"Ата жолы" қайда апарады?
"Ата жолы" қайда апарады?

Қасиетті дінімізде «қолдан құдай жасама» дейді. Әулие - әмбиеге табынып «орда» ашып, «сұңқар» мен «аққу», «дәрежесін» иемденіп, тапырақтап жүрген пенделер бұған құлақ асар емес. Қысқаша түсінік берсем «Сұңқар мен «Аққу», «Ата жолында» жүргендердің «званиесі». Еркекті сұңқар, әйел баласын аққу деп әспеттейді. Олардың арасында мешітке жиі барып жүретіндердің кездесіп қалатыны өкінішті. Кімді алдап жүргендерін білеме екен өздері. «Аңқау елге арамза молда»демекші, мұнафықтарда көп арамызда. Қажылыққа барып келіп қажырлылық  көрсете алмай жүргендерде жетерлік. Әлем жаңарып, ғылым өрістеп, қиялыңа келмейтін кереметтер туындап жатқанда, тас дәуірінде жүргендей – болмашы көз бсяушылыққа алданып, қолдан құдай жасау күпірлік. Алладан емес, аруақтан көмек сұрау-астамшылық. Қасиетті дініміз ерекше дарынды, тума-бітімі бөлек, заманынан озық туатын адамдар болатынын жоққа шығармайды. Алайда, біз олардың Алланың ұлы емес, құлы екенін есте ұстағанымыз абзал. Енді негізгі әңгімеме көшейін. Таныс бір әйелдің үйінен орда ашып, сырқат адамдарды емдеп жататынын естіп жүретінмін. Өзі намазхан болғандықтан көп мән бере қоймадым басында.  Бұрын ондай «өнері»жоқ еді. Барған адамдар: «Ой, керемет екен, көріпкел екен», - деп шулап жүрді. Менің де пенделігім ұстап, бір баруға аңсарым аумасы бар ма. Сөйтіп жүргенде сәті де түсті. Жұпынылау тұратын еді бейбақ. Пысықтығының арқасында қоңданып, жонданып алыпты аз уақыттың ішінде. Үш бөлмесінің біреуін «аруақтарға беріпті». Жұма күндері шырақ жағады екен. Мәнісін сұрадым. – Бұл күні үйге аруақтар келеді. Солардың құрметіне – деді беті былыш етпей. – Шіркеуде орыстар шырақ жағатын еді, мына қылықтарың соған ұқсайды екен-деп едім, әйел маған теке көзденіп, жағасын ұстап шошына қарады. Қабырғада абыз ақындарымыз Сүйімбай, Жамбыл, Кенен аталардың портреттері ілулі тұр. Сөйтсем, ордашылар осы аталардан медет сұрайды екен. Әлгі әйел Жамбыл атаға сыйынамын деді. Әңгімеге тартып көріп едім (бұрындары көп сөйлемейтін) түйіні шешілген жіптей тарқатылып жүре берді. Сөзінің негізгі төркіні мынадай. Бір түнде «бүкіл пендешілігін» төсегіне тастап оянған. Түсінде аруақтар аян берген. Ертесіне бойында елден ерек «қасиет» барын сезінген. Бары осы. Сөзіне қарағанда Семей мен Түркістанға «аталар басына», «адасқан» пенделерді апарып «тәубесіне» түсіріп қайтатын көрінеді. Өз араларында бұл сапарды «ата жолы» дейді екен. Жынды суға салынып, азғындап, ібілістің жетегінде жүргендерді «ата басына» апарып емдеу кімге қаншалықты тиімді , пайдалы екені баршаға аян.   Әйелдің сөзіне сенсек «ата басына» барғандардың 90 пайызы «сырқатынан» айығып келеді- мыс. Жүзіме қарап тұрып ойымды оқып алғандай – «Біз алланың ырзалығы үшін адасқандарға түзу жол нұсқаймыз. Түркістанға, Семейге т.б. әулие-әмбиелер жатқан жерлерге апарып тәу еткіземіз» демесі барма. Адам жанына үңілуі психологтардан бірде кем емес. Аталар басына апару бағасы 60 мың теңге. Он адам апарса қанша қаржы болатынын, арифметикадан хабары бар кез-келген бала шығарып бере алады. Міне, бизнестің өркендеген түрі. Осы 60 мыңның ішіне жол шығыны, ас-ауқаты, соятын малы т.