Бүгінгі сатира АБАЙ ЭСТАФЕТАСЫНАН ҚУАТ АЛҒАН ӘКІМ!
Бүгінгі сатира  АБАЙ ЭСТАФЕТАСЫНАН ҚУАТ АЛҒАН ӘКІМ!

 -1- 

Қара телефон мен қара қатын

Үйдегі қара телефон «шар» ете қалғанда, қара қатынымның «баж» ете қалатын әдеті. Неге «баж» етеді, оны өзінен басқа тірі жан білмейді. Күндегісі сол. Қара телефон күндесі секілді. Күн бермейді. Кейде сырласып "шай ішіп" отырғандай әсерге бөлегенімен, соңғы жағында қалшылдап, дірілдеп «еш кінәсі жоқ» телефон тұтқасын дүрс еткізіп ұяшығына қоя салады. Дыз етпе мінезі бар демесең, қоғамдағы «ауа райын» тез аңғарып қалатын қасиетке ие. Көмейде бүлкілдеген түлкі - емеуірінді, ауыз-апаннан шыға бере тұзаққа түсіретін аңшыдай әккі. Байқағыштығы – қыран бүркіттей жылдам. Қиырдағыны қырғидай қағып тастайтыны – өткірлігі. Аты мен заты да соған сай келуін қарасай. Аңғаргүл Байқағышқызы. 
Күндегі әдеті бойынша «бейкүнә» нәресте-телефон шар ете қалғаны сол, ұялы телефонын шұқылап отырған әйелім шоқ басып алғандай «баж» етіп жетіп барды. Екпіні шаштан алып сабайтын адамның кейпі. Долданып барып тұтқаны көтеріп, сілейіп қатты да қалды. Жай тұрмай телефон тұтқасына сүлікше жабысып, екі қолымен қапсырып тастай қысып алғаны маған ұнамады. Көзі алақ-жұлақ. Шыдай алмай әйеліме көмекке ұмтылдым. Бір жағы еркек емеспін бе, телефон тұтқасының төменгі иегі "шүртиген ерін" секілді көзіме елестеп, ішімді қызғаныштың қызыл иті талап, жанымды шығарып барады. Тап сол «иек тұстан» бір ұрып, күрек тісін күлпарша етер ме еді деп қоям. Алайда ол жерге жұдырық «сүйкенсе» кейін өзімнің да денсаулығыма «қиянат» жасап алам ба деген қорқыныш сап – сап дейді. Мұның бәрі қас-қағым сәтте ми қыртысында болып жатқан арпалыс қой. ("Кім келіп, кім кетпейді бұл жалғанға" дегендей, не келіп не кетпейді бұл қазан басқа! ).
Осылайша жағадан алған күдікті - оймен жағаласып қатыныма жетсем, ол байғұстың екі қолы телефон тұтқасына қарысып қалыпты. Әрең ажыратып алып, құлағымды тоссам, жоғарыдан хабарласып тұрған қыз екен.
– Сіз, АрызБек СыншыБайұлысыз ба?
– «Иә» - дедім, дауысым қарлығып. (Жайшылықта шіңк –шіңк ететін үнім жүні жығылып басылып қалыпты).
– «Билікті бит басса, әкімнен сірке ізде» деген мақаланы сіз жаздыңыз ба?
– Иә.
– Сол мақалаңыз «Көк төбеде» біраз шу туғызды. Көгеріп келе жатқан, көктеп келе жатқан біраз кадр көктей солды. Шеф ешкімді аяған жоқ...
– ???
– Сіз, өзіңіз қан – жоса етіп сынаған «Кері кеткен» ауылына әкім болып сайландыңыз?
– Ол ауылдың әкімі бар ғой?...
– Ондағы әкім қызметінен алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, абақтыға қамалғалы жатыр. 
– Сонда мен?...
– Мен ештеңе білмеймін. Сізге жоғарының шешімін жеткіздім. Қызметіңізбен құттықтаймын! Сау болыңыз!
– Гук-гук-гук...
Талықсып жатқан қатынның бетіне бір шелек суды шашып жіберіп әрең есін жиғыздым. Сонда да былқ-сылқ. Өң мен түстің арасындағы бір халді кешіп жатыр. Тұла бойы дел-сал екені көріні тұр.
-«Жаңағы естігенім рас па?» дейді маған аянышты кейіпте.
– Иә, арманың әкімнің әйелі болу еді ғой, жеттің ол арманыңа- дедім құдіретті әтештей қоқиланып .

-2-

ӘКІМ БОЛДЫМ МІНЕКЕЙ....

