Қол мен Балта
Қол мен Балта

Қол мен балта І

Қолға билік тиген күні, таңданба,

білек түріп атой салды орманға.

 

Ағаш біткен жапырылды, құлады,

бірақ Қолдың қанбай қалды құмары.

 

Бұлшық еттер тыным алмай жүгіріп,

залым – Қолға тұрды ылғи жүгініп...

 

Қатыгез қол отағанда – құнығып,

ағаш біткен кетті одан түңіліп.

 

Кербез – қайың түбірінен қырқылған,

Балта Қолдың шыға алмады ырқынан.

 

Бәрі білді – емес Балта кінәлі,

өткір еді, қиып түсер шын арлы.

 

Қол салмақтап өткірлігін сынады,

өтті сүйтіп атом – Балта сынағы.

                        

                          Қол мен балта ІІ

Қарулы Қол ағаштарды, аямайтын шабатын,

Балта байғұс кібіртіктеп, жүзі қайтып қалатын.

 

Ал Қол оны тас қайраққа жанып – жанып алатын,

алатында қан майданға қайта әкеліп салатын.

 

Саясатты жүргізді де ойлы – ақылдың көзімен,

қиянатты жасап жатты өр Балтаның жүзімен.

 

Қарсыласқан кәрі еменнің қиып түсіп қылшасын,

Қол Балтаның ойлануға келтірмеді мұршасын.

 

Сәмбі талдар көз алдында құлап жатты балтаның,

нәрлі атақтың белсенді қол татып жүрді бал дәмін.

 

Аз – ақ күнде қалың орман болып еді тап – тақыр,

сары даланы күңірентті осылайша Қол батыр.

 

Қателіктің көп болғанын байқаған соң бұл істе,

іштен тынып Балта байғұс бекініпті бір іске.

 

Бүйтіп қарғыс алғанымша паш етейін былықты,

деп саусақты кесіп түскен ұстап тұрған шыбықты.

 

Осы әлсіз қарсылыққа шыдай алмай ақырып,

Қол ашудан дір – дір етіп, жіберді оны лақтырып.

 

Жазығы жоқ ағаштарды желмен бірге жоқтасып,

сабы шіріп сол орманда жатты көп жыл тот басып.

 

Ақиқаттың тұмшаланған сейілгенде тұманы,

қайғы әкелген бұл зұлматқа бас боп шықты кінәлі.

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 жыл бұрын 3849
1 пікір
  • Менің түсінуімше атом бомбасын балтаға теңеген секілді. Өлең жақсы, теңеу де керемет.
    9 жыл бұрын
Блог туралы