Ел-жұртты шулатқан Ақтөбедегі қанды оқиға мен күні кеше ғана Алматы да орын алған атыс-шабыс көптің үрейін ұшырғанын несін жасырайық. Дін атын жамылғандардың әрекеті - қасиетті Исламға күйе жағып қана қоймай, дін дұшпандарының айызын қандырып тастағаны даусыз! Ата - бабаларымыз ұстанған Ислам осы ма еді? Адам өлтірмек түгілі, жердегі құмырсқаны басып кетпеу үшін, сақ қимылдап, әр адымын санап басқан тақуалардың ізгі амалдары қайда қалды? Жиһад деген түсінік, тек қырғын соғысты ғана еске сала бастады ма қалай? Білімге, ізгілікке, тағы басқа адами құндылықтарға бастайтын жиһадтың өңі айналып кеткені несі? Сауал көп, жауап аз.
Ислами білімнің төмендігі осыған әкеліп соғып жатқаны қандай өкінішті. Қит етсе бәленің бәрін мұсылмандарға әкеп тіреу, сақалы болса Ислам содыры деген атқа іліп жіберу оп-оңай іске айналды. Кейде отырып ойлаймын: қылмысқа жауапты органдарға бұл таптырмайтын сылтау болды-ау деп. Әйтпесе, құдайдың жолындағы пенденің осыншалықты қатігездікке баруын көзге елестету қиын...Бүгіндері "салафит", уахаббист" деген діни ағым өкілдері туралы жиі айтылады. Олардың кейбіреуін "байсалды" деп әспеттесе, енді бірін "радикальді" деп айдар тағып атау сәнге айналды. Теке сақал, келте балақ киген жастардың көбіне жұрт үрке қарайтын болды. Негізі сыртқы киімге қарап бал ашуға қарсы жанның бірі менмін. (Иман жүректе ғой. Адамның ішіне кім кіріп шығыпты). Бірақ олардың кейбір әбес мінез-құлықтары, өздерін жамағаттан бөлекше қылып тұратын кескін-келбеттері түрлі ойға итермелейтіні рас. Осы ретте қажылық сапары кезінде өзім көзіммен көрген, көңілге түйген түрлі жайттарды ортаға салуды жөн көрдім. Бұл жолғы мақалам қажылық сапар жайлы болмақ. Талайға арман болған осы қажылыққа кімдер барып жатыр? Қандай жолмен барып жатыр, бұл әлі де болса зерттеуді қажет ететін мәселе болып тұр. Қажылықты туристік сапар секілді көріп алғандарға не шара? Оларға қашан тоқтам болады? Қадір түнін Мекке де қарсы алуды әдетке айналдырған мұсылмандар да бар арамызда. Олардың қыруар қаржыны қайдан алып жатқаны да белгісіз? Егер квотамен барып жатса неге квота санаулы адамдарға ғана жыл сайын беріліп тұрады? Оны меншіктеп алуға кімнің қақысы бар? Ол квотамен басқа адамдардың баруына не кедергі? Осындай түрлі ойларда жағаға жармасады келіп.
Міне, аман-есен Рамазанды өткізіп, оразаны мұқият ұстап, Алладан дұға тілеп тіпті алты күндік Шәуіл оразасын бекітіп Аллаға мың шүкірін айтып, тәуелсіздігіміздің арқасында енді қажылыққа дайындық жасап жатқандар баршылық. Алла жолдарын оңғарсын деймін. Бірақ оларға мен жоғары да келтірген талаптар қойыла ма? Әй, қайдам...Қажылықты - қаржысы барлардың салтанатына айналдыра беру жақсылық емес. Қасиетті дініміздің қадірін қашырып жүргендерге бір тоқтам қашан болар екен?
