Қазақтың Жириновскийі кім?
Қазақтың Жириновскийі кім?

Жуырда Әкім Таразидың «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» атты эссесін оқып, ой тұңғиығына шым баттым. Көңілімнің түкпірінде өшуге айналған қоламта естелікке Әкім аға бір құшақ қауды тастай салғандай әсерге бөлендім. Жазушы аға Солженицынды бізге белгісіз қырларын тамыршыдай тап басып, пенделік құпияларын көзге шұқығандай көрсете отырып түйреп жазған екен. Оқып отырып қаным қайнады оған. Алпыс екі тамырымды қуалай солқылдатқан тегеуірінді бұла күш қолыма еріксіз қалам алдырды. Шовинизмнің қазанында қайнаған қазақтарды жабайы санаған Солженицынның мұрагерсіз қалған қубас емесін айтқым келді. Кеңес үкіметімен тіл табыса алмай шетел асқан «кемеңгер» жазушының, сыртта жүріп-ақ орыс мүддесіне қызмет жасағаны белгілі. Оның «қуатты» шығармаларымен, мақалаларымен, тағы басқа көркем дүниелерімен «ауызданған» ізбасар шәкірттері ТМД аумағында жетіп артылады. Ресейде тіптін көп. Солардың ішінен қара үзіп шыққаны – Жириновский. Нағыз керауыздың өзі. Қолына билік тисе, Күнді батыстан шығарғысы келеді зәнталақтың. Нан піскен кеудесіне көк аспанның өзі тарлық ететіндей аяғын алшаң басатынын қайтерсің. Әзірге оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр.  КСРО-ның «шекпенін» бірге жамылған елдердің етегінен тартып, аяқтарынан бір шалып қалуға құмар антұрған. Одан қалды артынан бал ашып, «болашаққа» көз жүгіртіп қоятын «сәуегейлігін» айтсаңшы. Ондай «еркеліктерін» жіпке тізе берсем ерте күнді кеш қылармын. Ресей шовинизмінің бір мүйізін ұстап жүретін Жириновскийдің қазақтарды әлсін-әлсін мазақ етіп, сөзбен түйреп тұратын әдеті бар. «Қазақстан деген ел адамзат тарихында болмаған. Мына өзбектерде ең болмаса Үргеніш, Бұхара секілді қалалар болды. Хандық болды. Ал оңтүстік –Сібірде ештеңе болған жоқ. Бұл Сталиннің ойдан шығарған қиялы. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Қазақстанның солтүстік облыстарының барлығы дерлік орыстың жері». Марқұм Ақселеу Сейдімбек атамыз  аңырап отырып  жазған қазақтың Ресей аумағындағы қалаларын санамалап беруге, «жынды мен жынды» болғысы келмеген шығар біздің тарихшылар үнсіз қалды. Қайран, ат үстінде қалғыған бабамыз Қазтұған жырау:

 

Салп-салпыншақ анау үш өзен

 

Салуалы менім ордам қонған жер

 

Жабағалы жас тайлақ

 

Жардай атан болған жер

 

Жатып қалып бір тоқты

 

Жайылып мың қой болған жер

 

Жарлысы мен байы тең

 

Жабысы мен тайы тең

 

Жары менен сайы тең

 

Ботташығы бұзаудай

 

Боз сазаны тоқтыдай

 

Балығы тайдай тулаған

 

Бақасы қойдай шулаған

 

Шырмаулығы шөккен түйе таптырмас

 

Балағы көлге жылқы жаптырмас

 

Бақасы мен шаяны

 

Кежідегі адамға

 

Түн ұйқысын таптырмас

 

Қайран менің Еділім

 

Мен салмадым ,сен салдың

 

Қайырлы болсын сіздерге

 

Менен қалған мынау Еділ жұрт!!!..... деп, ата қонысының өзін жатқа қайырлы ет деп тілеген бабалар аманатын ол шіркінге сай-сүйегін сырқыратып айтып берер күн туар ма?

