Колбин "Сталинге хат"драмасына қалай барды немесе елбасы өміріндегі сары қыз кім?
Колбин "Сталинге хат"драмасына қалай барды  немесе елбасы өміріндегі сары қыз кім?

                                             Елбасының «Өмір өткелдері» ұрпаққа үлгі немесе тартысқа толы ғұмыр – дастан

 Астана төріндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш шараға ҚР Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, Праламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Сұхбатты алушы және кітапты құрастырушы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов. Кітап елбасының cоңғы жылдары берген сұхбаттарының топтамасы ретінде жарық көрген.

Бұл кітаптың ерекшелігі сол, мұнда, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы танымал журналисттің сауалына  ағынан жарылады. Өткен өмірінің бұлтарысы мен қалтарысын, қуанышы мен өкінішін, жеңісі мен жеңілісін үлкен тебіреніспен жеткізеді. Президенттің де ет пен сүйектен жаралғанын әккі журналист керемет деталдармен, астарлы штрихтармен кестелейді. Қазақ баласының өз ұлтының намысы үшін отқа да, суға да түскен тағдыр-талайы кітаптың әр бетінен самал болып еседі. Саясат алаңындағы арпалыстар, ел мен жер, тіл мен діл майданындағы тебіреністер, шегіністер, толғамды толғаныстар әңгіме өзегіне айналады. Азуы алты қарыс Мәскеудің ығына жығылмай, саясаттың көкше мұзында тайғанамай, салиқалы ұстанымның көк туын желбіреткен тұсы елбасының қарым-қабілетінің өлшеміндей көрінеді.

Қарапайым ғана малшының баласы болғанын мақтанышпен әңгімелеп отырып, келешек жастарға да, мансап биігіне жету жолында тек өзінің білімі мен біліктілігіне ғана арқа сүйеу керектігін қадап айтады Нұрсұлтан Әбішұлы. Өмір өткелдерінде түрлі пенделермен жол түйісетіні, оның бірімен текетіресіп, бірімен иық қағыстырып, атақ-абырой жолында ел намысы үшін  күреске түсу керектігін де жасырмайды. Біреулер ойлағандай абырой биігінде тұрақтап қалу оңай емесін, ол жолда жаныңда жеп, жүрегіңді жаралап алатын түрлі іс-әрекеттердің кездесетіні де сұхбат барысында айтылады.

                                                                                       Тотолитарлық жүйеге кіжініп өскен бала

 Ата анасын, ата-бабасын, туған ауылын емірене есіне алады бір сәт Президент.  Замандастарын, құрбыларын сағынады. Балғын балалық шағын сөз етіп отырып, әділетсіздікпен бетпе бет келген кездерін есіне алады. Әділетсіз қойылған бір бағаның мектеп бітірерде «Алтын медальдан»  айырғаны қандай өкінішті. Күміске қанағат қылғандағы ішкі күйзелісі керемет әсерге бөлейді. Әсіресе жоғары оқу орнына құжат тапысырып, жатпай - тұрмай емтиханға дайындалған сенері жоқ бозбаланың жанталасы, оған қас қылғандай әкелерінің атай-абыройын малданған үш баланың оқуға түсіп кетуі оны ширықтыра түседі. «Бұл менің әділетсіздікті алғаш сезінуім, парамен де пайда табуға болатынын» тұңғыш көруім деп түңіледі ол. Ауыл баласына тән ойшылдығы, кең даладай дархандығы, сабыр мен ақылдылығы, білімге деген шексіз махаббаты асқақ арманға үнемі жетелеп отырғаны сұхбат желісінен аңғарылады. Тынымсыз еңбек пен қажыр - қайрат күш беріп, бала қиялы ата-анаға қайтсем қол ұшын берем деген ойға батырады. Өйткені шиеттей бала –шағаны асырау ата – анаға ауыр. Табыстары мардымсыз. Оған ортақтасу жігіт басына сын. Жастайынан алғыр, табанды өскен жігіт  әкесіне еріп егін егеді, мал бағады, тас жарады. Іні-қарындастарына қорған болады. Үлгі көрсетеді.

Тотолитарлық жүйенің қара шаруалардың еңбегін қанағанын көзімен көріп, кіжініп есейеді. Себебі салық түрі көбейген. Қарапайым халықтың тұрмысы еңселерін көтерітпейді. Жалақы жоқ. Еңбек ақыға төленетіні бидай мен арпа. Осының бәрін көкірегіне түйіп өскен бозбала, саясат баспалдағына өрмелеген жылдарында елінің хал-жағдайын есінен бір шығармайды...

