(Министр Парламентте үнемге көшу туралы бастама көтерді. Баяндамасы ұзақ-сонар болса да, ішінен іліп алып, өлеңге айналдырғаным осы ғана. Әлі күнге бастамасы күшін жоймай тұрғандықтан назарларыңызға қайта ұсынып отырмын).
Бензинді де,
жарықты да үнемде,
бензин жоқ деп,
жарық аз деп түнерме.
Көзіңді ашып
қарасаңшы әлемге,
әлем бүгін
көшкен жоқ па үнемге.
Жалынамын,
бой алдырма үрейге,
жер байлығы
жетіп жатыр әр үйге.
Мұнай бізде көп деп
талас тудырма,
(ішкі ойыңды түсінемін, әрине).
Еңгезердей Джипке мініп
шашылма,
көрші - көлем,
бірге жүрсін қасыңда.
Бір машина
жетіп жатыр жұмысқа,
бұдан артық
үнем бар ма расында.
Үнем жайлы
сұранамын ағайын,
маған кінә
артасыңдар талайың.
Ресейден кешігуде
жанар май...
сырды қалай
айқайлап мен ашайын.
Білгің келсе
егер де мен туралы,
көзің ашық,
қара «Форбс» журналын...
байлығымды
150 млн доллар деп,
жазған екен...
соған біраз туладым.
Бұл байлықты
жиған едім үнемдеп,
әлем қазір
жатыр соны түгендеп.
Мастанудан,
мақтанудан аулақпын,
оның бәрін
қойған жанмын жүгендеп...
Айтарым сол,
үйренейік,
үйренейік,
үйренейік үнемдеп...