ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ ӘЛЕГІ
ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ ӘЛЕГІ

Дамубек өмірінде бұлай күйініп көрген емес. Қаны басына шапшып өзін – өз билей алмай қалшылдап отыр. Ызаға булыққан да шеке тамыры білеуленіп шыға келетін әдеті. Қыртыстанған маңдайы да көні кепкен жердей кедір-бұдыр. Қарулы қолынан әл кетіп, зор тұлғасы жерге шөгіп қалғандай кейпі күлкі шақырады. Керісінше ерінің алдын кесіп өтпейтін қатыны Қарқынгүл көңілді. Аяғын алшаң-алшаң басады. Ғұмырында бетіне тік қарап әңгіме айтпайтын әйелінің соңғы күндері сөзін жүре тыңдайтыны жанына батады. Көз алдынан жаратылған бәйге атындай ойқастап өте бергесін, бұрынғы әдетіне басып су сұрап еді: - «Аяқ-қолың балғадай азаматсың. Құқымыз бірдей. Осы күнге дейін намысымды таптап келгенің жетер. Өзің алып іш», - деп қасынан өте шыққанын қайтіп ұмытар. Төрде ілініп тұрған дырау қамшыны алып сойқанды салғысы келген. Сол сәтте есіне құрдасы Жарқынжолдың « Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық сот, Америка, гендерлік саясат» туралы аузының суы құрып айтқан әңгімелері түсіп шошып кеткені. Ойын біреу оқып қойғандай маңайына жалтақ-жалтақ қарап: «Бұл дүние не болып барады?» деп кілемнің үстіне қисая кеткен.
Жаздай жадыраған өмірінің күл-паршасын шығарған Жарқынжолды атарға оғы жоқ қазір. Қатты қапалы. Гендерлік саясат деп әйелін құтыртып кеткені көз алдынан кетпей жүр. Сол қырсық күн есіне түссе, жанын қоярға жер таба алмай аласұрады.
Көптен көрмеген Жарқынжол құрдасы ыржалаңдап үйіне келгенде Дамубектің қуанғаны – ай. Асты-үстіне түсіп бәйек болды. Ауылға мұндай қонақ күнде келе бере ме бір қойды алып ұрып сойды да тастады. Содан кейін бар жұмысты әйеліне табыстап қасына қонжиды. Бала кезінен сыралғы құрдасының кеппелігін білсе де кешіріммен қарап, ынтыға тыңдады. Қанша дегенмен көзі ашық, үкіметке бір табан жақын Астананың адамы ғой, саясатты шарадағы қымыздай сапырды. Білмейтіні жоқ өзінің. Сирия мен Дайш, Түркия мен Ресей арасындағы сызат, Күрдістан мен Ирак, әлемдік дағдарыс, мың құбылған мұнай бағасы оған тәуелді доллар бағамы, қалтыраған теңге, жер туралы қауесет, ой, көп қой айтқаны. Күнделікті күйкі тірліктен қолы босамайтын әйелі де жылы шырай танытып әлем жаңалығын естіп бір жасап қалды. Әсіресе гендерлік саясат туралы пәлсапасы майдай жақса керек, әйелі көз алдында өзгеріп бара жатты...