2012 жылы Алла нәсіп етіп, балаларымның ұйғарымымен үлкен қажылыққа бару бақыты бұйырып, 21 күн қалың елмен бірге жүріп, Алланың алдындағы үлкен бір парызымды өтеп қайттым. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қасиетті Қағбаға қарап тұрып өткен өмірім бір сәтте көз алдымнан өтіп, Алланың алдында есеп беріп тұрғандай халге түстім! Түйгенім: осы уақытқа дейін түк бітірмеген екенмін, болмашы нәрсеге бола бір - біріміздің көңілімізді қалдырып, түкке тұрмайтын нәрсе үшін жанталасқан екенбіз. Алла бізге осы жарық дүниедегі уақытымызды шектеп қойғанын түйсініп, ертең елге жетсем ,өмірімді «жаңа парақтан» бастайтындай, әр сәтімді бағалайтындай жаңа тыныс, жаңа леп бойымды билеп алғандай ерекше әсерде болдым. Әсіресе Қағбамен қоштасар сәттегі қимастық сезім ешқашан қайталанбас! Ең асылың қалып бара жатқандай көзден аққан жасыңды тыя алмай, жүрегім тіліне керемет сезімге бөленгенім бүгінгідей есімде... Содан бері қасиетті мекенге деген сағынышымды тілмен айтып жеткізе алмаймын!.. Қажылыққа барып келген адамның мінезінде көптеген өзгеріс болатынын байқадым, жан-жағыңа, қоршаған ортаға, дүниеге басқаша көзқараспен қарай бастайсың...
Ал, парыз бен жауапкершілікке келсек, қазақ халқы қажылық өтеп келген кісілерді құрмет тұтады, оларды үлгі - өнеге етеді. Сондықтан мұның жауапкершілігі де ауыр.
Мен қажылық сапарында арғы атам қажы Қасымбек датқа туралы көп ойладым. Ол кездегі қажылардың Алла жолындағы өлермен құлшылықтарына сүйсіндім. Бүгінгідей ұшақпен зулап баратын заман емес. Қажылыққа қажырлылық танытып барған олардың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын! Сәл шегініс жасап толғасам: менің туып өскен ата – анамның ауылын, (Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Биназар батыр ауылы)- менің аталарымды «Әжінің аулы» дейтін. Сол Кеңес дәуірінің өзінде бізге деген елдің ерекше ілтипатын сезінуші едік, соған іштей мақтанатынбыз. Ата –анамыздан естігеніміз: Қасымбек атамыз қажылыққа ас суын беріп елмен қоштасып екі рет жаяу барған екен. Әкеміздің атын Мешітбай деп қоюы да тегін емес. Әкем Мешітбай Қасымбек қажының шөбересі, атын қажы атам өзі қойыпты. Әкем Мешітбай жасынан еңбекқорлығымен көзге түсіп, 16 жасында "Бала бастық" атанған. Содан аттан түспей, түрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп, есіл еңбегі ескеріліп, Қазақ ССР - ның "Алтын кітабына" өшпестей болып аты жазылды. (Оны ұрпақтары мақтан етеміз). Әкем туралы көп нәрсе айтуға болады. Оның да реті келер Алла нәсіп етсе. Қажы атама қайта оралайын. Ғалым Мекемтас Мырзахметов аға өз еңбектерінде Ташкент архивінен алынған құжаттарға сүйеніп, он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде қажылыққа ұлы жүзден датқа Қасымбек қажы (Менің атам), орта жүзден Құнабай қажы, кіші жүзден Мырқы би барғаны туралы деректер берген. Сол кездері Меккеде тәжік, өзбек, түрікпендердің тақиясы - қонақ үйі болған екен, ал қазақтарда тоқтайтын орын болмауы себепті жоғарыдағы үш кісі Мекке әкімшілігіне барып жер сатып алып, қажылыққа барған қазақтарға арнайы 2 тақия салғанын дәлелдермен келтіреді. Мен сол Қасымбек датқа қажының шөбересінен туған шөпшегімін. Мұны сөз орайында айтып жатырмын. Қажылығымды өтеп жүріп, атамның ақ жолын жалғастырғанымды, мақтана еске алғаным бар.