2005 жылғы Жириновскийдің бұл территориялық қақтығысқа шақыратын арандату пікірі қазақ қоғамында біршама қарсылыққа тап болды. Оны «нон грата» тұлғасы деп танып, Қазақстанға аяқ бастырмау керек деген басталамар да көтерілді ұлтшыл азаматтар тарапынан. Алайда, әркез әлдінің торына түсіп қалмау үшін, әліптің артын бағатындар бұл провакацияны елемегенсіді.

Осыдан тура бір жыл екі ай бұрын- Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен Жириновский мен Лимоновты Қазақстан Республикасының аумағына кіруге тыйым салынған азаматтардың тізіміне қосуды сұраған ҚР Парламенті депутаттарының жан айқайы ел есінде. Сол жан айқай хатта біздің көпұлтты және көп конфессиялы халқымыздың бірлігі еліміздің басты жетістігі екені ерекше атап өтілгені белгілі. Сондай -ақ аталмыш хатта «Олардың мәлімдемелерін қаскөйлер өз мүдделері үшін пайдалануы мүмкін. Сондықтан Жириновскийдің намысқа тиетін сөздерін Ресей Федерациясының ресми өкілдері көпшілік алдында жоққа шығаруы тиіс» делінген. Бірақ, Ресей тарапы «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегендей үнсіздік танытқан.

Депутаттардың бұлайша сөйлеп, нақты әрекет талап етуіне Владимир Жириновскийдің Орта Азия мемлекеттерін федералды округке айналдыру турасында айтқан сөздері түрткі болды.  

Кейінірек, Жириновский қазақтың домбырасын «екі ішек, бір таяқ» деп мазақ етті. Тақыр далада ертеден кеш, не тұшымды сөзі жоқ, қазақтың аңыраған әнінен басқаға жарамайтын қу таяқ деп залдағы жұртты мәз қылды.  «Қазақ тілі деген не өзі? Жазба әдебиеті болмаған  ұлтта қайдағы тіл?» деп тілдеді. Соңғы уақыттары еттен бас тартқан саясаткер, Еуроодаққа деген «құштарлығын» ашық айтып жүр...

Менің қолыма қалам алғандағы негізгі мақсатым оның ішкі ойына барлау жасау. «Жылқының аласы сыртында болса, адамның аласы ішінде» демей ме қазақ.

Сонымен, тарпаңдығын көрсетіп, «ноқтаға» басын сұққысы келмеген Украинаға  қарата айтқан мына бір сөзіне назар аудармай көріңіз. «Балақайлар, ойындарың қанған болар. Бірдеңеге ұрынып қалмай тұрғанда тезірек үйге қайтыңдар. Әлі де кеш емес, еркеліктеріңді кешіреміз» деуінің астарында ащы мысқыл жатыр емес пе?  Көп өтпей «жаманның айтқаны емес сандырағы келді». Соғыс өрті бұрқ ете түсті. Ол аз десеңіз Қырғызстанда қырғын болып жатқанда айтқан сөзі анау. «Бұлар өз беттерімен (оның ішінде бізде бармыз) ел бола алмайды деп мен айтқалы қашан. Күні ертең бәрі де келеді қыңсылап. Соғыс өртін өршітпеу үшін Қырғыздарды тез арада Ресейдің автономиясы етуіміз керек» деп табалауын қалай түсінеміз.

Қазақтар туралы мазақ сөздері интернеттің ермегіне айналды бүгінде. «Олар» дейді видео роликтің бір тұсында, (бізді, қазақтарды айтады), «бабалары жабайы, қыдырымпаз, көшеді де  жүреді, тұрақты мекендері жоқ, қолдарындағы ағаштарын (домбыра) сабалап, өздері айтып, өздері мәз халықтың бүгінгі ұрпақтары солар... Мәдениеттен жұрдай» деп мысқылдайды. «Ит үреді, керуен көшеді» десек те, өте ауыр сөз!!! Бірақ, қазақ көнпіс қой, көніп келеді.  Қарап тұрсаң оған бәрін айтуға құқық берілгендей. Ал бізден біреу шығып айтып көрсінші тап осылай. Ұлтшыл, терорист атанып, құйрығына қалжауыр байланып, зынданға тасталар еді сол заматта. Жириновский болса аузына не келсе соны оттап, ақпанда құтырған адуынды бурадай көбігі көкке шапшып әлі жүр.

