Мен көрген Түркия (Жолжазба)
Мен көрген Түркия    (Жолжазба)

Бұл менің шет елге алғаш ұшуым. Тұңғыш сапарымның діні мен ділі бір, тілі мен ғұрпы ұқсас Түркияға түсуін жақсылыққа жорыдым. Екі ел басшыларының жарасымды ынтымағының арқасында қандас халықтар бір-біріне құшақтарын айқара ашып тұрғаны,түбі бір  түркінің жарастығының, тамырластығының белгісі! Татулықтың туы желбіреп, қарым-қатыныс ұлғайып, инвестиция мен кәсіпкерлікке кең жол ашылғалы, екі ел арасында «дорба да» тасымалданып, «жорға да» шапқылап жүр. Түркияға жолы түскендердің аузын ашып, көзін жұмып айтатын ертегіге бергісіз әңгімелеріне де қанықпын өз басым. Бірақ дана қазақ айтпақшы, «Көп естігеннен бір көрген артық» емес пе? Алланың қалауымен,"Kaztourism" турфирмасынын директоры Илькер бей секілді жомарт жүрек қардаштың қолдауымен Қазақстандық он журналист Аланияға жол тарттық мамыр айының жиырма үші күні.

Эйр Астанаға тиесілі ұшқыр  ұшақ зеңгір көкте еркін қалықтап, Алматыдан Түркияның көркем қаласының бірі, туризм саласындағы жетістіктерімен кеуде кере мақтана алатын Анталияға бес сағатта алып жетті. Қонуға бет алған ұшақтың әйнегінен төменге көз салғанымда  «Қыздың жиған жүгіндей» жинақы жатқан қаланың ішінде тігілген шатырға ұқсас (Теплицалар екенін кейін білдім) үйшіктердің көптігіне қайран қалдым. Аппақ болып көзге бірден шалынады өздері. Сөйтсем шаршы метр жердің төсіне соқаның жүзін сүйгізіп, жер-ананы еміп, еңбегінің зейнетін көріп отырған халық екен бұлар! Ағылып келіп жатқан сан милиондаған туристтердің көңілінен шыға білуде Түрік жұртын сабыр мен ақыл парасаттың шыңына көтеріп тұрғандай көрінді маған.

Әуежайда түрік ағайындар сапарлап келген қонақтарын көп күттірмей, құжаттарын тез-тез рәсімдеп, сәт сапар тілеп жөнелтіп жатты. Әр қызметкер өз жұмысына мәттақам екені көрініп-ақ тұр. Адамдарды шаршатпауға, ренжітпеуге, уақыттарын жемеуге деген талпыныстары әр қимылдарынан жіті аңғарылады. Қала бюджетінің туризм арқылы қалта қампайтып отырғаны еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін саналарына сіңген тәрізді.  Сол үшін де «бүгіліп көрпе, иіліп жастық» болуға дайын. Әйтседе, кейде өз жеріне, ұлтына, тіліне деген тәкәппарлық болмыстары әрегідік қылаң беріп қалады. Сүйсінесің ондайда.

 

Капиталисттік қоғамның әліпбиін тәмамдаған бала

Бізді шынышақтай ғана түріктің қара баласы күтіп алды. Мойнына Түркия - Қазақстан деп ірі әріптермен жазылған шағын плакат іліп алыпты. Ондағы ойы бізді көптің арасынан адаспай тауып алу болса керек. Тапты да. Іле-шала ұялы телефонымен бізді тосып алғанын әлде кімдерге хабарлап жатты. Сонда білдім, мектеп жасындағы баланың еңбекке ерте араласып, өзіне берілген тапсырманы, талап - тілектерді мұқият табандылықпен орындап жүргенін. Ақша табу жолындағы пысықтығы капиталисттік қоғамдағы күн көрістің әліппесін тамамдап тастағанын көрсетеді оның... Шағын ғана газел көлігі келіп, бала өз жөніне кете барды. Бізді күтіп алуға келген ұзын бойлы сымбатты түрік жігіті Алматыда туып өсіпті. Орысшаға судай. Қазақшасы да жаман емес. Біздің ішіміздегі ресми тілдің үстемдігін сезсе керек, сол тілде сөз тізгінен қағып отырды. (Осы жерде ерекше айтқым келетіні кешегі кеңес одағының «шекпенінен» шыққан орыс тілді  елдерден түрік жеріне демалуға келетіндер саны жыл сайын артуда екен. Содан да болар түрік ағайындар ресейдің мемлекеттік тіліне ден қоя бастапты. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген осы шығар бәлкім. Бұл үшін оларды кінәлауға болмас.  Біз жолыққан іскер азаматтардың офистерінде түрікше, орысша, ағылшынша мүдірмей сөйлей алатындардың көптігі соның айғағы).

