Бүкіл әлем мейірімге зәру секілді тап қазір... Қатігездік, эгойстік, тойымсыздық, имансыздық шегінен шығып, енді адам баласына тәубәға келу ғана қалған сияқты... Осындай қысылтаяң сәттерде де адамдар бірін-бірі ғайбаттаудан тыйылар емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тәмсілге құлақ асқан жандар аз.
Түнде түсіме әжем кірді. Аппақ кимешегін киіп алыпты. Жүзі де аппақ. Баяғыдай ауылда жүр екенбіз. Үндемейді. «Бұл кісі өліп қалып еді ғой» деп таңданып жатып оянып кеттім.
Аруақтар құран дәметіп жүрген шығар деп, шамамның жеткенінше аяттар оқыдым. Жұбайыма жеті шелпек пісіртіп, сақтық шараларын ұмытпай көрші-көлемге садақа ретінде тараттық. Сосын отырып осыны жаздым. Марқұм әжемді еске алған түрім ғой.
Менде көп қазақтың баласы тәрізді әжемнің қолында өстім. Әжем Балзия өте зиялы, салт-дәстүрді бекем ұстанған, өзіне жетер тақуалығы бар қажының қызы еді. (Әкесі Мұстафақажы – қабырға өзенінің бойын ен жайлаған бай болыпты. Әлі күнге сол өңірде Мұстафақажы қыстауы тұр).
Еңбекқорлығында шек жоқ - тын. Бәрі тәрбиеге байланысты - ау, байдың қызы кердең болып өссе керек – ті, жоға, бұл кісі мүлде басқа... Сөре – сөре құрт пен қарын – қарын май жинайтын алты ай жазда. Жент пен ірімшік дастарханнан арылмайтын. Тезек теретін, құрт қайнататын.
Әсіресе қонақ күткенді жақсы көретін. Әр қонақтың өз ырыздығы бар деп отыратын үнемі. Түнде маған ертегі айтатын, құран аяттарын жаттататын. «Биссмиллә» деп оң қолыңмен ас іш, Аллаға сиынып жүр дейтін. Атейстік заман еді ғой. Құдайға күпірлік айтатындар көп еді...
Ертеректе жазған жырым еді мынау! Әжемнің болмыс - бітімін ашу үшін қолданып отырмын.
ДАРВИН ІЛІМІ
«Дарвин ашқан ілімге,
күдікпенен қарап жүрмін бүгінде.
«Бір ұқсастық бар деуші еді түрінде,
кәрі ұстазым шөлі қанған білімге».
Маймыл біздің арғы атамыз соны ұқтық,
Әжем естіп күйіп – пісті торықты.
«Дарвин туса туған шығар маймылдан,
менің тегім бөлек дейтін жарықтық».
Дарвин сөзін пір тұтушы ек бал ашқан,
әжем дағы женілмеуші ед таластан.
«О, Тәңірім, мұсылманның баласын,
тәубасына түсір дейтін адасқан»!
Қараңғы ойдың тұмшалаған таңы атты,
адамды Алла топырақтан жаратты.
Ораза ұстап, намаз оқып жүретін,
әжем бізден болып шықты сауатты.
Өтті жылдар, оның бәрі әлі есте,
әжем байғұс кетті айналып елеске.
Шайтан ілім шырмауынан шыға алмай,
қаншама жыл мен де адастым емес пе!
Кешір, Алла, Мұхаммедтің үмбетін,
таза адамның асқақтаттың келбетін.
Топырықтан жаратылған пендемін,
топырыққа қайта айналу міндетім».
Сөз орайында жазып жатқаным ғой.
Әлі күнге есіме түссе таңданамын, әжемнің ең керемет қасиетінің бірі – тірі жанды жамандамайтыны. Өмір болғасын түрлі адамдардың болатыны белгілі. Біреу ренжітеді, біреу дауыс көтереді дегендей. Соның біріне мыңқ етпейтін. Кек сақтамайтын. Ылғи күлімдеп жүретіні есімде.