Жириновский туралы жаза бастағанда есіме марқұм Нөгірбек Мағзұмов аға түсті. Қаншыл кісі еді жарықтық. 1994 жыл. Студент кезім еді. Бір күні ағаға сәлем бергелі келгенім бар.

-          Жаңа ғана Ресейлік телеарналардан Жириновский деген неме сөйледі, -  деді қыртыстанған қабағы жазылмай.

-          Қазақтарға жаппаған жаласы, артпаған кінәсі жоқ. Сайлауға түсіп жатқан қу болса керек, ұпай жинау үшін бе, жоқ әлде басқадай құйтырқы ойы бар ма, аңдау қиын. Сөз саптасы ұнамады маған ол иттің. Қазақстандағы орыстардың «қиын» жағдайын ашына айтқанын естісең. «Жатаханаларда, мәдени орындарда т.б. көптеген жерлерде орыс ұлтына қысым жасалуда. Орыс мүддесі Қазақстанда аяқ асты етіліп жатыр», - деп байбалам салып өзеуреп, екі иығын жұлып жегені намысымды қоздырды менің, - деген аға сөзі есімде қалыпты.

Мен алғаш Жириновский жайлы сол жолы Нөгірбек ағадан естідім. Қаным қайнап басыма шапшыды.

Сонымен, сөзді көп созбайын, Жириновский деген кім? Ол – идеясын өлермендікпен қорғауға бар, кіші ұлттарға жиркенішін жасырмайтын «ұлы халықтың ұлтжанды» ұлдарының бірі. Оған диологтың, сұхбаттың шырқын бұзу (әрине, қызу пікір-талас кезінде), қолына түскен заттың кез келгенін қару етіп қарсыласын «ықтырып» алу ерлікпен пара-пар. Бұл сөзімізге дәлелді алыстан іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. Күнделікті Ресей телеарналарындағы өзекті проблемаларды көтерген телешоулардан, тікелей эфирлерден Жириовскийдің ызалы дауысын, қышырлаған тісін, қалшылдаған қолын, әлдекімге кектенген жанарын көрсең жетіп жатыр. Грузияға қарата айтылған боқтық аралас сөзіне де «тәйт» деген бір адам жоқ. Билік сөзін қолдағасын қонышынан баспай қайтсін.

Жириновский қатысқан алқалы жиынның «беделінің» зор екенін журналистер де біліп алған. Газет шығарса алғашқы бетінде «айқайлап» Вакең тұрады, телеарналардың жаңа ашылған көрсетілімдерінің алғашқы қонағы да – өзі. Онымен қоймай журналистер оның «жалынды» сөздерінен цитата келтіруге шебер. Өздерінің ішкі ойларын оның аузымен айтқызып алады да, мысық құсап көздерін жұмып отырады. Міне, танымалдықтың берген жемісі. Бізде қалай? Ой елегінен өткізіп көрелікші бір!

Дана қазақтың «аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүрер» деген мақалын Владимирге қаратып айтсақ, қателеспес едік. Сөйте тұра ол – әлемдегі орыстардың қолдаушысы, һәм қорғаушысы Либералды демократиялық партияның лидері, Ресей думасының депутаты. Атағы дардай «ұлы тұлға» кей сәттерде «ұлы қателіктерге» жол беріп қоятыны бар. Соның ең өзектісі Қазақияның сағым қыдырған кең даласына көз алартып, сұқтануы. Ата-жауының бойынан да іліп алар жақсылық іздейтін қазақ емеспіз бе? Владимирді өте сауатсыз, надан көрсоқыр деп айту қиын. Кез келген пәннен «5» деген баға ала алады. Әсіресе география мен математикаға төрт аяғын тең басқан жорға, есте сақтау қабілеті керемет көрінеді. Қияңқылығы, бірбеткейлігі, жүйкесінің жұқарғаны жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен арагідік сыр беріп қалатыны болмаса, физикалық тұрғыдан өте  мықты шалың. «Бүкірді көр ғана түзейді» демей ме қазақ,  имиджін өзгертпей-ақ өмірден өтер бұл бейбақ.