 

Алания қаласында 400-ге тарта мешіт бар

Анталия мен Аланияны жалғап жатқан (екі жүз шақырымнан астам) күре жолдың үстінде Қазақстанда туып өскен түрік жігіті гидтің жұмысын атқарып, әр ауыл мен қаланы таныстырып отырды. (Қазақстанға кәуәп пен сыраға аңсары ауғанда ат басын бұратынын әзілдеп отырып жеткізді. Қазақ жұртына деген сағынышы ала бөтен өзінің. Елге жиі келіп  тұратынын айтып қалды сөз арасында). Шұрайлы мекеннің тарихы бір шежіре дерсің. Жалпы түрік ағайындардың туған өлкелеріне деген мақтаныштары кісі қызығарлық. Мұның өзі патриоттық рухтарының асқақтығын көрсетсе керек-ті. Осы жағы бізде кемшін емес пе деген ойға қаласың кейде еріксіз...

Қол бұлғап қалып жатқан тұмса табиғаттың сұлулығына тамсанбай көр. Көк пен жердің арасы тұтасып кеткен секілді.  Алдымыздан теңізге жақын қалғанымызды білдіріп  саумал жел еседі.  Қала мен ауылдың арасы жалғынып кеткендіктен ашық жер жоққа тән. Ашық алаңқайлардың өзі жеміс жейдекке тұнып тұр. Тропикалық аймаққа тиесілі банан, апельсин, ананас плантациялары көз жәуін алады. Қарбыз-қауын тырсиып, алма-жүзім үлбірейді. Жер ананы балаша мәпелеп күтсе, маңдай тердің өтеуі қайтатынына  риясыз сенесің осыларды көріп тұрып.

Анталиядан шыққалы бері назарымнан тыс қалмай келе жатқанның бірі Алланың үйі мешіттердің көптігі еді. Сұрастыра келе бір ғана туристтік қала Аланияда 400-ге тарта мешіт барын білдім. Қанша дегенмен саяхаттап келген ақшасы көп, жын ойнаққа үйір кейбір адамдарға азанның дауысы шайтани ойдан арылуға септігін тигізіп жатса қанекей. Имамдарына мемлекет айлық төлеп, ислами қағидаттарды кеңінен насихаттап жатуы да біздерге жұғысты болғай деп тіледім.

 

Жорғадай тайпалған жол

Айнадай жалтырған жол қиялыңды шартарапқа алып ұшады. Жанға дауа тау самалымен кеуде кере тыныстап қоямын. Әріптестерімнің де көңілдері көтереңкі. Жорғадай тайпалған жолдың үстінде тербетіліп келе жатып, ауылымдағы былтыр салынған тас жолдың жылға жетпей шұрқ-тесік болғаны көз алдыма келді. Жол соққан жерлестерімнің шаршаңқы кейіптері де елестеп өтті бір сәт. Бір қаға берісте бізді кеткенше тасымалдаған көлік жүргізуші Адем бейден тас жол жайлы сұрадым. Ол кісі бұл жолдың тап қай кезде салынғаны туралы нақты айтып бере алмады. Әйтеуір көп-көрім уақыт өтіпті. Сапалы жасалған жұмыстың рахатын көрген миллиондардың алғысынан артық не керек мемлекетке. Тендерді ұтып алған компанияға Үкімет қаржыны тікелей аударатындықтан, «Бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол жабық бұл жақта. Әр тиын есепке алынады. Ол үшін арнайы комиссия құрылған. Оларды сатып алу, алдап кету мүмкін емес деседі білетіндер.

 

Ақшаң болса қалтаң да, Түркияда талтаңда

Қазақстандықтар ең көп демалатын шет мемлекет – Түркия екені жиі айтылып жүр. Түркия отандастырымыздың арасында ғана емес, еуропалықтардың арасында да ең танымал курорттардың бiрi екеніне осы сапарда көзім жетті. Оның бiр себебi – бұл елде туризм жақсы жолға қойылған, қызмет көрсету сапасы жоғары, бағасы да қалта көтерерлiк. Демалыс орындары өте көп болғандықтан, сапасы бағасына сай келетiн қонақ үйдi таңдау қиынға соқпайды. Оның үстiне, Түркия – жағалауын төрт теңiз шайып жатқан, климаты жұмсақ, субтропикалық ел болғандықтан, туристердi мамыр айынан қазан айына дейiн қабылдайды. Біз маусымның ашылып қыз-қыз қайнап жатқан уақытында келіп отыр екенбіз.

