КЕЛІНДІ» ҚАЗАҚТАЙ ЕШКІМ ҚҰРМЕТТЕМЕЙДІ
КЕЛІНДІ» ҚАЗАҚТАЙ ЕШКІМ ҚҰРМЕТТЕМЕЙДІ

«Келін» түсіп жатыр. Ой, ой, кешіріңіздер, мұным артықтау енді. «Келін» келіп жатыр. Жоға, бұл да қазақ түсінігіне сай келмей тұр. «Келін» төркіндеп келіп жатыр десем, айдаладағы үнді қызымен отау құрған қазақ баласы тағы жоқ. Қайтсем екен. Жарайды онда, «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» «Келін» телехикаясында Анандидің рөлін сомдаған актриса Авика Гор елімізге тағы да келді дейін. Осы сөзім кішкене құлаққа да жағымды, ойға да қонымды шығатын сияқты. Өйткені қазақтың кемпір-сампыры мен келін – кепшігі, шал-шауқаны мен жігіт желеңі бұл телехикаяны аузынан суы құрып көргенін айтып жату артық.  Құдай қарасқанда, ащы ішектей шұбатылған телехикая ақырында көрерменін ығыр етіп әрең біткені есте қалыпты...

 Атамыз қазақ «Біреудің қаңсығына таңсық болма» деп ескертеді. Бірақ оны бүгінгі ұрпағы жырына қыстырар емес. Қайта өршеленіп кетеді. Салты мен дәстүрі, діні мен тілі мүлде бөлек, қазақы танымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын  (шетелдік телесериалдар) соның ішінде Үнді кинолары қазақ телеарналарының жыртығына жамау болуға жарап тұр.

Қазақ жұртын таңдай қақтырған «Келіннің» өз жұртында, ата-анасының қолында қандай келін болғаны бізге беймәлім. Сыртынан тон пішпей – ақ қоялық. Алайда кинодағы биязылығы, пысықтығы кім-кімге де үлгі боларлық. Ал нағыз өмірдегі кескін-келбеті  мүлде бөлек, ұяңдығы жоққа тән. Сыпсыңдап сөйлеп тұр.  Естеріңізде болса «Менің атым Қожа» фильміндегі қара Қожаның аузымен айтылатын «Әртіссің ғой, Сұлтан, әртіссің» деген әжуасын осы «Келінге» айтсақ артық болмайтын сияқты.

Жоғарыда Ананди тағы келді деуіміз бекер емес. Еліміздің «бетке ұстар» телебағдарламалары ұлттық  арнадан «Келін» телехикаясында басты рөлді сомдаған Авика Горды (Анандиді)  Қазақстанға алғаш келгенде «құдайындай» күткені есімізде.   Ол ұлттық арнадағы «Таңшолпан», «Түнгі студия», «Әйел бақыты» сынды бағдарламалардың қонағы болды. Қазақтың қыз-келіншектеріне  үлгі ретінде көрсетіліп біраз жарнамаланды. Пай-пай-пай!

 Аңқау да жомарт, аузын ашса көмейі көрінетін қазақтың дарақылығына сыни көзбен қараған «Келін» қазақияға тағы да келетінін ескеріткен болатын сол жолы.

Ол сөзінде тұрды. Тұрғаны емей немене инстаграм желісінде Авика Гордың бірнеше отандық бағдарламаға түсіп, қазақстандық жанкүйерлермен кездескен сәті жарияланды.

Тағы бір ақпарат: жақында Астана телеарнасында «Қош келдіңіз» сериалы жарыққа шығады екен. Телехикаядан қазақ отбасында қонақ болған Анандиді көретін боламыз.

Үнді актрисасы мұнымен шектелмеген сияқты. Қалың еліне қатын кейпімен танымал, өзі соны мақтаныш ететін Берік Тұрсынбековпен бірге «Күлпәштің хикаялары» түсіріліміне қатысыпты.

Байқауымызша Қазақстандық режиссерлар әр нәрсенің басын бір шатқан телесериалдарына Анандиді кіргізіп, халықтың ризашылығына бөленуді қалайтын секілді. Ол ойлағандары бола қойса, шіркін...

Ақиқатын айтайық, Үнді «Келіні»,  біздің «Келіннен» (Ермек Тұрсынов түсірген)  көш ілгері.  Кемшілігі - өте ұзақ. Сосын мылжың. Қайтейік, қазақтар жақсы көріп жатыр деген соң шұбыртып түсіре бергендей көрінеді. 

Сөз соңында айтарым: дәл біздің қазақтай еліктегіш, ат қойғыш халық жер бетінде жоқ-ау, сірә? Біреуді ұнатты ма, болды. Оның есімін «мәңгі» қалдыру үшін бәрін жасауға бар.

Бірде танысымның үйінде шай ішіп отырғанда, енесінің келініне: - қарағым Анандиге сүт бердің бе демесі бар ма? Елең ете қалдым.  Сөйтсем, ол үй бала мысық асыраған екен, сол кезде «Келін» сериалы жүріп жатыпты. Мысыққа ат қояр кезде бұл шаңырақ көп қиналмағанға ұқсайды. «Келіннің» құрметіне Ананди деп ұрып жіберген.  Егер мұны Ананди естісе ұят-тағы.  Әй-қазақтар-ай...

Қазақстан zaman газеті

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
8 лет назад 2919
0 комментариев
О блоге