Үндібектің жалғыз-ақ арманы бар қазір. Ол — Калянидің келер жылғы екінші наурызға аман-есен жетуі. «Шіркін, сол күн тезірек келсе!..» — деп қояды ішінен. «Әжейдің қолын сүйіп, жерге тізерлеп отырып, талантына табынатындардың Қазақияда көп екенін, соның бірі де бірегейі алдыңда тұр дер едім». Бұл — оның күндегі әдеті. Мұны ойламай оған ас батпайды. Отандық телесериалдарға «пішту» деп қарамайды. Менсінбейді. Алтын уақытын қиғысы келмейді оларға. Ал енді үнді киносы басталғанда, үйде масаның ызыңы естілмейді. Бала-шаға көзбен ымдасып, мылқау адамдай қол қимылына көшеді. Ұялы телефондар үнсіздік жағдайына ауысады. Барлық тіршілікпен байланыс үзіледі. Сыртқы есікке «Мазаламаңыздар!» деген ескертпе үш жыл бойы ілініп келеді.
Үндібектің есіл-дерті — үнді кемпірі Каляниді бір көру. Каляниді танымай тұрсыз ба, немене? «Келін» телесериалындағы ұлдары мен келіндерін бір шыбықпен айдайтын адуынды кемпір ше? Сол. Жастай жесір қалып, көрмегенді көріп, екі ұлын (үлкені қайнағасының баласы) «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсірген ана қасіреті көз алдында. Араққа сылқия тойып алып, есірген қайнағасының Каляниге «тояттамақ» пиғылмен бас салған кезіндегі арсыздығын өлсе кешірмес… Қолына түссе, түте-түтесін шығарар еді оның. Әттең… әттең!.. Кейде Каляни тас құдайына сыйынып, дұға оқып жатқанда, өзінің де аузы жыбырлап кететіні бар. Сондай кезде әйелі түртіп қалып, «мына өмірге қайта оралады». Әйтпесе…
Каляниді кейде өзінің әжесіне ұқсататыны қызық. Бірақ екі кемпірдің арасы жер мен көктей екенін іштей мойындайды. Әжесі мейірбан еді, балажан еді, кешірімшіл еді. Келіндеріне жайлы еді. Аллаға ғана сыйынып, сәжде ететін. Ал үнді кемпірі ызғарлы, үстем. Тым қатал. Қабағы бір ашылмайды-ау, бір ашылмайды. Тас құдайға табынады. Сөйте тұра ұнамды кейіпкер. Несімен баурап алды екен, ә?!
Үндібектің бірнеше рет Калянидің қамыққан, торыққан сәттерінде еркек басымен еңкілдеп жылағанын бала-шағасы өлсе ұмытпас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, үнді киносының жұлдызы Каляни Үндібектің бір көруге зар болып жүрген «ғашығы», кешіріңіздер, асылы!
Иә, Каляниді білмейтін қазақ бар ма, тәйірі? Тұлымы желбіреген қыз да, айдары желкілдеген ұл да таниды.
Егер ащы ішектей шұбатылған «Келін» телесериалы алда-жалда бітіп қалмаса, (іші бітпегенін қалайды, өйткені үнділер бұл сериалды қазақтар үшін түсіріп жатқанын бір жерден оқығаны бар) «Қазақстан» ұлттық телеарнасы сара жолынан тайып кетпесе, Каляни келер жылы Қазақстанға екінші наурыз күні сөзсіз келеді. Бұл сөзі үшін кімге болсын бәс тігуге бар. Ендігі кезек сонікі. Ұстанымы — әділдік орнауы тиіс!
Өйткені 2014 жылғы наурыздың екісі күні, екі жыл бойы қазақ халқын уыздай ұйытып, ұлттық арнаға телмірткен Үндістанның «Келін» телехикаясының басты кейіпкері Анандидің балғын кезін сомдаған актриса Авика Гормен Астананың ақ қарын сықырлата басып әуежайда тұрды. Қырғын халық қырылып қала жаздады. Қазақтардың анталаған жабайы қылықтарынан басында шошып қалған «Ананди», жүре келе өзіне көрсетілген құрметтен көзі жасаурап, бұрын-соңды мұндай ілтипатқа бөленбегенін жасыра алмады. Елдің бетке ұстар телеарнасының «жайылып жастық, жазылып төсек» болғаны, басында оған оғаш көрінгенімен, еті үйрене келе тәкаппарлығы оянған. Тереңірек зерделеп көрсе, басты арнаның рейтингісін көтеріп, жыртығын жамап тұрған «Келін» телесериалы бітсе, оның орнын толтыру қайдан жеңіл болсын! «Міне, мәселе қайда жатыр!». Осы ойдың уыты санасына жайылғанда «Қазақстан» ұлттық арнасын аяп кеткен… Көргендердің айтуынша, Қазақияда еркін демалып, көйлегінің етегінен тәбәрік етіп кесіп алуға бар адамдармен түрлі кездесулер өткізіп, жылап қоштасқан «Ананди» бойжеткен, Үндістанға қайтарында «Қазмедиа орталығы» жаққа қимай қарапты деседі. Біз сөз етіп отырған Үндібек, негізі, ақылсыз адам емес. Логикасы да мықты. Каляниді екінші наурыз күні келеді деп бекер тосып жүрген жоқ. Былтыр екінші наурызда Ананди келсе, биылғы екінші наурызда «Келін» телехикаясындағы басты рөлдердің бірі, Шива рөлін сомдаушы Сидхарт Шукхла мінген ұшақ Астана қаласының әуежайына келіп қонды. Оны да улап - шулап қарсы алды үнді киносына табынушылар. Нөпірдің арасында қазақтың кемпір-шалына дейін жүріпті деседі. Ондағы мақсаттары — «Шиваның» жүріп өткен жолына немерелерін бір аунатып алу. «Шива» анасымен келіп, қазақтың дархандығына, жомарттығына алғысын жаудырды. Бір өкініштісі, қазақ халқы туралы білетіні тым аз болып шықты… Бірақ оны елеген, «Мұның не?!» деп ренжіген бір адам болмады.