Атағы «алысқа» кеткен «Кері кеткен» ауылына әкім болып сайланғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Ат шаптырым кең кабинетте шалқып отырмын. Көңілім тоқ. Уайым жоқ. Күнде ет жегесін бе, әлде асқазаны түскір бұрын- соңды мұнша көп "заказды" "оптом" қабылдап үйренбеген бе, нақты айту қиын, әйтеуір мазасы қашып, «артық құйылып жатқан дүниені» жатырқап, анда-санда қыжылдап сигнал беріп әлек... Бірақ оған қазір көңіл аударуға мұрша аз. Жұмыс шаш етектен. Сіңбіруге мұрша жоқ сенсеңіз. Жөнделмеген шұрқ- тесік жол... ауыл ішіне тартылмаған ауыз су... кірпішін мұражайға жіберетін ескі мектеп... кеңестік дәуірден "мұраға қалған" көнерген клуб... осылай кете береді.

Айтпақшы, бәлесі жұғар деп АрызБек СыншыБайұлы деген әкем азан шақырып қойған ныспыдан келе сала құтылдым. Құтылуыма қатыным көп күш жұмсады. «Құлаққа түрпідей тиеді екен біртүрлі... Бұрын қалай жүргенсің,,, ұяттағы.... Бұл сенің келешекте өсуіңе кедергі келтіреді. Мұның алдын алу керек» деп, «отыз күн ойланып, қырық күн толғанып», саған «Көнгішбек» деген ат лайық деп ЦОН – ға барып құжатымды жаңалады. «Ыңқ» демедім. Күшіне әбден мінген әйелім онымен тоқтамай, «Әкеңнің де есіме «не то». Мен көргенде басын шұлғып отыратын еді ғой» деп «Оны» да жаңалап жіберді. «Бүлк» етпедім. Сөйтіп ойламаған жерден Көнгішбек БасШұлғығышұлы болып шыға келдім. Әкемнің аты жаңылытпаш секілді құлаққа жағымсыз естілгенімен, бұрыңғыдан көп жақсы. Өзіме осы есім-сой қатты ұнап жүр.
Жасырмаймын көптің арасында менің бұрынғы атымды еске салып, қыжыртып, соқтығып өтетіндер кездесті басында. Олардың "сыбағасын беру үшін", жақын-жұрағатын іздеп тапқызып әлеуметтік көмектен «қағып» тастағанмын баяғыда... Содан бері тиісетіндер, ыңғайы келсе келекелейтіндер қарасы азайды. 
Әкім болып сайланғалы ең үлкен жеңісім мынау, ешкімге дес бермей келген арызқой Жазғышбек ЖауІздегіш шалды астыртын үйге шақырып, бас тартып, үстіне шапан, астына ат мінгізіп «шалқасынан» түсіргенмін. Қазір ол шал маған арыз жазбақ түгілі, үстеме шыбын қонса мазасы қашатын жағдай да... 
Ал Әкиматтың алдына шығып «бунт» ұйымдастыруға құштар төрт-бес әйелдің «шаруасын» әйелім өзі тындыра салды. Осылайша «Кері кеткен» ауылы қазір «ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда». Мұғалімдерге қорғаныш болғысы келіп қиқаңдаған мектеп директорының да жынын қағып алдым өткенде. Қазір байғұс алдымда құрдай жорғалайды.
Несін айтасың, әкім болған керемет екен ғой. Бәрі алдыңда именіп, басын иіп, "сәлем салып" тұрады. Өзіңді жарты әлемнің құдайы сезінеді екенсің. Кейде ескі жыным қозғанда аппаратты кабинетіме жинап алып, «ит терілерін бастарына қаптап», халықпен жұмыс жасамай жатсыңдар - деп соғып-соғып аламын. Бишаралардың бірі бетіме тура қарай алмайды. Айыпты адамдай жерден көздерін алмай міңгірлегендерін көріп айызым қана түседі. Бас көтермек болған бір-екеуін тентіретіп жібердім. Көрсін. Әкімнің күш -қуатын сезінсін!
Әкім болып келгелі бітірген, өзім мақтанышпен айтар бір іс, «Әкімге қарсы келу – әкеңе қарсы келумен бірдей» деген ас ішіп отырғанда көкейге келген қанатты сөзді әкиматтың алдына афоризмге балап плакатқа жаздырып ілгізіп қойғаным. 
Екінші тындырған ісім, аз уақытта ең жеңіл салмақтан «қарғып» өтіп, абсалютті әкім атанғаным...Өй, рахат өмір кешіп жатырмын..