Қуырдақты қарбыта жеп, етке тыңқия тойып алған Жарқынжол, әуелі кекірік атып біраз отырды. Сәлден соң сүйек мүжіген пышағымен сіріңкенің бір талын ұштап алып, тістің арасына «тығылып» қалған «кәкір - шүкірді» «шұқылап» біраз «барлау» жасады. Содан кейін қақ төрдегі мамық көрпенің үстіндегі екі құс жастықты шынтақтап жатып: - Әй, Дамубек, Дамубек, - деп басын шайқап, түрін бұзып жіберіп: - үйіңде гендерлік теңдік жоқ екен» деп әй-шәй жоқ қойып қалсын. Бұл басында «гендер» деген сөзге түсінбей елең етіп жалт қараған. Тендер дегенді білетін еді, гендер деген пәлені естігені осы. Мұны жырына қыстырған ол жоқ, сампылдай жөнелді: - Гендер дегеніміз әйел мен еркектің теңдігі. Қазақтар көп жағдай да әйелді қор санайды. Соның біреуі сенсің. Әйеліңді қамырдай илеп алғансың. Келгелі соны байқадым. Бейшара салп-салп етіп жүр. Сен болсаң құдіретті әтештей қоқиланып қоясың. Мұның жарамайды, құрдас. Әлем жұрты гендерлік саясатты құжат етіп бекітті. Соны жүзеге асыру үшін миллиярдтап доллар бөлінуде. Астананың өзінде күнде жиын, күнде той. Менің білуімше 2009-2011жылдарға арналған ортамерзімді іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін «Ішкі саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім саласы бойынша мемлекеттік саясатты жүргізу» бюджеттік бағдарлама аясында республикалық қазынадан 30 млн теңге және «Гендерлік теңдікті қамтамассыз ету және отбасылық жағдайды жақсартуды дамыту шаралары» бағдарламасы бойынша 38,4 млн теңге бөлінген. Бұл менің білетінім! Білмейтінім қаншама.
Әйелдің сөзін сөйлеуге қазынадан бөлінген милиондарды естігенде Дамубек таңдайын тақылдатып отырып қалды.
Бұған айызы қанған Жарқынжол бастырмалатып жіберген: - Сондай-ақ, елімізде Гендерлік теңдік стратегиясын дамыту үшін нәзік жандылардың үлес салмағын 35 пайызға жеткізу көзделген. Ол үшін жақсы жұмыс жасалуда. Еліміздің Парламентінің құрамында 22 әйел бар. Бұл депутаттардың жалпы санының 15% құрайды. 3 әйел облыс әкімдерінің орынбасары, 5 нәзік жан аудандарды басқарады. Аудан басшылары орынбасарларының 18% ауылдық және селолық округтер әкімдерінің 12% әйелдер. Биліктің ең жоғарғы лауазымының құрамында 2 әйел министр, 4 жауапты хатшы, 6 вице-министр әйелдер өз қызметін атқаруда. Бұл көрсеткіш жалпы дүниежүзілік ортақ стандартарға сәйкес...Так, что, ойлан шырак, Әлем әйелді көтереміз деп жанталасып жатса, сен әйеліңді жегіп отырсың. Қылмыс жасап отырсың, - деп зәресін алып төне түскен.
Гандерлік жайлы аз-маз мағлұмат қауашағының ішіне кешігіп болса да кіргендіктен Дамубек үнсіз қалуды жөн көрмей:
- Атам қазақ қай әйелін әлпештеп отырып еді, сен де айтады екенсің. Сонда не әйелімді баптап, бәйгеге қосамын ба? –деп зірк ете қалған.
- Саған кім бәйгеге қос деп отыр. Аяла, бейнетін бөліс, дікеңдеме, әкіреңдеме, қолы тимей жатса кірін жуа сал, шаршап келдім деп шалжиып жатып алма.
- Әйел шіркін, үйдің сәні ғой, күйеуінің жағдайына қарап, балалардың үсті-басын таза ұстаса, келген қонаққа жылы-жұмсағын ұсынса, одан артық не бар мына дүниеде оған.
- Артта қалған екенсің, Дамубек деген құрдасы күйініп. – Бас десе құлақ деп отырғаның не? Әйел мен еркек тең дәрежеде болуға тиіс. Демек, барлық жұмыс ортақ. Әйелің бала емізсе, сен жәй отырма, кәк етіп қойса жуа сал, так что, гендерлік саясатты ойлап тапқан мен емеспін. Әйелің де адам. Ол да біреудің баласы. Санасып отырмасаң өзіңе қиын болады деп, тағы бірдеңелерді шатпақтап әрең тоқтаған.
Оқыған-тоқығаны мол, Астана да жақсы қызметі бар Жарқынжолдың мына сөзін әзілге балаған Дамубек: - Сенде айтасың-ау, құрдас, «Байтал шауып бәйге алмас» деген бабаларымыз, «Тең- теңімен, тезек қабымен» жарасымды ғой. Соларды құтыртпай-ақ қойсаңшы деп қағытқан өзінше...
Мына сөзге Жарқынжол кәдімгідей шамданып қалды.
