ҚҰДАЙДЫ ТАНЫМАУ - ҚАРТҚА ЛАЙЫҚ ІС ПЕ ЕДІ?
ҚҰДАЙДЫ ТАНЫМАУ - ҚАРТҚА ЛАЙЫҚ ІС ПЕ ЕДІ?

Ашынғасын айтамын да. Евразия телеканалында "Кешкі кездесу" жүріп жатыр. Атақты Асанəлі Əшімов - 80 жаста!   Атақ-абыройы бір басына жететін абызымыз – құрмет биігінде. Шалқып отыр. Өмірдің түрлі соқпағынан өтіп мүжілмеген, қызығы мен шыжығына еңсесін түсірмеген тұлғаға бәрі жарасып – ақ тұр. Еркін сөйлейді. Қиядан шалады. Ойнақы сөзбен тұла бойыңды тербейді. Еңсесін тік ұстауға тырысады.

Жалындаған жастықтың ауылынан алыстағанымен, шалт қимылы, шабан тартқан көңілін қамшылап қояды. Құрық түспей құтырған - көк дөнендей  жастығы көз алдынан өтіп жатыр ма кім білсін! 

Көңілі қанша қарттыққа мойынсұнбағанымен, беделі қыр асқан актердің бет-пішінінен уақыттың өрмекшісі салған әжім-торлар мен мұндалайды. Жақсы қартайудың өзі – екінің біріне бұйырмаған бақ қой, шіркін!

Құлдыраңдаған қос құлынын қара жерге тапсырып, жігерінің құм болғанын кім ұмытсын! Досың түгіл, дұшпаныңа тілемессің мұндай қайғыны. Соның бәріне мұқалмаған темір-дене мен қорғасын – төзім, келешекке деген сөнбес сәуле,  жарқын күнге деген құштарлық Алланың берген ерекше сыйы демей көр. Бірақ жетістіктің бәріне өз күшімен жеткендей тапырақтау иманы әлсіз адамның бойынан жылт етіп көрініп отыратыны қандай өкінішті!

 Қаншама арыстай әріптестері жалған дүниенің жалына жармасқанымен, ажалдың көкпарына түсіп қыршынынан қиылып кетті. Олардың көрмеген қызығын, аспаған асуын, шықпаған шыңын бағындырып, тәңір берген талантымен дарабоз атанған ақсақалдың, енді қалған ғұмырында, өткенге салауат айтып, бергенге шүкірлік етіп,  Алланы ұлықтап жүруі өзіне ғана емес, өскелең ұрпағы үшін де мәртебе емес пе?!

 Алайда ел еркесі Асекең бұл үдеден шыға алмады. Оның ерсі әрекеті «Бүкірді көр ғана түзейтінін» еске салды. Өкінішті әрине.  

Ең алдымен рейтинг қуған, арзан сөзге құмар журналистпен жеке отырып коняк ішті. Ұмытпасам 60 жыл бойы арақ ішіп келемін деп араққа жарнама жасады. Арақты ақылмен ішуге кеңес берді. Ақылмен ішілсе – емге дәрі, бойға қуат береді екен...
Мына қылығы тіпті ақтауға келмейді. Алабұртқан журналистке : - Мына конягің «Асанəлі» емес пе? - деп бір күлдіріп алды. Өз атының арақ-шараппен байланысы барына қуанғаны ма бұл!... Ол ол ма жедел сұрақтарға жауап беру барысында: «Құдайға сенесіз бе?» - деген журналист сауалына: - Бір күш бар, ол анық. Бірақ ана дүниеге барған ешкім жоқ қой. Меніңше жұмақ деген - осы өмір. Тозақ - тіршілікте көрген қиындығың! Сондықтан құдайға деген көзқарасым нақты емес", - деп айды аспанға шығарды атақты актер. Тізе берсем, тырнақ астынан кір іздегендей боламын-ау....
Ата сақалы аузына түскен қарияның «қабір азабы» туралы түк сезінбеуі – оны бұрмалап келекелеуі исі мұсылман баласына жат қылық. «Кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» деген даналардың тұяғы, жазық жерде шалыс басатындай не басына күн туды! Атеистік көзқарастың сүйекке мұншалықты сіңетінін кім білген?! Дүниенің жалған екенін, бір кісі білсе осы кісі білуі керек еді.  Əттең. ...
Баяғының оқымаған шалдары – «баратын жері» туралы бөстекі сөйлемей, дайындығын жасап отыратын еді. Арақты татып алмаушы еді. Өлім жайлы жиі əңгімелеп, жастарға ұлағатты ісімен үлгі еді. Сонысымен де қадірлі еді.

 Бүгінгінің шалдары бір түрлі болып барады. Аллаға сенбейді, көпіріп сөйлейді. Көз алдынан басқа еш нəрсені көрмейді . . Əттең, бір кем дүние!

 

 

 

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
8 лет назад 4213
5 комментариев
  • Автор!
    Соның бәрін қалай шыдап көріп отырдыңыз? Кейбір адамдармен кездесуден кейін шынымен үлкен әсер аласыз. Ал мынадай түкке тұрмайтын нәрсені хабардың басындағы жағдайдан кейін-ақ өшіре салу керек. Осылай кейде уақытты босқа кетіріп, жүйкені тоздырамыз. Тынышы сол шығар?
    8 лет назад
  • Расымды айтайын, басын ғана көрдім. Ары қарай мадақтаған зиялы қауымның сөзін тыңдағам жоқ....
    8 лет назад
  • Таң қаласың бәрі бір идеалогияның жемісі. Менің 80-нен асқан атамда "Ақылмен ішілсе – емге дәрі, бойға қуат береді екен... " деп өзін ақтап алады әйтеуір.
    8 лет назад
  • Біреудің мінін көргенше, жамандағын тергенше, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше. Шəкəрім.

    Күнəсін арқалап қайтесіздер. Əркім өзі үшін жауап береді, мүмкін сіз білмейтін Аллаға жаққан ісі бар шығар.
    8 лет назад
  • Нағыз Кеңес заманының адамы ғой. Сол дәуір қаншама қазаққа әсер етті...
    8 лет назад
О блоге