққанда, ой, қандаймыз, алайда кейбіріміздің қолымыздан келмейтін іс қой бұл.

Негізі кей адамдардың ашкөздігі - елдің дамуына да кедергі жасайма деп қорқамын. Сондықтан алдымен өзімізді дұрыстап алмай, жарқын қоғам құрамыз деу - қиял ғана секілді ....

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
4 года назад 2343
0 комментариев
О блоге
Прямой эфир