МАҚАЛДАСУ
МАҚАЛДАСУ

-    Ассалаумағалейкум, ағасы. Сәлем сөздің атасы. «Әкең өлседе, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» дегені бар дана халқымыздың. Алдыңызға кеп жүгініп тұрған Болмастың баласы, Толмас.

-       Уағалейкумассалам! «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық » деген рас - ау.  Бұйымтайыңды айта отыр балам.

-     «Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» демекші, ойымды ашық айтайын. «Сай - сайға, бай - байға» құятын заманға тап болдық.  Арманым «жоғарыға жорғалап барып, дорбалап» қайту еді. Демеп жіберсеңіз?!

-      Әп-бәрекелді. «Жылан жымын білдірмес». "Мешкей" деген жақсы атақ емес.  Әкең марқұм мешкей еді. «Сараңнан бермес, Соқырдан көрмес» туар деген осы ма деп қалдым...

-       «Әке көрген оқ жонар» дегенді қайда қоясыз. Әкемнің «Жұтқан жұтамас»  деген мәтелін бала кезімнен бой тұмардай қастерлеймін, ағасы.

-      «Жұмыс қолдың кірі». "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей". Әйтседе «береген қолым алаған» дегендей... Өзіңде білесің бала, «құрғақ қасық ауыз жыртады». Бұлбұлдың да жемсауы бар екенін есіңнен шығармағын...

-     «Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүрер. Кедеймен кедей құда болса ортасында дорба жүрер». «Ымды білмеген дымды білмейді» . Бәрін қатырамын. «Сауда сақал сипағанша» .

-       «Болар бала боғынан». Жарадың. Қазір кадр - ден қадір кетіп тұр ғой. Жұмысқа қабілетің қалай өзі?

-        Ол жағынан қам жемеңіз. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатамын. «Текені жезде, ешкіні апа» қылу қолдан келеді.

-        «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасуға» қалайсың?

-        «Жалғыздың – жары құдай». «Көппен көрген – ұлы той» деген миыма кірмейді.

-        «Қарның ашса қаралы үйге шап» демекші, өлім - жітім, той - томалаққа белсенділігің қалай?

-       «Өлім - бардың малын, жоқтың – артын ашады». Беті аулақ. Тойды жақсы көрем .«Той десе – қу бас домалайды». Бірақ «Тойға барсаң тойып бармен» келіспеймін.

-       Сен өзі әкеңнен де  асып түскен, «өзі тойса да көзі тоймайтын» пәтшағар болдың - ау. Күн ертең «жылқыны түгімен, түйені жүгімен» жұтып, шетелге қашып кетіп жүрме, антұрған.

-        «Балапанды күзде санайды». «Тәрбие бесіктен» деген бар. «Қасқырды қанша асырасаңда орманға қарап ұлиды» емес пе, аға!

-     « Болар бала 15 - де баспын дер, болмас бала 30 - да жаспын дер». «Ат тұяғын тай басар». Қызметіңмен құттықтаймын балам!

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
10 лет назад 5305
2 комментария
  • Сөз тапқанға қолқа жоқ. Ал мақалдатып жауап тапқанға үлкен қызмет бұйырып тұр екен, иә. Мақала жақсы. Ерекше мақалды мақала екен.
    10 лет назад
  • Сайдың тасындай жұп - жұмыр ой салар тəсілі өзгеше əп-əдемі дүние екен.
    10 лет назад
О блоге