Аланиядағы шетелдік туристтерге ең танымал он алты қабат Gold City қонақ үйіне ат басын тіредік. Бізге ерекше құрмет көрсетіліп әр қайсымызға жеке номердің кілттері табыс етілді. Үш күн бойы қонақ үйде еркін жүріп тұру үшін қолымызға «сиқырлы» білезік салынды. Түсінікті болу үшін айта кетейін, бұл сақина қонақ үйдің сыйлы қонағы екеніңді білдіретін белгі! Дүние жиһаз дейсің бе, адамға қажетті нәрсенің бәрі бөлмемізде самсап тұр. Соңғы технологиямен жабдықталған есік-терезе. Былқылдаған диван мен кресло. Төменде бассейн. Қаласаң буы бұрқыраған түрік моншасы. Ақшаң жетсе төле де шалқып жата бер. Еуропалықтар ащыны жек көруші ме еді. Төменде арақ-шарап судай құйылып жатыр. Исламның күш қуатын арттырған, тірегі болған елдің қонағына харам ұсынып жатқанына қынжылғаным рас. Дүние табу жолында әзәзілдің арбауына түскен жандардың ақшаның алдындағы әлсіздіктеріне кім кінәлі?! Егер «Сұраушының сүйген асын бермесе» Туризм арқылы жыртығын жамаған қаланың, сан-мыңдаған қонақ үйлердің қаңырап қалмасына кім кепіл! «Әттең тонның келтесі-ай» дегізген осы болды мені.

 

Әркім көрпесіне қарай көсіледі

Ығы жығы халық. Туристтердің қасы қабағына қарап, зыр жүгірген қонақ үй қызметкерлері. Аста-төк дастархан...Еуропалықтар, орыс тілді елдерден келген туристтер, (Арасында Африкалықтар да жүр), Ресейліктер жасанды бассейіндердің жиігінде күнге қақталып, жұмысбастылықтан арылып мәре-сәре. Бала-шағасымен өріп жүргендер де аз емес. Рахат солардікі. Неге екені белгісіз тарыдай шашылған қазақтың бір баласы көзіме шалынбады бұл жерден. (бәлкім көрмеген болармын). Әрине бәсекеге қабілетті Аланияда туризмнің кең етек жайғаны сондай, шетелдік қонақтарды қабылдайтын қонақ үйлердің саны өте көп. Солардың бірінде жүргені даусыз қалталы қазақтардың. Алайда қарапайым Қазақстандықтардың әлеуметтік аз қамтылған топтары мен аз жалақымен күнелткендеріне бұл өлкеге қызыға қараудан басқа амалдары жоқ. Еуропалықтарға көк тіреген бұл қонақ үйлер арзан болып көрінгенмен, әркім өз қалтасына қарай көсілері анық!

 