                                                                                                   Орынсыз мақтан - құрулы қақпан

 Сұхбаттың өн бойында елбасы мақтанды ұнатпайтынын, керісінше, қазақ болып туудың өзі үлкен мақтаныш екенін үнемі еске салып отырады. Қаршадайынан қазақтың атына кір келтірмеуді мақсат тұтқан баланың, өсу жолындағы толассыз күресі болашақ ұрпаққа үлгі боларлық тартысқа толы! Әсіресе тәуелсіздікке жетер жолдағы қарбалас уақыт, қым-қуыт күндердің сорабы терең сезіледі. Сұхбат кітабындағы елбасы айтқан ілкімді ойларға жүгінсек, ел президентінің мақтан мен мадақтан қашық жатқанын аңғару қиын емес. «Осыдан он-он бес жылдай бұрын бір авторға бала күнімде ұшқыш болуды армандағанымды, Үшқоңырдың бір биігіне шығып алып, алысқа, ұзақ қарайтынымды айтқаным бар. «Тегі, Теміртауды көргім келген болар» деп әзілдегенмін. Соны пайдаланып, біреулер мені мақтағанның жөні осы екен деп, сол кезде болашақ астана жаққа қаратып, қиялдатып қоюдан да тайынбайды. Әр нәрсенің қисыны болуы керек қой» ренішін де білдіреді. [«Өмір өткелдері», 13 бет]. Бұл дегеніңіз қоюлатып бояу жаққанды ұнатпайтын тұлғаның кейпі. Осыны ескермейтіндерге не шара?!

Сұхбат барысында елбасы мына бір жайтты да айта кетеді. ... Маған да батыстың жолына түсіңіз, осыдан артық жол жоқ дегендер аз болмады.  Түспедің деп сынады. Олардың ақылымен жүрсек, онда өз дәстүр, өз тамырымыздан айырылып, ел ішінде дау-дамай көбейер еді. Нешеме түрлі – түсті революциялардың ішінде жүрген халықтың өмірі мүшкіл болар еді. Оның бәрін көріп отырған жоқпыз ба?- деп түзу жолды таңдағанын байқатады. [ Өмір түйткілдері. 21бет]. 

                                                                                         Бозбала Нұрсұлтанның көңіліндегі сары қыз кім?

 Қарапайым жұртқа президент махаббаты, оның бозбала шағы да қызық көрінері анық. Сұхбат барысында журналист Сауытбек Абдрахманов мұны да сыналап кіргізеді. – Сіз бір сұхбатыңызда  украйн қызы туралы айтып қалып едіңіз... деп сөзге тартады. Сол сәтте есіңізге «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі Сұлтанның қолтығына тығылған бейкүнә сары қыз түседі.

-Жастық шақта бәрі бола береді ғой. Людмила Кальныш деген қыз өмірімде өз ізін қалдырғаны рас. Сұлу, сымбатты болатын. Спорт сарайына бірге барып, үйіне шығарып салып жүрдім. Көркем гиманстикамен шұғылданатын. Мен ауылда тәрбиелендім ғой. Анам айтатын: қызға жақындағанда ойлан, ол да біреудің баласы, саған сеніп қалып, сен алдап жүрме деп. Сондықтан менің қатынасым тек қыдыру, биге немесе киноға барумен шектелген.Теміртауға қайтып оралғаннан кейін  де біраз уақыт хат жазысып тұрғанымыз бар. Тұрмысқа шыққанын, күйеуімен жақсы тұра алмай, ажырасып кеткенін, анасының қайтыс болғанын кейін естідім. Өкінішті. Жаны жақсы адам еді...

 Одан әрі 34 жыл өткеннен кейін баяғы курстастар жиналғанын әңгімелейді.  Ішінде жаңағы Людмила да бар екен. «Ол ауыр кезең еді» деп еске алады Президент. Жұмыссыз, баспанасыз қалыпты әлгі әйел. Қолдан келгенше көмектестім деп, бір кезде жанына шуақ берген аруды ұмытпағанын аңғартады. [Өмір өткелдері, 51 бет].

                                                                 Елбасының саясаттағы қырағылығы - қазақы болмысын аша түседі

 Әсіресе елбасының маңдай термен тапқан ақшаның құндылығы туралы айтқандары кім кімге де ой саларлық. Киевке құжаттарын жіберіп, бос уақытын сарп етпей, жолына қаржы жинауға деген талпынысы денеңді шымырлатады. Әке - шешесіне масыл болмауды ойлаған жігіт күзетші болып та көреді. «Иә, үш айдай банкте күзетші болдым. Біраз ақша таптым. Қаланың тыныс-тіршілігіне бой үйретіп қалдым. Одан нем кетті? Менің өмірбаянымның сәнін қашырып тұр ма сол үш айдағы күзетшілігім? Тіпті де олай емес» деп өткен күндеріне ризашылығын білдіреді. [Өмір өткелдері. 114 бет]. Демек, ұғынған адамға президенттің де аяғы аспаннан салбырап түсе қалмапты. Еңбекпен, тынымсыз еңбекпен жетіпті барлығына...

