ШЫРШАҒА ОДА
ШЫРШАҒА ОДА

   

 Шыршаеке, сенде арман жоқ!!!

«Төресі» болып ағаштың,

төріне шықтың алаштың,

жасарып қыс пен жазда да,

табиғатпенен жарастың.

Тәуелсіздіктің тойында,

Есілдің ерке бойында,

қазақпен даңққа таластың.

 

Жасауың мұздан қаланып,

үлде мен бүлдеге оранып,

жұмыссыздарды қар түсе,

жұмысқа жектің бұл анық.

Астанаменен таласып,

бой көтерсе қалашық,

демейміз оны жаңалық!

 

Шыршаеке, сенде арман жоқ!!!

Құрмет бөлек өзіңе,

айтамын оны көзіңе.

Мақтауға қазақ құмар деп,

сенбей қалмағын сөзіме.

Ақ Ордаға тақалып,

Жақсылардан бата алып,

бой ұрдың мақтан, сезімге!

 

Азаттық атты бұлақ жыр,

жарнама болып жылап жүр.

Исаның туған күні деп,

Мұсылмандар да құлап жүр.

Мерейің өсті табындық,

Аяз атаны сағындық,

сөзіме айтқан құлақ түр.

 

Шыршаеке, сенде арман жоқ!!!

Қаншама шырша қырқылды,

 демедің оны «біртүрлі».

«Еңіреп» қаржы кетті ғой,

от шашу үшін бір түнгі.

Көпіршіп төрде «аққайнар»

ессіздер соған ат байлар,

құл етіп енжар құлқынды.

 

Тамаша бәрі тамаша,

шаттанды халқың балаша!

Жаңа жыл әне, келеді,

таңменен бірге таласа.

Десеңде қанша қан қызды,

ұмытпа қазақ, Наурызды,

дегенің бәлкім жарасар!!

 

Тәуелсіздік тойы өткесін,

(айтылды білем текке сын).

 «Дайындық жүрді бір ай» деп,

еш пенде сізді сөкпесін.

Тәуелділікке  бастайтын,

Шыршалар жүздеп  көктесін.

Құрметіңе от шашып,

табақ - табақ ет асып,

ұмытсын халық өкпесін!!!

Шыршаеке, сенде арман жоқ,

Шыршаеке, сенде арман жоқ!!!

2012 жыл

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
8 лет назад 2885
0 комментариев
О блоге