Қазақтың небір марқасқалары қажылыққа өмірлерін қауіп-қатерге салып, айлап-жылдап жүріп келгенін жоғары да айттық. Һақ жолында шаһид болғандар қаншама. Ал қажылығын аман-есен өтеп қайтқандар "қажы" деген мәртебесіне өле-өлгенше адал болып, пенделіктен ада болып өтті.
ҚАЖЫЛЫҚ АҚШЫ ШАШАТЫН ТУРИСТІК САПАР ЕМЕС
Бүгінгі кейбір кісілер «қажы» деген атты атақ-дәреже көреді. Қарапайым жұртқа қажылыққа барғанын міндет тұтатын кісілер де баршылық. Қазір қалталы адамдардың әке-шешесін қажылыққа жіберуі сәнге айнала бастағандай. Қажылықта намаз оқуды білмейтін кісілерді де көрдік, туристік саяхатқа келгендей қонақ үй мен дүкендердің арасын жол қылған қажылар да жүрді. Осындай ойы таяз пенделерді көргенде қажылықты армандап қолдары жетпей жүрген жандар еске түседі. Қынжыласың, қамығасың. Ал керісінше қажылықта әрбір минутын құр жібермей бар уақытын құлшылыққа арнап жүрген қандастарыңды көргенде қуанасың. Марқайып қаласың. Осы ретте айтқым келгені: қажылық компаниялары қажылық сапар алдында курстар өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені қайда бара жатқанын кей пенделердің тереңдеп зердесіне құюға бұл таптырмас дәнекер болар еді. Мысалы Африка құрлығынан қажылыққа келгендердің сөзіне қарағанда Фатиха мен Ықылас сүресін білмейтіндерді қажылық парызын өтеуге жібермейді екен. Былай қарап отырсаң қатқылдау көрінгенімен, шариғи тұрғыдан әділетті іс қой. Аллаға құлшылық жасау, анау айтқандай арзан дүние болмаса керек-ті.
Ал біздің қажылық компаниясы апарған адамдардың ішінде ала-құласы көп болды. Атын атамай - ақ қояйын, бір азамат (кезінде проректор болып ЖОО сабақ берген екен) әке - шешесін қажылыққа апарды. Әкесі кезінде совхоз директоры болған, анасы жоғары білімді дәрігер. Екеуі де зейнет жасындағы кісілер. Олармен жиі кездесіп қаламыз, «Сіздер намаз білесіздер, қандай жақсы, біз намаз оқуға әлі ден қоя алмай жүрміз, дүние ісіне айналып көп құндылықтан құр қалғанымыз үшін өкінеміз» - деп мұңдарын шағады. Жүздерінде қорқыныш - үрей барын байқағасын, бірде қастарына барып әңгімеге тарттым. Екеуі де "осыдан аман - есен үйге жетсек намаз үйренеміз"- деп ағынан жарылды. Сөйлесе келе іштеріндегі құпияларын да жасырмады. "Саған шынымызды айтайық, бұл жолы қажылыққа баламыздан қорыққанымыздан келдік. Өзіңде көріп жүрсің еш дайындығымыз жоқ. Не бір сүре, не бір аят білмейміз. Бірақ келгенімізге өкінбейміз, көзіміз ашылды. Һақты таныдық деп көңілді отырды. Кейінірек тағы бір жүздесіп әңгімелескенімде баласының кейбір қылықтарына түсінбей жүргендерін айтып мұңдарын шақты. "Біз баламызға түсінбей жүрміз. Жұмысын тастады, қауғадай қылып сақал қойды, бізге түсініксіз өз әлемінде өмір сүріп жатыр. Сенен несін жасырайық, осы сақалдылар бәле болды" деп біреу естіп қоймасын дегендей сыбырлап қана айтты.
