Ауылдың айтқыштары
Ауылдың айтқыштары

                                                                                 

Қазақ ежелден әзілге үйір, қағытпаға шебер. Ешкімнің жанын жараламайды. Астарлы сөзімен түйреп түседі. Сөз табуға келгенде дәл қазақтай шешенді табу қиын. Әлі күнге ауылда әр сөзімен езуіңе күлкі үйіретін қарапайым адамдар жүр. Енді соларға да бір сәт назар аударалық.

 

                                                                            Шежіреші қария туралы бірер сөз

Сапар Бердіғожин ақсақал жайлы көп әңгіме айтуға болады. Торғай атырабындағы құйма құлақ, шешіреші, әзіл сөзге тапқыр қарияны көпшілік әркез құрмет тұтады. Қуақы мінезімен елге танымал бұл кісінің ел арасында «Сапекеңнің айтқандары» деген әзіл әңгімелері желдей есіп жүр. Кей әңгімелері атақты Мюнхаузеннің өзін далада қалдырады. Қиялы ұшқыр, қазақы қалжыңы өткір, тапқыр сөзге шешен қарияның бірсыдырғы әңгімелерін желге ұшырмай жинақтап, қағаз бетіне түсіріп отырмын.

                                                                                         

Туғанын білетін адам

«Мен туғанымды білемін. Жамбасым жерге тигенде шар ете қалғаным есімде. Кейін ойлап отырсам елең - алаң шамасында дүниеге келіппін. Көзімді ашып қарасам терезеден түскен сүт - сәуле шегіншектеп барады екен. Аяқ жақта сақинаға таласқан кемпір - сампырлардың дауысы естіледі. Көзімді қайта жұма қойдым. Одан кейінгі оқиғалардың бірі есімде жоқ» депті Сапекең.

                                                                                     

Атқа салмақ салмайтын адам

Ауылдан салт атпен желдіртіп, шоқытып отырып кеңшарға жеткен қалың шоғыр, аттарын суытпақ ниетпен кермеге байлайды. Қонақтарды күтіп алған үй иесі, бусанған аттарға қарап тұрып, мына ат әлі тың ғой деп Сапакеңнің ала атына таңданыпты. Сонда Сапекең жұлып алғандай: - «Мен мінген аттардың бәрі осындай болады. Себебі мен атқа салмақ салмай отырамын» деген екен.

                                                                                               

Киевтің түйе балуаны

«Украйнада службада жүрген кезім. Ауылдан келген сарыауыз қазақтың қара баласының бірімін. Маңайдың бәрі таңсық. Жалындаған жастықтың желігі бойымда тулайды. Бұла күшім бойға сыймай жүргені өз алдына. Тұлғалы, аяқ қолы балғадай жігіттің бірімін. Бізге ол кезде сарының бәрі орыс. Соғыстан кейінгі жылдардағы тәртіп керемет еді ғой. Оның қайсы бірін айтып тауысарсың. Келгеніме алты айдың шамасы болған мезгілде бір қызық оқиға болды. Дүңкиген сиырдың жарты етіндей сержант топ солдаттың ортасында беліне дейін жалаңаштанып алып қарсы келгендерді топырлатып жығып жатыр. Өзіне сенімді неме болса керек, сақ - сақ күліп қоятынын қайтерсің. Топқа түсіп көрмесемде намысым оянып ыза болып мен тұрмын. Әлгінің тұздай көзі бір кезде маған түсіп өзіне шақырмасы бар ма? Әй, мұндай ызам келмес. Ия, «Алла тағала қолдай көр», - деп атып шықтым. Ұстаса кеттік. Байқаймын қарулы, қолы темірдей екен. Еңсеріп барады. Енді болмаса үйіріп соқпақ. Нар тәуекел деп қырқа шалдым. Әлгі неме өкіріп барып құлады. Басынан аттап жүр бердім. Кейін сұрастыра келсем әлгі мен жыққан сержант Киевтің түйе палуаны болып шықты. Апыр – ай, қазір жұрт ауданнан жүлде алса мақтанады. Мен жүрмін ғой Киевтің түйе палуаны болсамда ешкімге тіс жармай» деп қоятын арагідік.

                                                                           

Әйелінің шілдеханасында ән айтқан адам

Сапекең бірде жиналаған көпшілікке: "Мына кемпірім туғанда шілдеханасында ән айтқаным туралы неге сұрамайсыңдар", - деп отырғандарды айран асыр қылыпты.
- «Қалайша», - деп жиналғандар шу ете қалады.
- «Әжелерің менен он жас кіші ғой. Бір күні әкеме еріп жолға шықтым. Он жасар баламын. Күн ұясына қонғанда бір ауылға келіп қондық. Ауылда шілдехана болып жатыр екен. Көлденең көк атты деп бізді жақсы қарсы алды. Сол түні шабытым оянып домбыраны ешкімге бермей таң атқанша ән айтпасым бар ма? Негізі менде көріпкелдік бар. Түбінде өзімнің әйелім болатынын ішкі түйсігім сездірсе керек», - деген екен.

Нағашыбай ҚабылбекНағашыбай Қабылбек
9 жыл бұрын 5226
2 пікір
  • МашаАллаһ!
    Атамызға Аллаһ хидаят нәсіп етсін! Осылай да адамдарды қызық әзілдерімен көңілдендіруі де жақсы-ақ екен. Ақыл болар сөздері мен орынды әзілдерін айта білген көнекөз қарияларымыз аман болсын! Ең бастысы иманды болсын!
    9 жыл бұрын
  • Осындай аталарымыз аман болсын!
    9 жыл бұрын
Блог туралы