Қоғамдағы келеңсіздіктерді қылқаламмен «түйреп», «ішек-қарынын» ақтарып тастаған суретші
Қоғамдағы келеңсіздіктерді қылқаламмен «түйреп», «ішек-қарынын» ақтарып тастаған суретші

 

Нарықтың илеуіне түскен қоғам. Арсыз істерге бой алдырған жас пен кәрі. Иманды мен имансыздың текетіресі. Арды шалып жығып, төрге озған ақша. Мансабын параға жеңдірген шенеунік. Жылаған жүкті қыз, мысқылдап күлген бозбала. Инеге тәуелді жеткіншек. Қараусыз қалған кейуана мен қария. Қалжыраған кейіптегі ауыл. Өзге де толып жатқан шырмауы көп дүниелер… Оны айтасыз дипломмен ауылға аттанған жастың қазіргі келбеті де сонадайдан менмұндалайды.Мұның бәрі өзіміз күнде көріп жүрген, көрмесек те сезіп жүрген қоғамдағы «дерттің» асқынған түрлері. Суретшінің шеберлігі сол, астарлы ойлар мен көмкерген шығармасы көрерменін ынтықтыра түседі. Өзін толғандырған мәселелерді шорт қайырмай тереңіне тартады. Сөйтіп, неге бұлай деген  мыңның көкейінде сауалға жауап іздейді.

IMG_0378

Суретші Аңсаған Мұстафа Еуразия ұлттық университетінде «Сөйле, сурет» деп аталатын ең алғашқы көрмесінде, бүгінгі өзіміз бастан кешіп отырған қоғамдағы келеңсіздіктерді қылқаламның күшімен аяусыз әшкерелеп, көпшілікті ойландыра білді. Қарапайым ғана қаршадай қыздың ақ парақтың бетіне түсірген суреттері көз жүгірткен адамды өз тұңғиығына тарта жөнеледі.

IMG_0379

Суретші мың құбылған тірліктің жалына жармасып алып жүйткігендей әсерге бөлейді.Салған көркем суреттеріне баттасқан қара бояуды аз пайдаланғанымен, ақ парақ өмірдің меңсіз бетіне қара қарындашпен нүкте қойып отырады. Ойландырады. Көпшілік аңғара бермейтін, әбден көздері үйренген нәрселердің ауыр зардабын сездіреді.

IMG_0380

Кешегі ата-баба дәстүрінде жетімді жылатпағанын, жесірін қаңғыртпағанын, қызды қорлатпағанын, ата-анасын далаға тастамағанын, түрме дегеннің атымен болмағанын  сурет арқылы сөйлетеді. Қоғамдағы айтуға ауыз бармайтын түйінді мәселердіңде «шек-қарынын» ақтарып тастайды.

IMG_0384

Қалам ұстаған кей азаматтардың қанша айналып соқса да бере алмаған ойларын, айта алмаған сөздерін,шағын ғана кесіндемелдерден қырағы көз  тез аңғарады.  Себебі суреттер сөйлеп тұр. Шынайылық басым. Жаттандылықтан ада. Үйде отырып бала тапқан қыз, сол шаңырақтың ғана емес, тұтас бір рулы елдің бетіне шіркеу, намысына тікен болып қадалатынын қылқалам шебері ұтымды штрихтармен өреді. Оған бей-жай қарау тіпті мүмкін емес. Бұған дейін  салған суреттері интернет қолданушылар арасында кең тарап, «шетел асып», әлеуметтік желіде  өзекті тақырыптарда қаузаған суреттері көпшілік назарына түсіп, Аңсағанның танымалдығын арттырғаны даусыз!  Сурет – саф өнер ғой.Бұл жолда талант пен қатар жанкештілік керек.  Ал, Аңсағанның салған суреттерінің мақсаты — жастарды келеңсіз, жағымсыз қылықтардан қорғау екенін көрмеге келгендердің бәрі мойындады.

ansaСуретші Аңсаған Мұстафаны қолы қалт еткенде сөзге тарттық.

–  Сурет өнері сізді қалай баурап алды?

  Менің мамандығым суретші-дизайнер. Бесінші сыныптан бастап көркем сурет мектебінде оқыдым. Оны тамамдаған соң колледжге түстім. Одан кейін Жүргенов атындағы академияны тауыстым.

–  Бүгінгі көрмеге қанша сурет ұсынып отырсыз?

–  50 сурет.

–  Сіздің суретіңізде бүгінгі қоғам, ондағы тыныс-тіршілік бірінші орында тұрғаны байқалады.Байқауымша сіз, қиялды қанат етіп бимәлім әлемге ұшпайсыз? Ойдан «ғажап» қоғам тұрғызбайсыз? Өзіңіздің ортаңызды, маңайыңызды жіті бақылайтын секілдісіз?