Қол жетімді баспана - Түркияда

Жайпақ таудың басына жантая орналасқан қонақ үйден Алания алақандағыдай көрінеді. Көкшіл теңіз көбігін шашып, жағалауды тілімен жалап қояды. Кейде бейне шарада тасыған шұбаттай төгіледі ернеуінен. Қала күндіз-түні қызу жұмыс үстінде.Тауға өрмелей салынған вилалар түнге қарай ерекше көзге түседі шоқ жұлдыздай жарқырап. Биыл ғана салынып біткен вилалардың 90 пайызы сатылып кетіпті. Сатып алушылардың ішінде қазақ байлары бірен-саран болса да бар екен.   Бағалары да шаршы метріне қарай тотыдай түрленеді. 50-60 мың еуродан бастап 150-200 мың еуро дейін кете береді.  Адам жанынан басқаның бәрі бар ол виллаларда. Обалы нешік, әр ісіне мығым түрік кәсіпкерлері сапа жағынан көш басында тұр. Құрылысқа қажетті шикі заттардың бәрі өздерінде өндіріледі. Содан да болар үй бағасы біздегідей аспандап тұрған жоқ. Шындап кеткенде Астана мен Алматыдағы  баспана  бағасынан көп төмен. Сонымен қатар сапаға деген талаптары кісі қызығарлық!«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, өздерінің жасап жатқан жұмыстарының барысымен таныстырған Инвестициялық құрылыс компаниясы жетекшілерінің бірі Айһан Аслан бейдің іскерлігіне қайран қалдық. Заман талабына сай салынған ғимараттары сұранысқа ие. Бағасыда қол жетімді. 30-40 мың еуродан бастап 100-150 мың еуроға дейін жетеді. Курорттық аймаққа қызыққан еуропалықтар көптеп сатып алып жатыр. Әзірге Қазақстандықтардың белсенділігі төмен екен. Сол үшін де біздің елге тиімді баспаналарды жарнамалауға құштарлықтары зор. Және жүрек жібітер мына сөздеріне разы болдық. «Қазақстандық үй сатып алушыларға өзгелерге жасалмайтын жеңілдіктер ұсынамыз. Ақшаны банк арқылы, болмаса тікелей компаниямен шарт жасасып сатылап төлеулеріне де пейілміз» деп отыр олар. Бұл да болса қандастарына деген жанашырлық емес деп көр. Сондай-ақ, биік ғимараттардың тағы бір ерекшелігі аулада бассейін орналасқан. Пәтер иелері үшін. Тегін. Биік ғимараттардың төменгі қабатында түрік моншасы қызып тұр. Ол да тұрғындарға тегін қызмет ұсынады. Бір байқағанымыз ақ теңізден алыстаған сайын пәтер бағалары «құлай» бастайды. Қалай десек те өмір сүруге таптырмайтын өлке бұл!

Теңіз жағалауына тиіп тұрған зәулім үйдің дәл қасында бір қабаты ғана көтеріліп «қатып» тұрған құрылыс нысанына көзіміз түсті. Мән-жайға кейін қанық болдық. Құрылыс нысаны жұмысын тоқтатқанына екі-үш жылдың жүзі болыпты. Оған себеп тексеру кезінде лай құрамында цемент көлемі аз болып шыққан. Нысанның «ергежейлі» болып өспей қалуына  осы келеңсіздік кесірін тигізген. Комиссия жұмысты тоқтату туралы шешім шығарып, ол сол сәтінде жүзеге асқан. Осындай талапшылдыққа қарап тұрып, өз елімдегі құрылыс саласындағы кейбір өрескел істер ойыма оралды. Дәл түрік ағайындардай әр іске жауапкершілікпен қарауға, сұранысқа ие үй тұрғызуға,  мемлекеттің атына кір жұқтырмауға талпыныс заман талабы екенін қашан ұғар екенбіз.

 

Шұрайлы өлкенің шырайын ашқан Түркия

Аланияда тау қойнауын кескілеген тас жолдар мұнтаздай таза. Көз тартатын керемет ғимараттардың араларындағы бос жерлер бау бақшаға айналып кеткенімен жеке адамдардың иелігінде көрінеді. Егер күндердің күнінде сол нысанға ғимарат тұрғызу көзделсе, жер иесіне құрылыс компаниясы салып жатқан ғимараттан пәтер береді. Болды. Заңға бағынады. Біздегідей соттасып, қызылкеңірдек болып айтысып жүрген жан көрінбейді.  Бірнеше құрылыс нысандарын араладық. Бірінен бір өтердей көрікті. Сапалы. Сұранысқа ие. «Жер бетінде жұмақ болса тап осындай - ақ болар», дейді қасымдағы әріптесім тамсанып. Ия, Алланың берген керемет тартуын ел игілігіне беріп қойған мемлекеттің болашағы жарқын қашанда. Қазақтың кең даласы да шұрайлы өлкелерден кенде емес-ау деген ой дала перзенттерінің бәрінің басында жүр. Тек соны дамытуға, жандандыруға әлі де енжарлық басым...

Осы сапарда Туризм мен жылжымайтын мүлікке қатысты ақпараттарға мейірлене  шөлімді қандырдым. Әлі де дамуға бет алған елдерден үйренеріміз көп екеніне шәк келтірмедім. Сондай-ақ паблик рилейшн жумысы, менеджмент бойынша көп мағлұматтарға қанықтым. Туроператор жумысы туралы да  егжей-тегжейлі әңгімелер өрбіді. Мені ерекше қызықтырған саланың бірі медицина туризмі болды.