Украйнадағы күндері туралы тебіренген президент, небір атан жілік қазақ жігіттерінің ауыр жұмысқа төзе алмай, қауіпті жұмысқа шыдамай, жаймашуақ жүріп, жаймашуақ тұратын ауылын, даласын аңсағанын жасырмайды. «... Кейбіреулері жұмыс үстінде құлап түсіп, мұрнынан қан ағып, дәрігерлер алып кететін. Сонда жаңағы сырттан келген мамансымақтар артынан: «Да, им только баранов пасти, зачем их приняли на завод?» деп тұратын. Қаның қайнамай ма сол кезде?» деп қара металургияның қара қазанында қазақ баласының намысының да қатар қайнағанын сездіреді. [Өмір өткелдері. 117 бет].

Сұхбат алушы Сауытбек Абдрахманов болашақ президенттің парткомдағы, обкомдағы құжаттарын мұражайдан қарағанда, қарбалас жұмыс күндеріне таңданысын жасырмайды. «КБ-8, УОФ на КЧП» деген сияқты өзі ғана түсінетін қысқартылған сөздермен жазып отырғанда бір күндегі жұмыстар, «Вапросы для решения», «Перспективные вопросы» деген тақырыпшалардағы мәселелер саны 14-ке барып жығылып жататынын сөз етеді.

-Әлгі көнерген құжаттардың бір тұсында «Подготовка национальных кадров» деп жазып, астын бадырайтып сызып қойыпсыз» деп сұрайды журналист. Президенттің жауабы қысқа ғана беріліпті. – Ол мәселе ұдайы есте тұрды ғой. [Өмір өткелдері, 134 бет].

                                                                                         Б. Елцин мен М. Горбачев кім еді?

 Осыдан-ақ, ел ертеңіне алаңдаған болашақ президенттің, небір қиын шақтардың өзінде туған ұлтынан жақсы кадрлардың өсіп шығуын назарынан тыс қалдырмағаны көрініп тұр.

Сұхбат барысында Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Дінмұхаммед Қонаев ақсақал жайлы тұшымды ой айып, ол кісінің ішінен булығып егемендікті аңсап өткені жайлы қызық мәлімет келтіреді. «...Қонаевтың бір басына драмалық қайшылығы жеткілікті, сан түрлі себептерге байланысты дербес саясат жүргізе алмай өткен тұлға екенін де ескеруге тиіспіз. Әйтпесе, ол кісінің де дербестікті аңсағанын мен жақсы білемін. Бір сапарда ұшақта қатар отырғанымызда иллюминатордан ұшы-қиырсыз даламызға көз тастап, «Қарашы, республикамыз қандай кең байтақ. Өз алдымызға мемлекет болсақ қой шіркін!» деп» құлағыма сыбырлап, саусағының ұшымен ернін басқаны бар» деп есіне алады. [Өмір өткелдері, 160 бет].

Сұхбаттың саясатқа бет алған тұсында Б. Елцин мен М. Горбачев туралы, олардың кісілік, басшылық қабілеттері туралы тұшымды пікірлер айтылады.

Журналист: - Горбачевтың үлкен елді ойдағыдай басқара алмауының себептері қандай деп ойлайсыз?

Нұрсұлтан Назарбаев: Себептері көп. Соның бірі Михайл Сергеевичтің өмірді, халықты онша білмегендігі сияқты. Горбачевтың СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы қызметіне келгенге дейінгі өмір жолын шолып қарасаңыз, оның ешқашан кедергілерге кездеспегенін көресіз... Қайта құруға кіріскен кезде Горбачев мұны қалай жүзеге асыратынын анық көз алдына елестетпеді деп ойлаймын. [ Өмір өткелдері, 174 бет].

Елцин туралы «Жалпы, Борис Николаевичтің интуициясы ерекше болатын. Ең бір қиын сәттерде Ельциннің ақылдан гөрі жүрекке көбірек жүгінетіні бар еді және сонысы көбіне – көп дұрысқа шығатын» деп  баға береді.

                                                                                               Елбасы шындықтың бетін ашады

 Журналисттің мына сауалы да өзектілігімен есте қалады. – Сізбен осы әңгімені әзірлегенде жазып алған мына бір деректі келтіруге рұқсат етіңіз. Сол кезде Қазақстан өзінің әр азаматын жылына 1971 доллармен қамтамасыз еткен екен. Ал Эстонияда бұл көрсеткіш 2725 доллар болыпты. Қазақстанның жылдық табысы – 25,6 миллиард доллар, Эстонияның жылдық табысы – 3,7 миллиард доллар. Ел экономикасының ауыр жүгін көтеріп тұрған Қазақстанның халі неге бұлай өріс алған?