Үндібек те оны ойлап қайғырып жүрген жоқ. Ол да ұлттық рухы жойылған, өзгенің қаңсығына таңсық болып жүрген жанның бірі. Тіл мен дінге жаны жүдеп жүр деп айту қиын. Оның миында жалғыз Каляни ғана. «Оған қашан құрмет көрсетіледі? Ұлттық арна оны жақсы көретін қазақтарға қашан әкеп жолықтырады?». Жатса да, тұрса да ойлайтыны осы жайт.
Үндібектің ұлттық арна басшыларына деген өкпе-реніші, базынасы осы тұрғыда бой көтереді. Оның ойынша, әлі күнге тапжылмай «Келіндегі» кемпір Каляниді сомдап жүрген жұлдыз Сурекха Сикридің еңбегін елемей, сериалды орта жолда «тастап кеткен» Авика (Ананди) мен кенеттен «пайда болған» Сидхартты (Шива) дәріптеу әділеттілік емес. Телесериалда енесі менсінбей езгіде ұстаған кедей қыз «Келінді» Калянидің «төбесіне» шығарып, одан бұрын қонақ етіп Қазақстанға шақыру Үндібектің миына қонбайды. Мұндай қылықты салт-дәстүрді сыйламаудың нақты көрінісі деп бағалайды ол. Ал Калянидің алдын «кесіп», жарқ етіп көзге көрініп, Қазақстанға екінші болып қадам басқан Шиваны атарға оғы жоқ Үндібектің. «Үндібек деген қайдан шыққан данышпан?!» — дейтіндер табылар арамыздан. Өмір тарихына қысқаша тоқтала кетелік сол үшін. Тағдыр деген қызық-ау өзі. Үндібектің әкесі мен шешесі де үнді киносына үгітіліп түсетіндердің санатынан болыпты. Кеңес заманында үнді киноларындағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді жіпке тізіп дауласып отырады екен. Радж Капур, Митхун Чакроборти кумирлері болыпты. Кейде болмашы нәрседен шаңырақта ұрыс-керіс туындап жатыпты. Сөйтіп жүргенде дүниеге осы Үндібек келіпті. Байғұс жігіт ата-анасы бірауыздан құптаған есімді қырық жыл арқалап келеді. Ұқсамаса тумағыр Үндібек, атына заты-сай болып ержетіпті. Үнді киноларындағы актерлер мен актрисалардың қылықтарын қайталап, үнді киносына деген ата-анасының махаббатын жалғастырып жүр.
Үндібек бала кезінен үнді шайын сүйсіне іше отырып, үнді киноларын көргенді ұнататын еді. Еліктегені сондай, бозбала шағында құлағын тестіріп сырға тағып, аяғы мен қолына жүргенде сыңғырлап тұрсын деп білезік тағатын әдетінен ес жия келе әрең арылды. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ мақалының растығына да көзі жетіп келеді.
Балалары да үндінің музыкасы мен киносына өлердей ынтық. Көздерін ашқаннан көргендері сол болса, оларға не шара?! «Бесіктен белі шықпай жатып» қызы мен ұлы «Келін» телесериалын көре алмай қалса, тамақтарын тұнжырап ішіп, теріс қарап жатып қалатынды шығарды. Осы қылықтарына мәз болған Үндібек, көпшілік жиналған жерде: «Балаларым өзіме тартқан, «Келінді» көрмесе, керіліп жата алмайды», — деп мақтанып қояды. Қазақтың қарапайым отбасында осылайша Гаури мен Байрон өсіп келеді. Әкесі соған шүкіршілік етіп жүр. Айтпақшы, келер жылғы наурыздың екісі күні Каляни келеді деп Үндібек бал ашып жүргенін жоғарыда айттық.. Егер бәстескісі келетіндер болса, мына мекенжайға хабарласуына болады: «Үнді киносы» қиылысындағы «Келін» көшесі, 12 үй, 6 пәтер.
Үйдегілер көрген соң бала-шағам да соны көреді. Содан 7 жасар қызыма айттым біз кімнен көмек сұраймыз, кімнен тілек тілейміз, біздің қанша Құдайымыз бар десем, қызым мама мен Алладан сұрау керек екенін білем, Алла жалғыз екенін, мен бәрін де білем, бірақ үнді қыздарының көйлектері әдемі ғой дегені.
Демек бізді ұлттық идеологияны өзіміздің дәстүрімізді насихаттайтын дүниелер керек. Ал балалар соған зәру.