 

Медицина туризмі дамыған жер

Башкент университеті Алания ауруханасына болғанымызда көкейдегі көп сұраққа жауап алынды. Әңгіме Медицина Туризмі төңірегінде өрбіді. Қайран қалғаным Мемлекеттік аурухана іші қонақүй секілді. У-шудан ада. Біздегідей кезек күтіп сарылған жан баласы көрінбейді. Емделушілер аз шығар дегіңіз келетін шығар. Онда тыңдаңыз. Бір жылда осы аураханадан ем алғандардың саны 3 млн адамға жетіпті. Орталығы Анкара. Башкент университеті ауруханасы Адана, Аланья, Конья, Измир, Стамбул, Аяш қалаларына желі болып тартылған. Бұл ауруханаларда бүйрекке, бауырға, жүрекке трансплантация жасалады. Бетке, тағы басқа терілерге пластикалық операция сәтті жүргізіледі. Миға, қатерлі сүйек ауруларына ота жасалады. Әлемнің кез келген мемлекетінен ағылған сырқаттардың 90 пайызы ауруынан айығып кетеді екен. Қалған 10 пайызы екінші сеансқа жіберіледі. Міне осылайша соңғы технологиямен қаруланған Түркия медицинасы қарқынды даму үстінде.

Шахин Бедир, Медицина Туризмінің басшысы: «Әр сеанс 8 мың доллар тұрады. Көп жағдайда бір сеанста 90 пайыз емделуші диогнозын дұрыс тауып жатады. Қазақстанға жақында ғана барып қайттық. Алдағы уақытта байланысымыз жақсаратынына сенімдімін» дейді ол.

 

Көне жәдігерлерге құрмет өзгеше

 Түркияның туристердi қызықтыратын тағы бiр ерекшелiгi – all inclusive жүйесi екенін баса айтуымыз керек. Таңғы, түскi, кешкi астан бөлек, бассейн маңындағы керек-жарақтар: шизлонг, шатырлар, сусындар, балмұздақ пен жеңiл-желпi тамақ, спорт зал, барлық қызмет түрi тегiн деген сөз.Түркияны аттай қалап баратын туристердiң бiр бөлiгi ежелгi өркениет қалдықтары мен ескерткiштердi өз көзiмен көрудi мақсат етедi.

«Түркия - аспан астындағы ашық мұражайлар елі» деген саясатты ұстанып, түрік бауырлар туризм саласының бұрын қолға алынбаған тұстарын жетілдіру үстінде.

Алания - Түркияның ең әдемі жерлерінің бірі. Мұнда келушілер қатары да жыл сайын артып келеді екен. Теңіз деңгейінен 250 метр биіктікте орналасқан Алания қаласының таулы қыраттарынан қала да, теңіз де алақандағыдай көрінеді. Ескі және жаңа қала болып екіге бөлінетін Аланияда жағалау жағында курорттар көбірек салынған. Осы заманғы қонақүйлер самсап тұр. Азғантай жылдың ішінде осы бір шеткері жатқан аймақта Алания қаласы жарқырап бой түзей бастапты. Түркияның ең бір курортты орталығына айналған қалада көретін нәрсе көп екен. Әсіресе,теңіз жағасында бәрінен де оқшау тұрған қамал біздің көзімізге бірден түсті.

Қызыл қамал - Аланияның ең басты мақтанышы. Ол 1228 жылы тұрғызылған. Қазіргі таңда мұнда этнографиялық мұражай ашылған. Әйгілі Помпей осында болған. Бір кезде біздің заманымыздың І ғасырында Марк Антоний бұл жерді Мысыр Патшайымы Клеопатраға сыйға тартқан көрінеді. Тарқата берсең Алания тарихы таңнан таңға созылады. Бәріне куә ақ теңіз кейде көкке шапшып асаулық танытқанымен, кейде моп-момақан кейіпте үнсіз жатады. Небәрі үш күнде Туризмі дамып, экономикасы жанданып, халқының тұрмыс-тіршілігі оңалып қалған Түркияны танып-білу қиын нәрсе. Ол жердің ішке бүккен сыры, біз көрмеген қырлары көп. Тек соның жақсысынан алып, жаманынан жирене білсек болғаны.

                               23 мамыр мен 26 мамыр аралығы, 2014 жыл

 Астана-Анталия-Астана

 

 

 

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 жыл бұрын 4852
2 пікір
Блог туралы