-Солай болатыны – Мәскеу шу шығады - ау, наразылық туады - ау деген республикаларға өзгеше өбектеп қарайтын. Момын, көнбіс қазақтар көтеріледі -ау деген ойды олар қаперіне де алмаған. Одақтық өндірістің құрылымы да тізгінге қол созуға тіпті мүмкіндік бермейтін. Республикадағы барша өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының 95 пайызы Мәскеуден басқарылатын деп, - Президент ащы шындықтың бетін ашады. [Өмір өткелдері, 205 бет]. Осы сұхбат аясында «...Ұлттық республикалардың өзінде ұлттық кадрларға тиісінше мүмкіндік берілген жоқ. Ол заманда биліктің қай сатысында да бірінші басшы қазақ болса, екінші басшы орыс немесе керісінше етіп қойылатын десе [205-206 беттер], тағы бір жерде «...Тілдер туралы заң жобасы талас-тартысқа түскен тұста менің қазақ халқы ассимиляция ернеуіне тақау тұр деп ашына айтқаным сондықтан. Одақтық орталықтың тұтас бір халықтың мүддесін аяқасты ететіндігі, қазақтардың айдың-күннің аманында, өз жерінде азшылыққа айналғаны, жоқ, дұрысы – айналдырғаны ұлттық сананы әбден қорлап біткен еді, - деп президент ашығына көшеді. [207 бет].  

                                                                                           Колбин «Сталинге хатқа» қалай барды

 Бүгінде біреу білер, біреу білмес, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанға басшы болып келген Колбинді әдейі театрда қойылып жатқан Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» драмасына алып барғанын. Осыны сұраған журналист сауалына мынадай жауап беріліпті. «Дәл сол спектакльге әдейі апардым ғой оны. Көрсін дедім. Көрді. Түрі өзгеріп кетті. Талай нәрсені түсінді. Сахнадағы Сталин – Горбачев, ал Голощекин – өзі екенін сезді. Бұл елден есі барында кету керектігін ұқты-ау деймін сонда. Тарихтың тағылымын танытуға жазушылар да осылай үлес қосуы керек». Президент Назарбаевтың осы бір ерлік ісін көпке дабыра етпей етпей келуінің өзі, қит етсе  аттандап жүретіндерге сабақ болса игі.

                                                                                                                     Түйінді сөз

 Осылайша Президенттің елге бимәлім тұстарына, әлі ашылмаған қырларына  тереңірек үңілген журналист, күреске толы «Өмір өткелдеріне» барлау жасап шығады. 16 тарау мен 570 парақтан тұратын бұл кітап оқырмандар үшін баға жетпес байлық, асыл қазына іспетті. Ұлт көшбасшысы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қазақы болмысы, саяси көрегендігі, тығырықтан шығар сәттегі парасат-пайымы, ел мен тіл тағдыры таразыға түскен сәттегі әбжіл әрекеттері, шетелдік журналисттердің көзімен сарапталып, нақты фактлер арқылы өрбіп отырады. Жалаң сөз, дақпырт әңгіме атымен жоқ. Тілге де жеңіл. Ойлары да салмақты.  Кітапта Елбасы өзінің шыққан тегінен, балалық шағына дейін, мектептегі, Днепродзержинскідегі жастық жылдары мен Теміртаудағы құрыш құйған шағы туралы да  әсерлі әңгіме өрбітеді.

"Қазақстан ZAMAN" газеті

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 лет назад 4409
4 комментария
  • Ел басқару оңай ма? Елдегі кетіп жатқан кемшіліктерді бажырайтып жария салатын, туған жерін баса жүріп, соған түкіретін бауырларымызға құлаққағыс...
    9 лет назад
  • Йа Осындай Ағамыздың,Дарынды Тұлғаның қадірін жете түсіне алмай жүргендер баршылық!Президент Ағамыз Қазақтың басына берген Аллаһтың сыйы деп білем!Аллаһтың сүйіктілерінен болса екен,Ақыреті жеңіл болса екен!
    9 лет назад
  • Мені алаңдататыны бұл кісі орнын босатқанда,кім келер екен,елінің жанашыры ма,əлде........
    Назарбаев ағамызды Аллаһым мейіріміне бөлесін!!!
    9 лет назад
  • күмәнді нәрсе, тексеру керек
    9 лет назад
О блоге
Прямой эфир