- Сен байқап – байқап сөйле деген қатуланып. Гендерлік теңдік ойыншық емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы қадағалап отыр. Басың кетеді қанжығасында, күлкіңді тия алмай қалма, бейшара!
- «Қатын басқарған ел қараң қалады» деген. Оларға Алла күнімді қаратпасын.
- Америка, Еуропа Гендерлік саясаттың арқасында гүлденіп жатыр.
- Мысық пен итті бала орнына тербетіп, демографиясы теңселіп тұрған елді үлгі ет пе маған?
- Әйел бала тауып үйде отыруға міндетті емес. Гендерлік саясат оларды жоғары билікке сүйрейді.
- Әй, қарағым, бала таппаған қатыннан, лақтаған ешкі артық мен үшін.
- Билікке әйелдер келсе жағдайымыз жақсарады.
- Атаңның қу шекесі Жарқынжол. Ірі ойшыл философ Бенедикт Спиноза «Билік басындағы әйел – бүкіл әлемге қатерлі» деген сөзді неге айтты онда?
- Бұл сөзің үшін жауап бересің?
- Басымды қазір кесіп әкетсе де дайынмын. Меніңше, гендерлік саясаттың мақсаты, қоғамның дамуын кері тартатын жаңа типтегі әйелдер қауымын тәрбиелеу.
- Әйеліңді аямайсың, кіріңді жуады, балаңды табады.
- Сонда баланы кім туады, ей, ол тумай. Осы жерде Дамубектің дауысы қатты шығып кетті.
- Қажет болса табасың! Оның түрлі жолдары бар. Еркекке еркек үйленіп жатқанда андағың чепуха. Жарқанжол бет бақтырар емес.
- Қайран Мөңке би бабам: - Кебір – жерге теңелетін, Әйел – ерге теңелетін заман келеді деп бекер айтпаған екен-ау... Қазақ ешқашан әйелдерді қоғамнан аластатып, тұмшалап ұстамаған еді. Мұны өткен тарихымызды мұқият оқып шыққан адам ғана түсіне алады, олардың басты мақсаты—сүйікті қыз, адал жар, аяулы ана, асыл әже атану ғана еді ғой.
- Гендерлік рейтинг бойынша біз 146 елдің ішінде 47-нші орында тұрмыз... Осы жерде Жарқынжол кеудесін кере дем алды. - Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Яғни 25 жылдың өзінде Қазақстан әйелдері қыруар шаруа атқарды деген сөз.
- Әйел қауымы бірінші кезекте өмірге ұрпақ әкеліп, оны жақсылап тәрбиелеп, өсіріп, қоғамға қосар болса, еліміздің қарыштап дамуына одан артық қосатын үлкен үлес жоқ. Ұлт мәселесін былай қойғанда, әйелдің өмірдегі ең зор бақыты да байлығы да бала болса, ондай бақыттан қашу ақылға сыйымсыз емес пе, құрдас?
- Сонда сен не дамыған алпауыт елдерге қарсы шыққың келіп отыр ма? Салт-дәстүріңді олардың ұрғаны бар. Саясат солай. Тыныш жүр. Басың кетеді!
- «Қатын басқарған ел қараң қалады», «Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мен емес атаң қазақ. Шық үйден,- деп ақырып жібергені ғана есінде. Ар жағы көрген түстей. Домалана қашқан құрдасы Жарқынжол, шулаған балалары, бырқ-бырқ етіп жылаған әйелі, шошына жеткен көрші-көлем.
..... Ертесіне Астанадағы гендерлік саясатты жіліктеген ауыл әйелдері құқымызды таптауға қарсымыз деп әкімдіктің алдында митинг өткізгенін естіп жағасын ұстады.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
ҚАЗАҚСТАН ЗАМАН ГАЗЕТІ

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
8 лет назад 3954
1 комментарий
  • Орта деңгейдегі қызметтегі кейбір жеңгелеріміздің ата-енесінің алдында өктем сөйлеп, күйеуіне миымды ашытпашы деп тұрғанын көзім көрді. Әйел, қыз тәрбиесін қолға алуымыз керек.
    8 лет назад
О блоге
Прямой эфир