        - 3 --

"АҚЫЛ ҚАЛТАНЫҢ" АРҚАСЫНДА,
ЕЛГЕ ТАНЫЛДЫМ...НАНАСЫҢ БА?

Ат шаптырым кабинет. Үстел үсті самсаған телефон. Алдымда түйенің жарты етіндей дүңкиген – компьютер. Артымда – сенім артқан тұлғамның портреті. Екі ортада қасқиып отырамын. Бұрынғыдай емес – қаламға қол бармайды. "Жармақтай» екіге жарылған секілдімін.
Баяғы АрызБек СыншыБайұлы басқа әлемге кетіп, Көнгішбек БасШұлғығышұлы осы дүиеге қайта оралғандай кейіптемін.
Не істерімді білмей ішім пысып, тісімді шұқып отыр едім, секретаршам Саңқылдақ Сызылғанқызы: – Көнгішбек БасШұлғығышевич, Сіздің ватсабыңызға аудан әкімі Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жіберіпті. Қабылдасаңызшы? ӨсеБерген Тоқтамайұлынан ұят болды ғой – деп алдымда сызылып тұр. 
Жалма жан аудан әкімінің эстафетасын қабылдап алып, Өсекеңнің «кемеңгерлігі» жайлы ұзақ толғадым. Тіпті Абайдан да асырып тастадым –ау деймін... ӨсеБерген мырза қатты риза болғанға ұқсайды. Ватсаптағы смайлктің бас бармағын шошайтып қойғаны сөзіме бұлтартпас дәлел. 
Сонымен қойшы, жан қысылғанда жүгінетін, ақыл – кеңесіне үңілетін ежелгі әдетіме басып «ақыл қалтама» қоңырау шалдым. Ол – қатыным Аңғаргүл Байқағышқызы ғой. Ондағы ойым Абай өлеңінің қайсысы оң жамбасыма келетінін білу.
- Аңғаргүл жаным, қалайсың?
- Төрем не болып қалды? (Әкім болғалы осылай атайды мені).
- Ештеңе. Бірдеңе сұрайын деп едім?
- Сұра, төрем?
- Маған Абай өлеңдерін оқудан аудан әкімінен эстафета келді. Ендігі кезек менікі. Абайдың бір өлеңін болмаса қара сөзін оқып, оны біреуге жөнелтуім керек сияқты.
- Оның не қиындығы бар. Абайдың кез келген өлеңі шедевр емес пе? Алда, оқи бер..
- Онда «Жаздүкін шілде болғанда» өлеңін оқимын.
- Ойбай, тоқта, ол болмайды екен. Одан да Сен ертең ауыл халқының алдына шығып Абайдың мына өлеңін оқы:
«Болыс болдым мінекей 
Бар малымды шығындап. 
Түйеде қом, атта жал 
Қалмады елге тығындап. 
Сүйтсе дағы елімді 
Ұстай алмадым мығымдап. 
Күштілерім сөз айтса, 
Бас изеймін шыбындап. 
Әлсіздің сөзін салғыртсып, 
Шала ұғамын қырындап....
- Әу, тоқта... қайда тартып барасың– деп, арқасы қозған қатынымды Шалқұйрықты Ертөстік арқан керіп тоқтатқандай «құйғытып» келе жатқан жерінен әрең тоқтаттым.
- Сен былай жаса – деді ентіккен қатыным бұйыра сөйлеп,
- Ертеңнен қалдырмай эстафетаны біреуге жөнелтуің керек.
- Иә, оны шешіп қойдым. Көрші «Болашақтан алыс» ауылындағы әріптесім Қаймығар Қорқақовқа жіберемін.
- Ойбай, не дейді? Сорлы екенсің ғой, өзің барып тұрған. Көлеңкесінен қорқатын Қорқақовтан саған не пайда бар? Одан да құлашты кеңге салып, әлемге танымал тұлғаларға жақындамайсың ба? Әлеуметтік желі күні ертең у-шу болып, «Көнгішбек Басшұлғығышұлы Абай өлеңдерінің эстафетасын екінің бірінің қолы жетпейтін бәленше түгенешеевичке жолдапты» деген атының өзі қандай. Демек асықпа. Бұл тыңғылықты ойланып жасайтын жұмыс. Қазір құстай ұшып жетемін. Мені күт!
Қатыным Аңғаргүл Байқағышқызының бұл тығырықтан мені алып шығарына имандай сенгендіктен асыға күтіп отырған жайым бар....

«Қазақстан дәуірі» газеті

Нағашыбай Қабылбек

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
5 лет назад 4262
0 комментариев
О блоге