  Негізі жақсы аңғарғансыз. Мен «алысқа ат арытпай-ақ», керек нәрсенің бәрін маңайымнан аламын. Өйткені өмірдің өзі тұнып тұрған сурет. Қарама-қайшылық! Әрине ащысы мен тұщысы бар. Қоғамнан мен бәрібір қаша алмаймын. Бәрін елмен бірге көріп отырмын. Күйінетін жайттар өте көп бүгінгі тірлікте. Көремінде біреуге болмаса, біреуге ой салар деп қағаз бетіне түсіремін.

–  Көбіне мені толғандыратын жастарға қатысты нәрселер. Олардың пролемалары дегендей. Ауыр тақырыптар да бар. Аборт, жезөкшелік, баспанасыз жас отбасы, араққа үйір қыз-келіншек, темекі түтініне тұншыққан сәби… Бірде темекі тартып тұрған жүкті әйелдерді көріп жүрегім ауырды. Барып ұрысқым келді. Содан өзімді сабырға шақырып, сурет салдым. Олар темекі тартатын жерге ерінбей барып іліп қойдым оны. Ойланар дедім. Кейін әлгі әйелдер ол жерге темекі тартпайтын болды. Бәлкім ойланған шығар. Бәлкім, жұмыстары ауысып кетті ме ол жағы маған белгісіз. Өзімнің алға қойған мақсатым жастарды жаман қылықтан сақтандыру және бақытсыздықтан қорғау. Осы жолда талаптанып келемін.

–  Қарттар үйіндегі қариялар туралы суретіңіздің қара бояуы басым екен?

   Ия, оны жаныммен жылап жаздым. Бірде газет оқып отырсам, қарттар үйінде қазақтар көбейді деген мақала тұр. Жүрегім шаншып кетті. Түні бойы ойландым. Тебірендім. Бұл қазаққа жат нәрсе ғой. Суреттен басқа қолымнан не келеді. Жастарға ой салсын деп, суретімді былайша өрбіттім. Кішкентай ұл мен қыз Анасының екі жағынан тартып таласып жатыр. Анасы оларға мейірлене қарайды.  Қасына тағы сурет салдым. Екі балада өскен. Байыған. Сонадай да зәулім котедж бен үлкен джип көлігі тұр. Үй қыздікі, көлік ұлдікі. Ана орта да тұр. Ешкімге қажет емес. Бұл диптих деп аталатын жанр. Аз сөзбен көп ой беру деген мағынада.

–  Дипломмен ауылға деген суретіңізде, ауылға жолдамамен бара жатқан жасты бір қол тас қылып ұстап тұр. Бұл нені аңғартады? Нені меңзеп тұрсыз?

–  Қолдан ұстап тартатын сурет фолуми деген дүниежүзіне әйгілі жанр. Мұнымен кей суретшілер өздерінің ойларын тұспалдап жеткізеді. Ал мен болсам, жастарды ауылға барыңдар, көріңдер деп отырмын. «Қол» оларды ауылға жетеліп келеді…

–  Бірақ, сіз ауылға баратын жолдағы «Арман» деген тақтайшаны белінен сызып тастапсыз? Бұл қалай?

  Бұл ауылға барған да арман бітті деген ескертпе. Енді  ештеңені арманда ма? Барған жеріңе қызмет ет, жұмыс жаса. Сол ауылды гүлдендір. Шындығына келсек, ауылға барсаңыз, сонда қаласыз. Қайдағы арман. Шындығана келгенде ауылда ауыр тұрмыс, ешқандай армандауға уақытыңда жоқ. Мұрша да жоқ. Күнкөріс бірінші орында тұр. Соны меңзедім.

  Сұхбатыңызға рахмет!

Нағашыбай Қабылбек

Қазақстан ZAMAN халықаралық газеті

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 лет назад 5547
4 комментария
  • Шынында каламымен туйреп турып салган екен сөз жоқ.
    9 лет назад
  • Аңсаған ханымның көрмесіне түсе алмай жүрмін. Алматыда өтіп кетіпті.
    9 лет назад
  • Иә, жақсы карикатуралары бар. Бірақ соңғы кезде шындық деп болмашы, тіпті ұятты суреттер салып кеткені болмаса.
    9 лет назад
  • Пайғамбарымыздың(с.ғ.С):Суретшілер тозақта болады,-деген хадисі бар.Соның ішінде адамның бейнесін түгел салуға болмайды.
    9 лет назад
О блоге