Осы қажылық сапарында қонақ үйдің бір бөлмесінде жасы алпыстан асқан әйелмен бірге жаттым. Байғұс инсульт алған екен. Арбамен жүреді. Уақытында көп қиындық көргенге ұқсайды. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі екен. Жолдасы ерте қайтыс болып, екі баласымен жесір қалыпты. Мұны да баласы қажылыққа алып келіпті. Баласы үнемі анасының намазды қалай оқып жатқанын бақылап кетіп жүреді. Әлгі байғұс әйел балам ренжиді деп намазды зорға оқиды, арбамен тәуәб жасап келеді. Кейде ашылып менімен сырласатыны бар. "Мен әнді жақсы көремін, ақын –жазушылардың еңбектерін көп оқушы едім, соны білетін балам теледидар көрсетпейді, радио да тыңдатпайды... Артық-ауыс әңгіме айтуға да болмайды. Толып жатқан шектеулерден шаршадым деп мұңайғаны бар байғұс ананың. Айтпақшы, шешеме қарассын деп ұлы қара киінген тоқалын қасына ертіп келген екен. Ол да шамасы жеткенше енесіне көмектескен болады. Анау -мынауына жәрдемдеседі. Кейде арбасын итеріп қыдыртады. Бір реті келгенде әлгі жігіттің қара киінген тоқалынан жөн сұрадым. Сонда әлгі тоқал: "шешеңді қараймын дедім, бір баламмен қосылдым, браттар қосты" деді. Одан әрі әңгімені созғым келмеді онымен. Осыдан-ақ олардың қаншалықты жылдам үйленіп, талақ айтылса екінші біреуіне тиіп кете беретіні ойға оралды.
Ең сорақысы бізбен барған бір ұйғыр әйелдің бетпақтығы десем қатты айтқаным болмас. Әлгі қатын: - әлемнің біраз жерін аралап едім, бұл жерде скучно, зря келдім деп үнемі айтып жүрді. (Алла кешірсін бейшараны)... - Европа жақсы, баратын жер көп- ақ, деп орысша - қазақша араластырып кейіп отырады үнемі. Қойсаңшы деп тоқтам айтсаң, шаптығып құтырып кетеді. Одан көпшілік аулақ жүруге тырысады. Кейінірек баласын көрдім, жап - жас балаң жігіт екен. Иегінде 3-4 тал сақалы бар. Бұл да анасын еркінен тыс алып келген секілді. Анасының гөй-гөйі анау.
Біздің қажылық сапарда емшілер де көп жүрді. Бір келіншек күйеуім жоқ, қажылық сапар күйеуі жоқтарға мүмкін болмауы себепті бір азаматпен уақытша некеге отырдым деп қарап отыр. Не айтарсың іштен тынып кете бардық... артынан әлгі емші әйелдің «арқасы қысылып» ауырып-сырқағандарға жедел көмек көрсетіп жүргенін көріп шошыдым.
Бәленшенің інісімін, қажылыққа ата-анамызбен, отбасымызбен келдік деп қажылыққа барудың қолжетімді екенін байқатқан жас жігіттің де әңгімесін таң қала тыңдадық... .
Шыққыр көзіміз не көрмеді. Ақтөбедегі Хромтаудан келген қара көйлекті сөздері өктем орыс тілді келіншектер Арафаттағы құлшылықта үлкендермен сөз таластырып өздерін ең тақуалық жолдағы жандар санағаны көзге қораш көрінді. Олардың шектен шыққаны сондай шариғат төңірегінде кей ер кісілермен ерегесіп, дауыс көтере өз пікірлерін дәлелдегендерінің куәсі де болдық...
Тіпті бір танымал азаматтың "осымен бәлен жыл болды Қыдыр түнін тек қана Меккеде қарсы аламын" деп Меккеге баруды көрші аулылға барып келудей сипаттағаны да жүректі шымырлатты.