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» десек те, Владимир көкеміз әзірге дін аман. «Айтылған сөздің атылған оқпен» тең екеніне Вакеңнің түкіргені бар. «Ұлық болсаң кішік болдың» ауылынан қозы көш жырақ қонған. Дипломатияға басып астарлап, аңысын аңдау, мипаздап сөйлеу бұл кісінің табиғатына жат. «Көлгірсігенді» жаны сүймейді деп жазады орыс газеттері. Олардың жазғанына сенсек кесіп айтатын Жириновский «судан – ақ, сүттен – таза». Бәлкім бұл «болар елдің баласы бірін бірі батыр дейдінің» кебі болып жүрмесін. Кейбір елге силы азаматтарымызды өзгеден бұрын өзіміз қан- жоса қылып талап, қандендердің астына салып беретініміз еске түскенде жүрегің сыздап кетеді. Әйтпесе Жириновскийді он орайтын байсалды саясаткерлер арамызда жүр. Оларды бағалау жағы кемшін түсіп жатқаны өкінішті.

«Таудай талап бергенше бармақтай бақ бер» дегендей, Ресейдің гүлденуіне жан тәнімен қызмет етуші, қарсыластарын ықтырып қоймаса ішкен асы бойына сіңбейтін аты шулы «тентек» Думаға да бірнеше мәрте сайланды. Соған қарағанда қолдаушылары көп. Кәкір-шүкір көше кезген тобыр емес, азулы, қалталы топтар. «Қырық күн атан болғанша, бір күн бура болайын» деп шешсе керек, президент болуға да талаптанып көрді. «Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінетінін» білетін орыстар, оның қолына  биліктің бишігін ұстатпады, әрине. Әйтпесе маңайына бүйідей тиер еді ол.  Орыс газеттері шулап жазғандай ел ішінде зор «беделге» ие бола тұра «көрмес түйені де көрмес» дегендей,  аз халықтың жоғына мысық құсап көзін жұма қарайтыны қаныңды қайнатады. Әйтпесе  Ресейдің шекарасында қазақтың қаншама қаласы мен даласының жатқанын ол білмейді емес, біледі. Оны айтуға «ұлы халықтың» өкілі ретінде намысы қолбайлау. «Өзім дегенде өгіздей қара күші бар» оның аз халықтарды тұқыртып алуға, әлімжеттік жасауға, баса көктеп қорлауға әуестігі, Столыпин секілділердің жазған сызғандарына шұқшиып іс қылуында жатқан сияқты.

Өзінің су ішкен құдығына қанша рет «түкірсе де» 60 жасқа толғанда алдына келсе атасының құнын кешетін қазақ сән салтанатымен Алматыда қарсы алды оны. Ол балалық, жігіттік шағын еске алып, көк майсаға аунап-қунап рахаттанды. «Е, Пайғамбар жасына келіп қалыпты ғой, енді ақылы кіретін шығар» деген халық «асау» қонақтың жуасығанын көріп. «Ауру қалса да әдет қалмайтынына» кейін көзіміз жетті емес пе? Иіліп төсек, жайылып жастық болып «үйіне келген қонағына үйдей өкпесін айтпайтын» қазақтығымызға басып жылы сөз күткеніміз де рас. Бірақ ол қазақ ұлтына «байқамай, аңдамай» айтқан ғайбат пікірлеріне кешірім сұрауға жарамады. «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген осы шығар. 70-80 жылдығымды «туған жерімде» өткіземін десе, күтіп алып төрге шығаратынымызға күмәнім жоқ. Өйткені, «момын түйе жүндеуге жақсы» емес пе? «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайтынын» ол да білетін болса керек. Әйтеуір, біреуді балағаттар алдында Қазақияны «бір теуіп» өтетіні бар. Бұл қылығы «таз ашуын тырнап аладының» кебіне келіңкірейді.