б. толып жатқан жол-жоралғылары кіреді екен. Қай ата-ана «іштен шыққан шұбар жыланын» жек көреді. Алланы аузына алмай іс қылып, тегіс жолдың үстінде сүрініп құлап жататын, аңқасы кепкен ақымақ ұлды «адам» болсын деген ниетпен «түзу жолда» жүрген адамдарға қосып «ата жолына» аттандырады. (Халқымыздың әлі күнге дейін ырымға иланып, наным-сенім құрсауынан шыға алмай жүргені неліктен?). Шын туайтына келгенде Түркістан мен Семей Америка емес қой мұхиттың арғы жағында жатқан. Біреуге ақша беріп жібергенше, өздері қолынан жетектеп неге апармасқа. Бір жағы көне шаһарларды тамашалап, бабалардың мазарына құран бағыштап қайтар еді ғой. «Мың естігеннен бір көрген жақсы» емес пе? Көрінгенді құдай көріп ессіз табыну мұсылман баласына жат нәрсе. Шариғатқа да қайшы келеді. Баз біреулер қыш кірпішін сүйіп, тілек тілейтін Қожа Ахмет Яссауи бабамыз сөз жоқ әулие кісі. Алла ерекше жаратқан жан. Алайда, осы Иассауи бабамыздың «пайғамбар жасына келдім, одан әулие емеспін» деп қалған саналы ғұмырын жер астында өткізуінің өзі білгенге сабақ.. Аллаға серік қосу күпірлік. «Алла тумағанда, туылмағанда» делінген аятта. Түркістан, Семей асып аруақтардан медет сұраған пенделер, «отанына» оралған соңда, «ескі ауыруынан» айыға алмай сенделіп жүреді. Саналарына құйып жіберген «бір күні келіп есігін қағатын» бақытты сәтті зарыға күтеді бишаралар. Сарғая күткен сағым күн «уысына» түспеген соң, баяғы серілігіне қайта басатындар өте көп. Сонда шыққан ұшпағың қәнекей. Сөз арасында әлгі әйел «Түркістан екінші Мекке ғой» деген сөзді жиі қолданып отырды. Оған шамам жеткенше түсіндіруге тырыстым. «Түркістан киелі жері екені даусыз. Қазақтың небір марқасқа ұлдарының сүйегі сонда жатыр. Тарихтың тереңінен сыр шертетін көне шаһар Түркістан, Алланың нұры түскен көрікті мекен. Бірақ Мекке емес. Әлемде Мекке жалғыз» дедім. «Адамның басы – Алланың добы» екені рас. Қайда бастаса сонда домалайсың. Аллаға бір табан жақындау үшін ұлың иманды,қызың ибалы болсын. Көкірек көзіңді иман нұрымен шаймасаң, жасаған құлшылығыңда, ғибадатыңда бәрі бекер. Ал халықты адастырып «ақ жолға»салып, қалтасын қағып жүргендерге тауфих бере гөр жаратқан демеске шарамыз жоқ.

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
10 жыл бұрын 5625
5 пікір
  • Ассалаумағалейкум,
    абзацтарыңыз пробелмен қойылған. әдемі көрінбейді. алып тастасаңыз дұрыс болады деп ойлаймын
    10 жыл бұрын
  • Уағалейкумассалам, енді қалай болды?
    10 жыл бұрын
    • мені дұрыс түсінбедіңіз.
      аралары ашық қала берсін, тек әр абзацтың басындағы пробелдерді айтып едім
      10 жыл бұрын
    • және де тақырыптарды тек үлкен әріптермен емес, кіші әріптерде де қолдансаңыз
      мысалы былай: "Ата жолы" қайда апарады?
      10 жыл бұрын
  • Дұрыс айтасыз. Бұл бизнеске қарның ашатыны ақшасын айтпайсың ғой, пенденің сеніміне селкеу түскеніне қынжыласың да. Мейлі, сол ақшаны садақа ретінде беруге қимайды, ал садақаға берсе ауру, бәле-жала жақындамас еді ғой. Сынақтар өз алдына оған сабыр ету керек.
    10 жыл бұрын
Блог туралы