Өмір бойы қажылыққа баруды көксеп қаражат жинаған мұсылманның күнімен салыстырып байқасаңыз, мен сөз еткен мәселелер өте ауыр тиері сөзсіз. Мен ешкімнің қаражатын санағалы көтеріп отырғаным жоқ бұл тақырыпты, көңіліме симаған соң оқырманмен сыр бөлісіп отырған жайым ғой. Алла сын сағатта баршамызға кешіріммен қараса екен! Бұл менің бір ғана қажылық сапарында көңілге түйгендерім. Біз білмейтін, тіпті айтуға ауыз бармайтын жағдайлардың орын алып жататынын айтатындар бар.
Таяудағы бір әңгімесінде министрдің қажылыққа баруды реттеу керек деген сөзін естіп, осы мақаланы жазбаққа бекіндім. Оқыған жан ойлана жатыр. Басымызға тигенде ғана жан-жағымызды бақылап, кеш қамданып жататынымыз рас қой. Не нәрсенің де болсын алдын алу шараларын басты мақсат етіп қойсақ шешілмейтін мәселе бола ма?
Сосын қажылыққа Патшалық шақырып жатыр деп арнайы квотамен баратындар көп. Оған кімдердің барып жататынын да ескерген жөн. Өйткені Араб мемлекетінің ұстанған бағыты-уахабилік. Олардың өз жақтастарына көңілдері құлап тұратыныны шындық. Сондықтан тізімге жіті қарап, қадағалауды күшейту уақыт талабы.
ТҮЙІН: Мәдениет министрлігіне дін істері саласын қосуға мүлдем болмайды. Бұл менің жеке пікірім. Себебі дін өте ыждахаттылықты, сауаттылықты, аямай тер төгуді, орасан зор еңбек етуді қажет етеді. Бұл сөзіміздің дұрыстығын елде орын алған соңғы қайғылы оқиғалар көрсетіп берді. «Дін мемлекеттен бөлек» деген Лениндік теорияның бүгінгі қоғамға мүлде келмейтініне күн өткен сайын, түрлі оқиғалардың өршіп бара жатқандығы дәлел бола алады. Керісінше, дін саласына мемлекеттік мәртебе бергенде ғана оң нәтиже берері ақиқат. Тиісті мекемелерге, тиісті өкілеттіктер беру арқылы, «бір терінің пұшпағын» берлесе илесек қана нақты нәтижеге иек артамыз. Сосын Президентеке тікелей бағынатын Агенттік немесе комитет құрылатын мезгіл жетті. Бұл уақыт күттірмейтін қажеттілік! Сонда ғана қажылық мәселесі бір ізге түсетініне бек сенемін.
Сондай-ақ, бұл жазылып отырған мақаланың көтерер жүгі мен қойылған тақырыбына ой көзіңізбен қарасаңыз, біраз көшелі мәселелерді айтуға ты-рыстым. Айтылмағаны осындай ұлы да қасиетті сапарға барып келгендер туралы бір шөкім ойымды да айтып кеткенім жөн тәрізді. Барып келгендердің «қажымын» деп айтып, жазғанына қарсымын. Себебі бұл парыздың қабылданған-қабылданбағанын бір Алла біледі. Соңғы парыз Алланың құлына зор міндет жүктейді. Барып келдің бе, бәрінен тыйыл (жамандықтардан). Барып келдің бе, еліңнің, ұлтыңның қамын ойлайтын, сол жолда күресе білетін патриотқа айна-лып, қажырлылық танытқаның абзал. Жасыңа қарамай, қысқашалап айтқанда, қажы болу — тазару. Қажы болу — адамгершіліктің шыңына шығу. Одан басқа жол жоқ. Осы жолдан айныма, діндес, тілдес, рухтас бауырым!
Сәуле Мешітбайқызы ҚР еңбек сіңірген қайраткері