Оны айтасың Қостанай, солтүстіктегі тағы бірнеше қалаларды Ресейге теліп жібергенде у-шу болғанымыз қайда? «Жатқан жыланның құйрығын басып» үйренген «батыр», бейқам жатқан қазақтың «шабына» қол жүгіртіп, «қытығын» басқысы келген шығар сол жолы. Бәлкім «көршісі үшін намазын бұзатын тарпаң елдің» тамырын басып, көрмек ниеті болды ма екен…

Қалай десекте,  Жириновский бүгінде әбден құтырып алғанға ұқсайды. «Кәрі бура құтырса жұт болады» деуші еді бабаларымыз. Беті аулақ кәпірдің. Бір қызығы орыс үкіметі «тентек ұлға» өте кешірімшіл. «Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге жайылатынын» байқамағансиды. Өйткені орыс билігіне Владимир секілді «ел қамын жеген» әпербақан біреуді ұстаған тиімді. Өздерінің айтар ойларын, идеяларын, саяси көзқарастарын оның аузымен айтқызып, тұтас бір ұлттың ұйқысын қашырып, жүйкесіне ши жүгіртіп, мазалап қойып айыздары қанғанша тасадан сығалап қарап тұрса жаман ба? Жириновскийдің ойымен үндес, пікірімен сабақтас, мақсатымен тамырлас мысықтілеу ағайындар маңайымызда өріп жүр. Ресейде тіпті көп. Біле білсең солар ғой оның қолтығына су бүркіп құтыртып отырған. Дегенмен, орыс билігінің Жириновскийге шамасы жетпей отыр деп ойлау – қақымақтық болар еді. «Екі елі аузыңа бір елі қақпақ қой» деген билік тарапынан пәрмен болсыншы, тығылатын тесік таба алмай мияулаған мысықтай болар еді байғұс. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без» демекші, қанша «жынды» болса да орыс билігінің саясатына қарсы шыққан емес «тарпаң» ұл. Орыс мүддесі үшін «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» принципін ұстанып, думаның ішінде «төбелес» ұйымдастырған кезі де болған. Бейәдеп қылықтары он қашырға жүк болардай оның. Біз білетін Жириновский осындай адам. «Күштінің құйрығының дирмен тартарына» осының өзі жеткілікті шығар.

Ал біздің қоғамда Жириновскиймен қатар қоятын кім бар? Тіл ұшында біраз азаматтардың есімі тұр. Бірақ олар Жириновский сияқты ылғи «бабында» жүрмейді. Сондықтан болар жеңілістің ашщы дәмін жиі татады. Оларға қазақы менталитетіміздің ықпалы мен «аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» деген құлдық сана әсер етіп жатқандай. Кейбір шешендерімізді «аға тұрып, іні сөйлегеннен без» деп биліктің өзі тиып тастауы мүмкін. Дегенмен, кейінгі уақытта Амантай қажыны сағынатын болдық. Аттандап рухымызды аспандатып қоятын еді жарықтық. Кей қылықтары, ашуға «осалдығы», шапшаңдығы, бірбеткейлігі, ұрандатып сөйлеуі, Жириновскийден асып түспесе кем емес еді. Пайғамбарымыздың табаны тиген жерге барып келген кісі ғой, кейде қолын жайып алладан тілек тілегенде бетке ұстар пірәдарымыз еді, соңғы уақытта көрінбей кетті.

«Көк аспанда қырағы көз бар» деп жазады Әкім Тарази эссесінде. Ол меніңше жақсылық пен жамандықтың, ақиқат пен жалғандықтың, әділдік пен сұмпайылықтың ара-жігін ажыратып, бақылап тұр. Дұшпанымыздың сағын сындырып, тәубесіне келтірер құдіретті күш сол ғана, тағдырымыз соған аманат.

 

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
10 лет назад 4195
0 комментариев
О блоге