Бірде бір ағайын үйге ауылдың бір кісісін жамандап келді. Сонда әжем марқұм: - Сен жамандап отырған бәленше, өткенде ана бір кісінің шөбін үйіне әкеліп беріп жақсылық жасады. Оны қалай көрмедің?
Ол өткенде тракторымен сенің балаңды жолға шығарып салды. Оны қалай ұмытып кеттің?
Ол жақында ғана ана біреудің батпаққа батқан машинасын сүйреп шығарды. Бәрің «Ой, азамат» деп мақтадыңдар!
Бүгін бір ісі ұнамай қалып еді, жер –жебірене жетіп ғайбаттап жатырсыңдар? Бұларың жарамайды, қарақтарым! Жақсылықты тез ұмытып кетуге болмайды. Адам болғасын қате-кемшілік кімде жоқ. Бір-бірімізге кешіріммен қарайық, сонда ғана ынтымағымыз артады, жүрегіміз тынышталады» дегені бала болсамда есімде сақталып қалды.
Қайран әжем...
Қарап отырсам, бәріміз де пендеміз. Үлкенді-кішілі күнәміз бар. Сөйте тұра көпшілігіміз жақсылықты емес, жамандықты бірінші көреміз. Тіпті жақсылықты ұмытып кетеміз. Содан да болар жүрегіміз қара тастай болып қатып қалған тәрізді. Сәл нәрсеге жібімейді –ау, жібімейді.
Абай данышпанның өзі:
«Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес...» депті.
Бұдан арылудың да жолын ұлы Абай нұсқайды:
«... Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
– Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой,
Бес асыл іс, көнсеңіз» дейді.
Пайғамбарымыз (с.а.у) үнемі жымиып жүреді екен. Тек жақсылықты ғана уағыздайды екен!
Есейе келе көңілге түйгенім, баяғының адамдары асыл екен ғой. Салт-дәстүрдің бәрі иман негізіне құрылған. Мақал-мәтелдің бәрі – ислам! Әжемнің де ылғи күлімдеп жүретіні, әдебінің бәрі шариғатқа байлануында екен-ау.
Адамның тілінің негізгі қызметі Жаратушы Алла Тағаланы еске алып, мадақтау, шүкір айту, мәні бар жақсы сөз сөйлеу. Бұл жайлы Құран Кәрімде көптеген аяттарда айтылады. «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер», - деген айт солардың бірі ғана..
Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Жақсы сөз – садақа», - деп бекер айтпағаны сөзімізге дәлел. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деп те бұйырған.
Ал біз қандаймыз! Неге Алла Тағаланың сынағы жер бетіне көбейіп кетті? Соған ойлы адам баласы бір сәт көз жүгіртсе шірлкін!
Себебі біз адамдар, әжем марқұм айтпақшы «Бір біріміздің жақсылығымызды тез ұмытып, жамандығымызды жария етуден» тыйылмай келеміз. Жамандық шақырудамыз...
Жақсы сөз сөйлеп, жақсылықты ғана көрейікші, ағайын!
Айтпақшы әжем марқұм бірде Ертарғын мен Алпамысты тауысып, Иса пайғамбар туралы бір қызықты әңгіме айтқаны бар. Маған бәрі қызық. Сілекейім ағып тыңдаймын. Бірақ оның нобайы ғана есімде.
Мейірімді пайғамбар серіктерімен келе жатып, өліп жатқан итке жолығады. Қасындағылар «неткен сасық еді» деп тыжырынып, мұрындарын алақандарымен басып жеркенішпен қарайды ғой. Сонда Иса пайғамбар: - «Сендер оның тісіне қарасаңдаршы, тісі неткен аппақ еді» деп, өліп жатқан иттің бойынан жақсылық іздепті» деп әжем әңгімесін аяқтайтын.
Әжем түсіме кіргесін, өткен-кеткен есте қалғандарды термелеп жатырмын. Аруағы разы болсын деп....